Өскемен әкімдігіне қазақ тілді газет керек емес пе?!.
2018 ж. 27 қыркүйек
4578
0
Өскемен қаласындағы "Дидар" газетінің тілшісі қала әкімдігі журналистті жиынға кіргізбей, шектеу қойды деп айыптады. Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
- Осымен екінші рет. Бір рет болса үндемей-ақ қояр едік қой... Айтайын дегенім, Өскемен қалалық әкімдігіндегі мемлекеттік қызметшілердің біртүрлі қылығы. Осымен екінші рет біздің басылымның (облыстық «Дидар») тілшісі қалалық әкімдікке бармастай болып келді.
Өткен жолы шаһар басшысы қаланы аралағанда өзге әріптестеріміздің бәрі болып, жалғыз біздің газет тілшісін тастап кеткен еді. Дұрысы, жұмыс сапары уақытының өзгергенін барлық БАҚ өкілдеріне алдын ала хабарлап ескерткен ішкі саясат бөлімінің мамандары біздің редакцияның телефон нөмірін ұмытып қалды ма, жоқ әлде қоңырау соғуға қолы тимеді ме, әйтеуір бір себеппен шет қалған едік. Дәл сондай келеңсіздік бүгін тағы қайталанды. Қыркүйектің 27-і күні сағат 17.00-де Өскемен қалалық әкімдігінде өткен құқықбұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет туралы ведомствоаралық комиссияның отырысына қалалық ішкі саясат бөлімі арнайы қағаз (ресми түрде шақырған хаты қолымызда) жіберіп шақырып алып, тілшімізді босағадан кері қайтарды. Ал бір шаңырақтың астында қанаттаса қызмет етіп келе жатқан «Рудный Алтай» газетінің тілшісі емен есіктен еш кедергісіз кіріп кете барған. Бұл жағдайды телефон арқылы түсіндіруге тырысқан ішкі саясат бөлімінің қызметкері Ж.Серікова: «Біз бұл жиналысқа «Дидар» газетін шақырған жоқпыз. Тек «Рудный Алтайдың» журналисті болса жеткілікті. Кешіріңіз, сіздің газеттің тілшісі жиынға қатыса алмайды» - деп қысқа қайырды. Түкке түсінбей біз қалдық. Сонда деймін-ау, қалалық әкімдікке қазақ басылымының қажеті (қадірі) болмағаны ма? Әлде мұның басқа бір себебі бар ма?.. - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында журналист Серік Әбілхан.
Осы орайда Қазақстан Республикасының Бұқаралық ақпарат туралы Заңының 2-бабынан үзінді келтіре кетсек дейміз:
1. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi.
2. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Біз Өскемен қаласының жаңадан келген әкімі Жақсылық Омарға осы фактілер бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп, журналистердің жазғаны расталса, қазақ тілді БАҚ-қа шектеу қойған шенеуніктерге шара қолдануды сұраймыз.
qazaquni.kz