БІЗГЕ ДИПЛОМДЫ ЖАСТАР ЕМЕС, БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАНДАР КЕРЕК
2018 ж. 29 маусым
5264
2
(Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту туралы заңға қатысты Сенат отырысында сөйлеген сөзі)
Біріншіден, ащы болса да айтуымыз керек, білім мен ғылым саласында бірізді жүйелік бағыттың болмауы осы саланы басқарудағы Халықаралық стандарттарға сілтеме жасау арқылы толассыз өзгерістер мен реформалар жасау, бағдарламалар қабылдап ақша бөлдіру алға шықты. Сонымен бірге алда жасалатын реформаларда не қамтылады, жасалып жатқан реформалардың нәтижесі қандай, қандай жетістікке жеттік, қандай олқылықтарымыз бар деген жан-жақты зерттеу сараптамасы жоқ. Бізде білім мен ғылымға дүкенде жатқан тауар ретінде қарау пиғылы басым. ЖОО-ның, оның ішінде ұлттық мәртебесі бар университеттерде еңбек ететін 100-150 мың теңге айлық жалақы алатын ғалымдардан қандай сапалы білім мен ғылымды дамытуды талап етуге болады. Екіншіден, жоғары білімі бар мамандарға деген сұраныс есепке алынбай кадрлар есепсіз дайындалуда. Мысалы, соңғы 17 жылдың ішінде 2 млн.-нан астам жастар ЖОО бітіріп шықты. Бұл әр жыл сайын 130 мың адам жоғары білім алып шығады деген сөз. Мәліметтерге сүйенсек бұлардың 30-% ғана өз мамандықтары бойынша жұмысқа тұрады екен. «Ақшаңды төле де, оқи бер» принципімен қабілет, біліміне қарамай жаппай білім беру етек алғалы, жастарымыздың дені қаржы шығындап, 4-5 жыл уақыттарын жұмсап алған дипломдары қажет болмай қалуда. Яғни біз жыл сайын мемлекет пен ата-аналардың қаражаттары есебінен қазіргі нарық қажет етпейтін он мыңдаған жоғары білімді мамандарды даярлап, жұмыссыздар санын қолдап көбейтіп отырмыз. Бұл еліміздегі ЖОО-ы өздерінің өңірлеріне қажетті мамандарды назарға алмайтындығын көрсетеді. Осы жерде сұрақ туындайды: бізге бәсекеге қабілетті жоғары білімді мамандар керек пе, әлде әйтеуір жоғары білімі бар екенін растайтын дипломы бар жастар керек пе? Министрлік осы мәселені енді нақты анықтап алуы тиіс. Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және әлеуметтік даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, келешекте әр түрлі сала бойынша жоғары білімді қанша маман керек екендігін алдын ала болжап, сұранысқа орай мамандар даярлауды ретке келтіру керек деп есептеймін. Үшіншіден, көптеген ЖОО-ң материалдық-техникалық базалары өте төмен, бұрынғы ескірген біліми-ғылыми әдістемелік база жағдайында өмір сүріп отыр. Сондықтан да, еліміздегі коммерциялық ЖОО-ның көпшілігі сапалы білім бере алмай, тек қаржы жинау құралына айналып отырғаны шындық. Мысалы, білім деңгейі төмен, ешқандай дайындығы жоқ талапкерлер ҰБТ-дан төмен балл алғанымен, олар ЖОО-ның шығармашылық мамандықтарына жаппай қабылданып, бір семестрден кейін өзге мамандықтарға ауысып кетіп жатады. Мұндай заң бұзушылықтар еліміздегі көптеген ЖОО-да жаппай сипат алып бара жатыр Бұдан бұрында біз бірнеше рет бұл мәселені көтергенбіз. Өкінішке орай, министрлік тарапынан мұндай келеңсіздікті тоқтататын құқықтық нормативтік актілер осы кезге дейін қабылданған жоқ. Елбасымыз жуырда ғана ЖОО-ғы сын көтермейтін жағдайды шұғыл өзгертуді, әсіресе сапасыз білім беретін оқу орындарының санын қысқарту туралы берген тапсырмасына министрлік құлықсыздық танытып отырған сияқты. Салыстырмалы түрде қарасақ 1991 жылы Қазақстанда небары 55 ЖОО-ы, оның ішінде бар болғаны екі университет жұмыс істеп, ел экономикасының барлық салаларын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етсе, қазір ЖОО-ның саны 131-ге жетіп, олардың 82-і университет мәртебесіне ие болып отыр. Классикалық формадағы университетке сай келмейтіндерді университет мәртебесінен айырып, профильдік бағыттағы институт не академия статусына түсіру тетіктерін жасау керек. Біз ЖОО-ры саны бойынша әлемде алдыңғы орынға шыққанымызбен, өкінішке орай онда беріліп жатқан білімнің сапасы сын көтермейді. Дүниежүзі университеттерінің рейтингісін жариялау орталығының мәліметі бойынша еліміздегі бірде-бір ЖОО-ы әлемнің ең үздік 1000 университетінің қатарына кірмегені осыған дәлел болса керек. Демек, мәселе оқу орындарының санында емес, ең алдымен оның деңгейі мен сапасы биік халықаралық талапқа сай болып, оның дипломы дүниежүзінде мойындалып бәсекеге қабілетті болуында. Әлемде жоғары білім – жалпы білім, ғылым және мәдениеттің тоғысқан жері. Жоғары білім кәсіби машықтану алаңы. Демек, білім сапасы өмір сапасының негізі деген ұстанымға министрлік көп жұмыс жасауы керек.qazaquni.kz