Чеховтың Өскеменге қай еңбегі сіңіп еді?
2018 ж. 12 қараша
5542
0
Бүгін әлеуметтік желіде белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Өскемен қаласында бірқатар көшелердің атауы өзгермек деп ономастика бойынша тұрақты комиссия отырысының протокол көшірмесін жариялады. Аталмыш құжатта Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Булавкина, Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының м.а. Бахытжан Сағымқызы мен қалалық сәулет бөлімінің маманы Андреевалардың есімдері тұр.
Әрине, бір қарағанда Кеңестік дәуірден қалған көше атауларын өзгерту оң жұмыс. Алайда, осы шаруаның қалай болса солай атқарылатыны көңілге мұң ұялатады.
Мәселен, Өскемендегі Киров атындағы көше атауы Антон Чехов көшесі деп аталмақ екен. Орыс революционері Сергей Кировтың Өскеменге қатысы жоқ екені рас, бірақ, Чеховтың да қатысы жоқ қой. Антон Павловичтің Өскеменде қай атасының сүйегі қалып еді?!. Қай еңбегі сіңіп еді Тәуелсіз Қазақстанның дамуына?!. Киров пен Чеховтың орнына осы көшеге есімі берілуге лайық қазақ ақыны, жазушысы, батыры жоқ па?
Сол Өскеменде тұрып, сол елдің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан тұлағалар болған. Алаш арысы Райымжан Мәрсековке неге берілмейді бұл көше? Ерекше атап өту керек, Киров көшесі Өскеменнің орталық көшелерінің бірі! Марат Қабанбай, Асқар Егеубай, Дидахмет Әшімхан, Нұрлан Мәукенұлы, Талаптан Ахметжан, Серік Ғабдуллаұлы, Кеңес Юсупов секілді ақын-жазушыларымыз бар. Сол елдің азаматтары.
Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың көше атауларына қатысты айтқан сынын Өскемен әкімдігі естімеген секілді, әлде, Елбасының сөзін елемей ме?!. Астанадағы келелі жиында "Қалаға қатысы жоқ тұлғаларға көше атауын неге бересіңдер?!" деп сын айтқан Мемлекет басшысының ескертпесінен бұл шенеуніктер мақұрым сияқты.
Еске сала кетейік, 2010 жылы белгілі ақын Қазыбек Иса "ӨСКЕМЕН қай елдің қаласы?! 707 атаудың қазақшасы 2 пайыздай ғана…" атты мақала жазып, Өскемен көшелеріне қатысты өткір мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген еді. Кейін "ӨСКЕМЕН КӨШЕЛЕРІН ҚАЗАҚШАЛАЙТЫН КЕЗ ЖЕТТІ!.." деген атаумен ұлт зиялыларының Ашық хаты жарияланған болатын. Хатқа Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Ұлықбек Есдәулет бастаған бір топ зиялы қауым өкілі қол қойған.
qazaquni.kz