Қазақ тілінде қызмет көрсетпеген кондукторлар жауапқа тартылды

Павлодар қаласының трамвай басқармасы және №1 автопарктің басшыларымен ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталмауына байланысты кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасы мониторинг және талдау бөлімінің  маманы Самат Құшмағұлов мәлім етті.

«Биылғы жылы тұрғындар тарапынан кондукторлардың мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеуіне қатысты бірнеше шағым түскен болатын. Осыған байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен қызметтік тергеу жүргізіліп, ескерту немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту түрінде шара қолданылды. Бұл  жолы қалалық  автобус паркі мен трамвай басқармасының 30 кондукторының басын қосып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.  Өңірлік ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Светлана  Гладышева қатысып, ұлтаралық сыйластық пен татулықты сақтау туралы айтып өтті», - дейді Самат Құшмағұлов.

Кездесу барысында ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуы және қоғамдық көліктердегі көрнекі ақпараттардың сауатты орналасуы, халыққа қызмет көрсету үрдісінде мемлекеттiк тiлдi қолданудың мәртебесiн асыру, сапалы қызмет көрсету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға сөздіктер мен басқа да оқу-әдістемелік құралдар табыс етілді.