ӨСКЕМЕН КӨШЕЛЕРІН ҚАЗАҚШАЛАЙТЫН КЕЗ ЖЕТТІ!.. Ұлт зиялыларының Ашық хаты

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаевқа.

Көшірмесі Өскемен қаласы әкімі Ислам Әбішевке. 

  Не жазса да, шындықты шырқыратып жазатын «Жас қазақ үні» газетіндегі Қазыбек Исаның «Өскемен қай елдің қаласы?! 707 атаудың қазақшасы 2 пайыздай ғана...» (№28 23.07.2010.) атты өткір мақаласы бәріміздің өзегімізді өртеп жүрген мәселені дәл көтеріпті. Және бүгінгі Тәуелсіздігімізге 20 жыл болып отырғанда Қазақстанның қай қаласы болса да, кешірімсіз болып саналатын кемшіліктерді нақты құжаттармен дәлелдей отырып, әсіре әділетсіздікті ащы әшкерелеп беріпті. Бұндай мемлекет мүддесі мен ұлттық намысты масқаралайтын көше аттарына бұдан әрі төзудің мүмкін еместігі өзін тәуелсіз қазақстандықпын деп, елінің патриоты санайтын әрбір азаматқа да түсінікті шығар деп ойлаймыз... Қызыл империя атау­ларына малынып отыр­ған Алтай ор­да­сының ажарын Алаш­тың ақиықтарының аттары кір­гі­зетінін автор әдемі кел­тіре білген. Иә, қала әкімі Ислам Әбішевтың өзі айтып отыр­ғандай, Алаш көсемдерінің, мем­лекет қайраткерлерінің және қазақ әдебиеті мен мәдениеті алыптарының есімдерінсіз Өс­кеменнің өңіне қазақы қан жүгіре ме? Чапаевы мен Щорсынан бастап Шарабариндерге дейін 2-3 көшеден беріліп, Шәкәрімдер атаусыз қалып келуіне кім кінәлі? Қазақ ақыны һәм азаматы ретінде Қазыбек Исаның қабырғасын қайыстырған жайтқа көз жүгіртейік: «...Қаладағы Октябрский, Красина, Ахмирова, Самсоновка, Защита, Прохладная, Аблакетка деп мәнсіз, мағынасыз кете беретін 34 ауданның бір де-біреуі қазақша аталмайды. 672 көшенің қазақшасы оншақты ғана…Әлгі тізімге қарасаңыз, Өскеменді Ресейдің бір шеттегі, әлі кеңес үкіметі кетпеген бір қаласы екен деп ойлап қаласыз. Бірақ, Ресейдің өзінде Өскемендегідей қызыл империялық атаулар жоқ қой қазір… Қанеки, санап жіберейік… Карл Маркс (2 көше), Киров, Куйбышев, Кутузов (3 көше), Куратов (3көше), Суворов, Степан Разин, Ермак, Фрунзе,Чапаев, Жуков, Свердлов, Дзержинский, Калинин, Микоян, Ворошилов, Р.Люксембург, Клара Цеткин, Крупская, Аврора, Коминтерн, Комсомольский, Октябрьский, Революционный, Советский (3 көше), Правда, Питер коммунарлары, Краснознаменный, Краснодонский, Красногвардейский, Краснофлотский, Краснопартизанский деп қып-қызыл болып, ұзақ-сонар шұбап кете береді. Тіпті Ново-Троицкийге дейін бар. Өскеменге Жириновскиий мен Зюгановтар келсе, «бұл жерден орыс империясы кетпеген екен ғой» деп жылап жіберіп, қайтпай қоятыны анық… Қаладағы қаптаған мағы­насыз атаулардан жаңы­лысасыз. Себебі сондай сү­реңсіз атауларды қос-қостан, тіпті, 6-7 рет қоя берген. Мысалы, Өскеменде Центральный деген 7 көше бар, Паровозный атты көше де 7 рет (1-ші Паровозныйдан, 6-шы Паровозныйға дейін және жәй Паровозный) қойылған. Полтавский, Коммунальный, Кривонос, Невский, Арычный, Б.Хмельницкий деген көшелер 4 реттен қайталанған… Ал осындай 12 көше 3 реттен, 31 көше 2 реттен қайталанған. Бәрі орысша, мағынасыз атаулар. Орыс қайраткерлерінің аттары бітіп қалған соң, Кирпичный, Автогаражный, Зеленый, Путевой, Новый, Шоферский, Кашгарский, Токмакский деген секілді көптеген көшелерді алдын 5-6 реттен қоя берген ғой. Ресейдің Волгоград, Владивосток, Новосибир, Хабаровский, Тульский, Омск,  Саратов, Спасск секілді талай қаласы көше аттарына қойылып шыққан. Тек қазақша болмаса болды да… Сонда бұл жерде бұрын қай ұлт болсын, оқыған, озық ойлы зиялылар болмаған ба деген де ойға келесің… «Ау, біз отын оттап, суын ішіп келе жатқан, дарқан даласындай көңілі де кең елдің де кемеңгерлері бар емес пе? Солардың да атын қоймасақ, әсіре әділетсіздік пен әдепсіздік қой» деп, сабаздардың біреуі де айтпаған ба, сонда… Иә, Қазақстанда бәрі бола береді деген осы шығар… Осындай көріністі әлемнің өзге қай елінен елестете аласыз… Атамаңыз… ...Потанинге 2 көше бар да, тіпті орыс офицері болып, Ресей патшасына қызмет етсе де, Шоқанымызға бір де көше бермеген…Спартакқа бар да, Бейбарысқа жоқ…, Кутузов, Суворов, Жуков, тіпті қарақшы Ермактың бір өзіне 2 көше бар да, Бөгембай батырға жоқ… Панфиловке көше берген де, Бауыржан Момышұлына жоқ… Дунаевский секілді бүкіл орыс пен шетел әнші-сазгерлеріне көше бар да, Парижді талантымен таңғалдырған әйгілі Әміреміз ұмыт қалған.. Макаренкоға бар да, Алтынсаринге жоқ… Тіпті, Желтоқсан қырғынын жасаған Колбинге бар да, Қонаевқа жоқ…» Айта берсек, авторды ашын­дырған мысалдар өте көп. Бұларды әрине, біз де көрмей, білмей жүрген жоқпыз. Бірақ, адамына қарап, арызыңды айт дегендей, қазақы қаны бар, ұлттық намысы мен ары бар, рухы биік басшыларды күтіп жүргенде, Шығыс Қазақстан облысына көрнекті қайраткер, ел үмітін арқалаған саңлақ саясаткер, Елбасының сенімді серігі Бердібек Сапарбаев келгенде бір қуансақ, ол кісі Өскемен қаласына руханиятқа қамқор, іскер әкім Ислам Әбішевты тағайындағанда екі қуандық.. Ал олар алғашқы жұ­мыстарын Өскеменде Ұлы Абай ескерткішін тұр­ғы­зудан бастағанда сеніміміз алдамағанға көз жеткізе бастадық. Яғни, мақала дер кезінде жазылып, Қазыбек темірді қызған кезде соғып отыр. Ендеше, нәтижесі де кешеуілдемейтін шығар деп үміттенеміз. Екі-үш жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі авторы болып табылатын, үнемі қадағалап, бақылап отыратын Астана қаласының 800 ден астам көшесі таза қазақыланды. Қаланың тіл басқармасы бастығы Оразкүл Асанғазы жер-жердегі қаламгерлерге хабарласып, қазақ қайраткерлерінің есімдерімен бірге еліміздегі ең маңызды, тарихи, әдемі атауларды жиыстырды. Соның нәтижесінде Астанаға Алаш арыстарының аттарымен қатар, Тұран, Түркістан, Алтай, Сығанақ, Сауран, Сарайшық, Ұлытау, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Шардара, Қызылқұм секілді тарихи атаулар да ажар кіргізді. Неге енді Астанадан үлгі алмасқа... Ақорданың алдындағы Бәйтеректің көшірмесі Алтай ордасына ажар сыйлап тұрғанда, көшелердің де көркем-идеологиялық бояуларын көркейте түсу керек қой. Шешім шығаратын облыстық, қалалық мәслихатқа кім көрінген кіріп кетпеген шығар... Тәуелсіз мемлекеттің жүргізіп отырған сындарлы саясатын түсініп, қолдайтындар аз емес деп үміттенеміз. Биліктегі «Нұр Отан» партиясы өзінің ықпалын осындай патриоттық сезімді оятатын игілікті істерде көрсетсін. Иә, автор айтқандай, Абай келген Өскеменде Махамбет атындағы көше болса, келісіп кетпей ме? Абылай хан мен дарабоз Қабанбай батырға және үш кемеңгеріміз Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге ескерткіш тұрғызылып, ел қорғаған ерлеріміз Алатау батырға, Бөгембай, Наурызбай, Райымбек, Көкжал барақ батырларға көше берілуі керек дейміз.    Әдебиетіміздің алыптары Сұлтанмахмұт, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Ғабит, Ғабидендер бастаған қаламгерлерге,  Ақан сері, Біржан сал, Құрманғазы, Күләш Байсейітова, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмір­зақов, Құрманбек Жандарбеков, Шәмші Қалдаяқов, Шәкен Айманов, Әбілхан Қас­теев, Хакімжан Наурызбаев, Нұрғиса Тілендиевтерге, Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұ­мабаев­тарға, көрнекті мемлекет қайраткерлері Сұлтанбек Қо­жанов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Смағұл Сәдуа­қасов, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедовтерге, одан бергі Темірбек Жүргенов, Жұмабек Тәшенов пен Жұмабек Шаяхметовке, Нұртас Оңдасыновқа, биыл 100 жылдықтары аталатын Төлеген Тәжібаев пен Бауыржан Момышұлына көше аттары берілуі заңдылық емес пе? Өскеменде Оралхан Бө­кейге көше барын шынында да, білмейді екенбіз. Алтай ақиығының атын неге орталық көшелерге бермеске? Халықаралық Андерсон атындағы сыйлықтың Орта Азиядағы жалғыз лауреаты, көрнекті жазушы Марат Қабанбайға, дарынымен де, қарымымен де қазақ әдебиетінің поэзия, сын, аударма салаларында ерекше өнімді еңбек еткен Асқар Егеубайға, жазушы-драматург, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, талай жыл Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы орынбасары болған Талаптан Ахметжанға да өздері өсіп-өнген өңірінің орталығы Өскеменнен көше берілуі тиіс деп ойлаймыз. Қазақтың көрнекті ақыны, алғашқы демократиялық басылым «Жас қазақ» газетінің бас редакторы болып істеп, руханиятқа елеулі еңбек сіңірген Нұрлан Мәукенұлы да тірі болса, биыл 50-ге келер еді... Шығыстың шырайын жырлап өткен шайырға Шығыс Қазақстан облысы ор­талығынан көше беріліп жатса, 50 жылдығындағы елеулі істің басы болмай ма?  Жалпы,  кеше ғана  Өскеменде қазақ драма театрын ашып, қарқын бере бастағанда, отызға да толмай өмірден өткен Рүстем Есдәулетке дейін Шығыс таланттарға кенде емес... Қорыта айтқанда, Өскемен қаласы көшелерін қазақша­лай­тын кез жетті. Ендігі іс - ел сенген ерлерімізде. Ерлеріміздің бұдан гөрі батыл болатын  уақыты өтіп барады. «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» дейді қазақ да­налығы. Өскемендегі, жалпы еліміздің теріскейіндегі қай қаладағы болсын қалың орыстың басшыларының, ал «саяси ауа-райды» жасайтындар солар екені даусыз, бәрі бірдей арсыз емес шығар, тек жеріне жеткізе, ашығын айта білу, уәжге жығу, ұялту, қызарту қажет болар...   Қадыр МЫРЗА ӘЛІ, акын, Қазақстанның халық жазушысы,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Асанәлі   ӘШІМҰЛЫ,  КСРО  Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қалихан ЫСҚАҚ,  жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қабдеш ЖҰМӘДІЛОВ, Қазақстанның халық жазушысы,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,  Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мұхтар ШАХАНОВ, ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Әшірбек СЫҒАЙ, театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Зәкір АСАБАЙ, жазушы, Ибрагим ИСАЕВ, ақын, Дидахмет ӘШІМЖАН, жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Есенғали РАУШАНОВ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын,  Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын, Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМ, ақын, Секен ТҰРЫСБЕК, күйші-композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ, ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Бауыржан ҚАРАБЕК, ақын, Асқар АЛТАЙ, жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Нұрлан ӘБДІБЕК, ақын-тележурналист, Аманғазы КӘРІПЖАН, ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қойшыбай ЕСЕНТАЙ, «Ел», «Республика» газеттерінің бас директоры, Темірғали КӨПБАЕВ, ақын, «Қазығұрт» баспасының бас директоры, Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторы, Жәди ШӘКЕН, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ, «Ұлы Дала» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыру комитетінің төрағасы qazaquni.kz   https://www.qazaquni.kz/2010/07/23/2883.html