ЕКІ ТҮЙЕ СҮЙКЕНСЕ..

2667
6
Бөлісу:

Түрік пен орыстың текетіресінің ақы­ры апатқа алып келе жатқан секілді…

putin_erdogan_dumat_reg-1-big

Бәрі осыдан бір жарым жыл бұрын орыстың украин жері Қырымды зорлықпен басып алуынан басталды. Ал, алты ай алдында орыстар Сирия дауына кірісіп, елдің қазіргі басшысы Асадтың жауларына ауадан бомбыны қарша жаудырды…

Орыстың Сирияның ішкі істеріне кіріспеу керектігін Америка мен бүкіл батыс елдері және лаңкестік жаулаған елмен шекаралас Түркия да ескерткен болатын. Ол-ол ма, орыстың әскери ұшақтары «Сириядағы лаңкестерді бомбалап жатырмыз» деген сылтаумен Түркияның әуе кеңістігіне бірнеше мәрте заңсыз кіріп, халықаралық келісімдерді өрескіл бұза берді. Жұрттың бәрінің есінде шығар, Түркия басшысы мұндай жауапсыздықтың соңы жақсылыққа апармайтындығын, керек кезінде өз елінің аумағын қор­ға­ған Түркияның кезкелген шекара бұз­ған ұшақты атып түсіретіндігін қай­та-қайта мәлімдеген еді. Бірақ, ор­ыстар бұған құлақ аспады. Ақыры, отпен ойнаған Ресей дегеніне жетті: ор­ыстың шошаңдаған әскери ұшағы Түр­кия аймағына бұзып кіріп, 5 минут бо­йы ескертуге пысқырмай, атылып түсті…

Әрине, енді есін жиған орыстар: «Біздің ұшақ Сирияның аумағында ұшып жүрген болатын» – деп, өзеуреп шыға келді. Осыдан бір жарым жыл орыс әскері Қырым мен Донбассқа әдейі басып кіргенде, Ресей басшылығы «Олар орыстар емес, жасыл киім киген басқапланеталықтар» деген ертегі соққан…

Қашанғыдай өздерінің қателігін мойындауға жігері жетпеген Ресей басшысы шұғыл қимылдар жасап, Түркия тауарларының елге кіруіне тиым салып, Түркия теңіздеріне баруды доғарып, орыс жеріндегі түрік кәсіпкерлерін қысымға алуға кірісті. Екі ел арасындағы визасыз қарым-қатынасты тоқтатты.

Тіпті, ресми орыс билігі түркі халық­та­рының ынтымақтастық ұйымы «ТЮРК­СОЙ»-дың орыс жерінде жұ­мыс істеуіне шектеу қойды. Негізі, ТЮРК­СОЙ дегеніміз – жалғыз Түркия емес, ол – Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және орыс жеріндегі татарлар мен башқұрттар, күллі сібір қалықтары…

Жалпы, түркі бірлігінің басты идея­ла­рының бастамашысы – Қазақстан.

«Түркінің – түркіден басқа досы жоқ» – деп мәлімдеген қазақ жұртының басшысы түркі әлемін әрдайым бірлік пен ынтымаққа шақырып келеді. Яғни, алысты болжап, жақынды таныған Елбасымыздың жүрекжарды сөзі «ырым үшін» ғана айтылған уәж емес, сұңғыла саясаткерліктің белгісі. Басқаша айтқанда, ТҮРКСОЙ дегеніміз – Нұрсұлтан Назарбаев!

ТҮРКСОЙ – саяси құрылым емес, түркі халықтарының мәдени саладағы ынтымақтастық ұйымы. Сондықтан, орыстың қай министр-шенеунігі де татарлар мен башқұрттарға, сібірдің түркітілдес халықтарына өз қандастарымен жершарының қай жерінде тұрса да мәдени байланыстар жасауға тиым сала алмайды. Орыс билігі – басқа ұлтттардың тегі мен тіліне, діні мен мәдениетіне құрметпен қарауды үйренуі керек. Өкінішке қарай, орыс қоғамында түрікке қарсы ұрандар күн санап, жиі естіле бастады…

Осы күндері Парижде бас қос­қан 143 елдің басшылары планетамыз­дағы ауа-райының ауытқуы жағдайла­рын талқылауда. Дегенмен, халқының басым бөлігі тек қазақ пен орыс тілде­рін меңгерген қазақстандықтарға тағы да орыс тіліндегі жалған ақпараттар ғана жетуде. Біздіңше, қазіргі қазақ билігі, ең алдымен, осынау орыс тілінде ғана берілетін ақпараттық зорлықпен мықтап күресуі керек. Орысша ақпарларға сүйенсек, Түркия басшысы Реджеп Ердоған Парижге тек Ресей президенті В.Путинмен кездесуді армандап қана келген сияқты: орыс журналистері бірде: «Ердоған басқа елдердің басшыларын қабылдап жатқан Путиннің бөлмесінің алдын қарауылдап жүр»десе, келесіде: «Дәретхана дәлізінде қолын ұзағырақ кептірген Ердоған бәрібір Путинді кездестіре алмай, қапыда қалды» деп соғады… Әрине, мұның бәрі империялық сырқатқа ұшыраған орыстың ортақол журналистерінің сандырағы ғана…

Шын мәнісінде, күні кеше әскери ұшағы Израильдің Голан шыңдарына кіріп тағы да шекара бұзғанда: «Біздің ұшқышымыз шекара бұзғанын байқа­май қалды, қателесті» – деген орыс билігін орнына қоятын кез жетті…

Қазір Сирияға орыстар С-400 қа­ру-жарақтарын жеткізсе, түріктер сол­түстік шекара маңына әскери ұш­ақтары мен танкілер әкелді. Ең қауіптісі, ядролық соғыс оты тұ­тан­са, НАТО-ның аса қуатты әс­ке­ри серіктестері қазақтың топырағын­да­ғы орыстың жалға алған әскери поли­гондарында орналасқан баллистика­лық ракеталар мен радиолокация жү­йе­лерін көздеп атуы әбден ықтимал?!. Атамыз қазақ: «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» дейді. Әркімнің шыбын жаны өзіне олжа, көктүріктің қайсар ұрпағының қаһары ешкімнен кемшін түспесе де, есердің езгісін көріп, кикілжіңнің құрбаны болмауымыз керек…

Сондықтан, түрік-орыс байланыс­тары­ның түйінін, сірә, қазақ Ел­ба­­сының араласып, бейбіт шешу­ге күш салғаны дұрыс сияқты. Қаз­ақ президентінің беделі Анкара мен Мәскеудің алдында зор. Ең ма­ңыз­ды­сы, келісім жолымен өкпе-назды доғару керек. Сонымен қатар, қазаққа өз топырағындағы жат қарулардан құтылудың жолдары мен әдістерін табу керек. Адамзат тарихындағы бірде-бір соғыс – адам өмірінен қым­бат емес.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 6 пікір жазылған

  1. Сүгірбай 8 Желтоқсан, 2015 23:40 Жауап

    Жалпы алғанда бүкілəлемдік нарықтағы дағдарыстыда жасап жатқан орыстар.БҰҰ алдында неге олардан жауап алып соттамасқа.ел тыныштығы мен геосаяст ахуалды ушықтырғаны үшін.алдын алмаса ертеңмкеш болары анық

  2. Дария 9 Желтоқсан, 2015 10:45 Жауап

    түркі бірлігінің басты идея­ла­рының бастамашысы – Қазақстан деп дұрыс айтыпты, расында бейбіт елде өмір сүргенге не жетсін, соғыс адам өмірінен қымбат емес екені рас. Елбасының сарабдал саясатынасенемін!

  3. Маржан 9 Желтоқсан, 2015 13:10 Жауап

    Қаалй келседі біздің шаруа емес қой тағы. Бастысы кісі өлімі, қырғын болмауы керек. Осы ҚР аумағына сондай қатерлі нысандардың керегі жоқ. Қит етсе сондай нысанның бірін атса індеті әп сәтте ауаны, жерді, күллі елді ірітіп құртады.Бассыз қырсықтар.Соншама дипломат бар бассыз бірақ.Жындыхана.

  4. Ә.Тәшім 9 Желтоқсан, 2015 13:42 Жауап

    Түрік туысымыз, орыс көршіміз. Екеуінің ымыраға келгені жақсы.Расында ек түйе сүйкеніп, арасында шыбын өледінің кері келмесін.

  5. Қазақ 10 Желтоқсан, 2015 22:35 Жауап

    Құрметті Қазақ үні, Қажымұқан. Материалдарыңыз біржақты. Байбалам. Журналисттік тепе теңдік жоқ. Елді дүрліктірмей сабырлы болыңыздар. Əскери база қай елде жоқ. Оның да өз есебі бар. Мен орыстардан болыспаймын, бірақ терроризммен күресті жүргізіп жатқандары дұрыс. Түріктерді де періште дей алмайм. Терроршылардан мұнай сатып алып, емдеп, шекарадан өткізіп т.б. қолдау жасап отыр. Оны өздері білер. Бұл геосаясат қой. Қазақ елі бұл тұста бір жақтан болыспай, өзінің позициясын ұстау қажет. Егер, осы тұрғыда бейтарап пікірге құрылған тұщымды материал берсеңіз қуанар едік. Түркияның тəуелсіздігімізді алғашқылардың қатарында мойындағанына рахмет. Бірақ бұл пантүркизмге себеп болмауы керек. Рахмет.

Пікір немесе жауап жазу

13 + жеті =