АЛАШ – ҚАЗАҚТЫҢ БІР АТЫ
2015 ж. 05 тамыз
9906
5
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Біз кезекті сұхбатқа Мәмбет Қойгелдіні шақырдық. Басқаның бәрін жиып қойғанның өзінде, алда Алаш қозғалысының 100 жылдығы келе жатыр. Өткенімізге есеп беріп, кем-кетігімізді түзейтін кез. ХХ ғасырдың өн бойындағы бірнеше ірі тарихи оқиғаның шындығы да күні бүгінге дейін бүркемеленіп келеді. Оның да жай-жапсарын сұрадық. Көп мәселенің түйіні өз-өзінен шешілгендей әсер алдық. Сіз де өз төрелігіңізді айтыңыз, қадірлі оқырман! – Мәмбет аға, өзіңіз зерттеп жүрген «Алаш» қозғалысы өзінен бұрынғыға да, кейінгіге де ұқсамайтын үлкен саяси күш болғаны белгілі. Қазақ интеллигенциясының тұтас бір шоғыры десек те болады. Қазақ ұлтын азат етуді арман еткен, мұрат тұтқан шоғыр. Тәуелсіздік алып, олардың арман-мұратына қол жеткіздік десек те, көкейде бір күмән тұрады. Осы біз Алаш Арыстары армандаған азат қоғамның мазмұнын жоғалтып алған жоқпыз ба? Әсіресе, оқу-білім, ағарту саласында алаштықтар армандаған мақсат-мұраттардан ауытқып кеткен жоқпыз ба? – Алаш қозғалысына бір ғасырдай уақыт толып отыр. Яғни, кем дегенде төрт буын ауысты деген сөз. Ал бұл аз нәрсе емес. Алдымен қозғалыс неліктен «Алаш» атанғанына тоқталсақ. Өйткені, мұның қойылған сауалға тікелей қатысы бар. «Алаш» деген сөз «ұлт, қазақ ұлты» деген ұғымды береді. Енді ғана ұлт ретінде қалыптаса бастаған ел өзін Алаш атаған. Мұндай жағдай басқа елдердің де тарихында кездеседі. Мәселен, немістер өздерін «дойче» дейді. Ал көрші славян халықтары оларды немістер дейді. Сол сияқты қазақ халқының да екі аты болған. Бастапқы аты – Алаш. Көршілері қазақ деп атаған. Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и-рашиди» еңбегінде осы жағдайға тоқталған. «Қазақ деген халықты Жәнібек пен Керей Әбілқайырдың ұлысынан бөліп алып, Шудың бойына келген уақытта сол жерде біраз өз бетінше еркін жүрген. Сол уақытта көрші халықтар оларды қазақ деп атаған» деп жазады. «Қазақ» деген сөздің өзінің ұғымы – еркін, еркіндік. Соған байланысты «қазақылық» деген ұғым пайда болған. Бұл термин туралы да Мұхаммед Хайдар Дулати жазған. Қазақылықтың түп мәні «еркін, басы бос қоғам» дегенге келеді. Кейін бұл сөзді «қазақ» деген ұғым ығыстырғанын байқаймыз. XVI ғасырдың соңы – XVII ғасырдың басында Қадырғали бек Қосымұлы өзінің еңбегінде қазақ атауын пайдаланбайды. Ол кісі Алаш атауын пайдаланады. Яғни, қазақтың өзінің ішінде қабылданған атауды пайдаланады. Ал Мұхаммед Хайдар Дулати, керісінше, қазақ ұғымына тоқтайды, соны қолданады. Қазақ хандығы, қазақ қоғамы деп жазады. Тарихта осындай да қызықты жайттар бар. 1917 жылы Әлихан Бөкейханов «Алаш» партиясын құрар алдында «Қазақ» газетіне мақала жазады. «Алаш сөзі қандай ұғым-түсінікті береді, осыған жауап бере алатын азамат бар ма екен?» деп сауал тастайды. Көп ұзамай, Халел Досмұхамедұлы ол сауалға жауап берген. Халекең Алаш атауын бізге қатысты көрші халықтар, соның ішінде қалмақтар пайдаланған дегенге келтіреді. Ол кісінің айтуынша, Алаш ұғымы «қатігез» деген мағынаны береді. Әрине, бұл пікірді Алаш ұғымының мазмұнын толықтай ашып тұр деуге болмайды. Бірақ, осындай да пікір айтылғанын біле жүрген жөн. 1917 жылдың шілдесінде Орынборда өткен І жалпықазақ съезінде Әлихан Бөкейханов баяндама жасап, «Алаш» партиясын құру туралы ұсынысын айтқан. Жалпыұлттық саяси партия уақыттың сұранысы дей келіп, партияның қажеттігіне негіздеме берген. Қазақты ортақ идеяның төңірегіне жинап, ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін саяси партия керек деп түйіндеген. Қазіргі қалыптасқан жағдайда партиясыз тығырықтан шыға алмаймыз дегенге келтірген. Бірақ, ол съезде партияның аты қойылмаған. Күзге қарай бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау науқаны жақындап қалған уақытта тез арада партияны құрып, депутаттықтан үміткерлерді ұсыну қажет болды. Соған байланысты күзге қарай партияны тез арада ұйымдық тұрғыдан құру жұмысы басталып кетеді де, Бөкейханов партияның атын «Алаш» деп атауды ұсынады. Бір ғажабы, ешкім қарсы болмайды. Сол заманның зиялылары «Алаш» атауын бірауыздан қабылдап, «орынды, сәтті атау» деп бағалайды. Біздің қоғамда бір қызық жағдай бар. Советтік билік тұсында біз орысша ойлайтын болдық. Өзіміздің тарихымызға да орыстың көзқарасымен қарайтын болдық. Өз өміріміздегі ірі тарихи құбылыстарға орыстың ұстанымы тұрғысынан баға беретін әдет пайда болды. Бұл – тоталитарлық жүйенің, коммунистік идеологияның соншалық терең із қалдырғанының көрінісі. Халықты рухани жойылуға жақын қалдырған сол процестен әлі шыға алмай отырмыз. Ол «Алаш» партиясына деген көзқарастың әлі де болса терең орныға қоймағандығынан да көрініп қалады. Мұны, әсіресе, басқарушы элитаға қаратып айтқан болар едім. Басқарушы элита Алаш идеясын толық қабылдады деп айта алмаймын. «Алаш» идеясын қабылдау үшін оны алдымен түсіну керек. Бойға сіңіру керек. Ұлтыңның болмысы ретінде ұғынып, сол ұлтыңа қажет идея ретінде қабылдауың керек. Қабылдау деген – соның кейбір озық ұстанымдарын басшылыққа алу деген сөз. Мен осы ұстанымды басқарушы элитаның әрекетінен байқамаймын. Байқалмайды. Бұл – біздің осы уақытқа дейін орыстық ойлаудан арыла алмай келе жатқанымызды көрсетеді. Әрине, тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет құру, оны баянды ету тұрғысында жасалған жұмыстарды мойындаймын. Бірақ, олардың негізінде ұлттық мүддеге, оның өркен жаюына, тарихи шындыққа айналуына қажет жұмыстар атқарылды деп айту қиын. Алайда, ол атқарылуы тиіс. Онсыз тәуелсіз ел ретінде болашағымыз болмайды. Ұлттық бірегейлік деген ұғым бар. Міне, осы ұлттық бірегейлік болмаса, мұратқа жету қиын. Осы арада бір мысал келтірелік. Атақты Кир патша – Иран патшасы бүкіл Азияны бағындырған. Сол Кир бәрін жеңіп, еліне оралған уақытта ақсақалдар қарсы алыпты. Арқа-жарқа әңгімеден кейін ақсақалдардан бұйымтай сұрайды. Сонда үлкендер жағы өтініш айтады. «Үлкен жеңістерге жеттің, парсылардың атағын шығардың. Мәртебесін ұлықтадың. Біз оған ризамыз. Бірақ, біздің өтінішіміз бар. Біздің жеріміздің біраз бөлігі құм, тас. Егіншілікке, шаруашылыққа онша қолайлы емес. Бізге өмір сүру жеңілге соғып тұрған жоқ. Нанымызды тауып жеу үшін көп еңбектенуіміз керек. Осыншама жерді, елді алдың. Енді бізді, парсыларды бір дұрыстау өлкеге көшіріп апарсайшы. Біз де берекелі өмір сүрейік», – дейді. Сонда Кир ойланып отырып қалған екен. Біраздан кейін ғана жауап беріпті: «Мүмкін сендердің өтініштерің дұрыс та шығар. Бірақ, оны орындау мүмкін емес. Өйткені, туған жерді адамға Алла береді. Осы жерде туып, өніп-өскен халық туған жеріне тартып өседі. Мінезі, табиғаты, болмысы туған жеріне ұқсап кетеді, туған жері мен халық бірігіп кетеді. Бір жерде тамыр жайған ағаштың екінші жерде тамыр жаюы қиындау ғой. Халық та сол сияқты. Сендер, парсылар, осы жерде өндіңдер, өстіңдер. Басқа жерде өмір сүре алмайсыңдар. Басқа керемет жерге көшіріп апарсам, сендер ел ретінде, халық ретінде, мәдениет ретінде жойылып кетулерің мүмкін. Сондықтан, тілектеріңді орындай алмаймын», – деп жауап береді. Мұның астарында терең ой жатыр. Біздің қазақ қоғамы да сол сияқты. Ұлттық бірегейлігімізді әйтеуір осы күнге дейін сақтап, жеткіздік. Патшалық билік те, советтік билік те біздің бірегейлігімізге үлкен шабуылдар жасады. Бірегейлікті ыдыратуға, жоюға көп әрекет етті. Одан айырылған халық ұлт болудан қалады. Басқа ұлттың құрамына араласып, сіңіп кетеді. «Берегейлігі, ұлттық намысы жоқ халық көң сияқты» деген бір философтың сөзі бар. Дұрыс айтады. Яғни, ондай халық топырақты тыңайтқан секілді басқа ұлттардың өсіп-дамуына қызмет жасауы мүмкін, ал өзіне қызмет жасай алмайды дегенге келтіреді. Бұл сөз қазір де өзекті. – Сіздің басқарушы элита туралы пікіріңізден бір сұрақ туып отыр. Алашорда үкіметінің мүшелері шетінен білімді, кәсіби деңгейлері де жоғары, зиялы болғаны белгілі. Бүгінгідей барлық жағдай жасалып отырған елдегі тәуелсіз Қазақ Үкіметі мен Алашорда үкіметін салыстыратын болсақ, қандай байланыс табуға болады? Қандай айырмашылықтар бар? – Қазір қалыптасып, аяққа тұрып келе жатқан мемлекеттігіміз бен Алаш зиялылары құрған үкіметтің арасында байланыс жоқ деп айта алмаймыз. Байланыс бар. Құдайға шүкір, сабақтастық та бар. Өйткені, қазақ деген ел бар. Оның рухани әлемі бар. Қазақтар билікте де отыр. Қазақтың әнін сүйетін, әдебиетін қастерлейтін, тарихын қадірлейтін бірлі-жарым болсын азаматтар билікте бар. Яғни, сабақтастық жоқ дей алмаймыз. Бар екені сөзсіз. Соңғы жиырма жыл ішінде Алаш зиялыларының еңбектері түгелдей дерлік жарық көрді. Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Шоқайдың көптомдығы, Халел Досмұхамедовтің еңбектері жарық көрді. Құдайға шүкір, олардың мұрасымен халық таныс. Әсіресе, «Мәдени мұра» аясында біраз шаруа атқарылды. Бұның барлығы басқарушы элитаның осы процесті қолдайтынын көрсетеді. Бірақ, атқаратын жұмыс әлі көп. Алаш идеясы әлі де болса кең таралып отырған жоқ. Алаштық азаматтардың ұлтқа, мемлекеттілікке, экономикаға, рухани әлемге қатысты кейбір ұстанымдарын тереңдеп оқыту жағы әлі де болса кемшін. Оқу процесіне енгізу, тәрбие жұмысында пайдалану жағынан олқы түсіп жатырмыз. Мұны ғалымдардың да кінәсі деп түсінген жөн. Асылы, Алаш идеясын насихаттап, халыққа жеткізуде билік пен ғылымның арасында өзара үйлесімділік болуы керек. Ғалымдар, зиялы қауым түрлі ғылыми жобалар жасап, соларды билікке ұсынып, өткізіп, орындауда әлі де болса табандылық көрсете алмай отыр ғой деп ойлаймын. – Сіз тарих туралы сөз болғанда, ең алдымен, ұлт-азаттық қозғалыс, Алаш қозғалысы және Тәуелсіздік үшін күрес сөз болуы керек екенін айтасыз. Әрісін айтпағанда, 1932-33 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы репрессия, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы тарихи шындықты толық ашу үшін не керек? Не кедергі? – Соңғы жылдары «Мәдени мұра» деген бағдарлама жүзеге асты. Оған қомақты қаржы жұмсалды. Түркияның жергілікті ғалымдарымен кездескенімде осы бағдарламаға мемлекет тарапынан 6 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінгенін айтып едім, бәрі қайран қалды. Расында да, өте тамаша шара. Әсіресе, тарих үшін, ғылымның басқа да гуманитарлық салалары үшін өте пайдалы шара болды. Ал бағдарлама аясында атқарылған жұмыстың нәтижелерін халыққа, қоғамға жеткізу ісіне келгенде ұтқанымыз атқарылған жұмысқа сәйкес емес. Қаржы жақсы бөлінді. Бірақ, сол қаржыны бөлу, ұтымды жұмсау жағына келгенде кемшіліктер жіберілді ғой деп ойлаймын. Нақты тарихқа қатысты айтар болсақ, көне тарихқа, көне кезеңге көп қаржы кетті. Ежелгі және ортағасырлық кезеңдегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру – өте жақсы жұмыс. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, тарихи құжаттарды елге жеткізу сияқты жұмыстар жақсы атқарылды. Совет заманында осы жұмыстар жасалынбай келген еді. Сол шаруа атқарылды. Бірақ, сонымен бірге, ағаттықтар да болды. Мәселен, кеше өзіміз өмір сүрген ХХ ғасырдың тарихы, сол уақытта ұлтымыздың басынан кешкен трагедиясы «Мәдени мұра» аясында жаңа ұстаным, жаңа көзқарас тұрғысынан зерттелуі керек еді. Соған қаржы бөлінуі керек еді. Өкінішке қарай, осы мүмкіндікті жіберіп алдық. Ұтылып қалдық деп ойлаймын. ХХ ғасырға қатысты мұрағат құжаттарының негізгі маңызды бөлігі әлі жарық көрген жоқ. Мәселен, ашаршылық, Совет өкіметінің Қазақстанда жүргізген реформалары, отырықшыландыру, тың және тыңайған жерлерді игеру, конфискация, жиырмасыншы, отызыншы жылдардан басталып, елуінші жылдарға дейін бірде ашық, бірде жасырын, бірақ үзіліссіз жүрген репрессия саясаты осы уақытқа дейін толық ашылған жоқ. Саяси репрессия материалдарының қайда, қай жерде жатқанын жақсы білемін. Жиырма жылға жуық уақыт бойы қорлармен жұмыс жасадым. Әсіресе, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатында көп отырдым. Кейбір басшылардың берген мүмкіндігінің арқасында еркін жұмыс істедім. Ал кейін, неге екенін білмеймін, сол мұрағат қорлары жабылып қалды. – Осы жерде бір қызық сұрақ бар. Сіз де, басқа тарихшылар да осы репрессия, Алаш қозғалысына қатысты құжаттардың әлі де болса ашыла алмай жатқанын айтасыздар. Бірақ, өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, Т.Жұртбай «Ұраным – Алаш» деген атпен біраз мәліметтерді жариялады. Яғни, Тұрсын ағамыздың жариялағаны басқа мәліметтер де, сіздердің айтып жүргендеріңіз мүлдем басқа деректер деп түсінуіміз керек пе? – Үштомдықпен де, «Ұраным – Алаш» атты еңбекпен де таныспын. Әсіресе, үш томнан тұратын еңбекті мұқият қарадым. Тұрсын Жұртбай талантты жазушы, талантты зерттеуші. Ұстанымы ашық азамат. Бұл тұрғыдан ол кісіге мін таға алмаймыз. Алаш идеясына қызмет ету бағытындағы жұмысын пайдалы, нәтижелі болды деп есептеймін, қолдаймын да. Бірақ, осы үштомдық құжаттар жинағы мен мен айтып жүрген құжаттардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Тұрсекең ренжімесін, бірақ, ол кісінің басшылығымен шыққан үш томдық асығыс шығарылды. Ол академиялық тұрғыдан дайындалған жинақ емес. Академиялық тұрғыдан дайындалған жинақ бөлек болады. Мысалы, Алаш ісі бойынша сот процестері бірнеше кезеңнен тұрған. 1925-26 жылдары жүргізілген Жүсіпбек Аймауытовтың соты, 1927-30 жылдар аралығындағы Алаш зиялыларына байланысты алғашқы толқын сот процесі, 1930-32 жылдары жүрген екінші толқын, 1933 жылы, 1937, 1938 жылдары жүрген сот процестерінің материалдары үлкен ыждағаттылықпен, сондай материалдарды дайындауға қажетті мәдениетпен, академиялық ұстаныммен шығарылуы керек. Ресейде бұл тұрғыда үлкен шаруа атқарылды, ендігі бір арнаға түсті. Советтік билік тұсында Ресейде жүрген сот процестерінің материалдары көптомдық басылым ретінде жарық көрді. Тұрсекеңнің шығарған дүниесінде біраз кемшілік бар. Атқарылған жұмысы жаман емес. Пайдалы жұмыс. Бірақ, ағартушылық деңгейде ғана. Ғылыми деңгейде емес. Кемшіліктерін санамалап айтар болсақ, біріншіден, үш томнан тұратын материалдар мен құжаттар жинағында тікелей Алаш ісіне қатысты материалдар жүйесіз, шашыранды берілген. Материалдардан Алаш ісі туралы жүйелі, толыққанды мәлімет алу мүмкін емес. Қазіргі уақытта саяси репрессияға қатысты мұрағаттық материалдарды баспадан шығару мәдениеті белгілі бір дәрежеге түсіп, оқырман қауым тарапынан қабылдау мәдениеті қалыптасқан. Біз әңгіме етіп отырған жинақта бұл тәртіп, өкінішке қарай, сақталмаған. Жинақтағы материалдар ғылыми негіздеусіз берілген. Ғылымның өзінің тәртібі, қалыптасқан мәдениеті бар. Сондықтан да жинақтағы материалдар арқылы ұлт тарихынан үлкен орын алған қоғамдық қозғалыстың шынайы тарихына көз жеткізу кейде қиынға соғады. Ғылыми этика бойынша, мұрағат қорларынан алынған материалдардың дерек көздері міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Біз айтып отырған құжаттарда бұл талап мүлдем орындалмаған. Қайдан алынды? Қандай папкіден алынды? Ол көрсетілмеген. 428 беттен тұратын 1-томның 270 беттен астам материалының Алаш ісі бойынша жүрген сот процесіне тікелей қатысы жоқ. 3-томда берілген материалдардың репрессия тарихына қатынасы болғанымен, Алаш ісі сотына қатынасы жоқ. Үштомдықтың екінші және үшінші томдарындағы көптеген маңызды құжаттар оларды даярлаған кісілердің еркін аудармасы түрінде берілген. Оқырманға ұсынылған құжаттар оқырманға түпнұсқа тілінде берілгені жөн еді. Әрине, сот процесінің материалдарын қазақ тілінде шығару қажет-ақ. Бірақ, бұл жұмыс тиесілі ғылыми деңгейде және үлкен жауапкершілікпен атқарылғанда ғана көздеген межеден шыға алады. Алаш туралы әйтеуір бір түсінік беретіні рас, сол тұрғыдан бұл еңбекті қолдаймын да. Бірақ, болашақта бұл еңбекті академиялық тұрғыдан шығаруымыз керек. Өткен жылы «Халық тарих толқынында» деген бағдарлама қолға алынды. Марат Тәжин басқарды. Сол уақытта Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Тәжин ұлттық бірегейлік мемлекеттік тарихтың өзегі болуы керек дегенді айтты. Бұл – өте дұрыс пікір. Ұлттық бірегейлікке қатысты іргелі зерттеу керектігін баса ескертті. Ал Алаш қозғалысына жасалған қиянат – ұлттық бірегейлікке жасалған үлкен шабуыл. Мақсатты, бағдарламалық тұрғыдан жасалған шабуыл. Алаш қозғалысы – ұлт тарихында ерекше орны бар қозғалыс. Мұндай қозғалыс біздің тарихымызда одан бұрын да, одан кейін де болған жоқ. Ол кәдімгі өркениетті, Еуропалық деңгейдегі, бағдарламалық негізі бар, интеллектуалдар басқарған саяси қозғалыс болатын. Оның мақсаты – ұлтты, қазақ этносын сақтау болды. Оның жерін сақтауды, мемлекеттілігін қалпына келтіруді көздеді. Одан үлкен қандай мақсат болуы мүмкін?! Ал осы Алаш қозғалысына қатысты халыққа іргелі, негізді түсінік береміз десек, онда Алаш ісі бойынша жүрген сот процестерін бөліп-жармай, біртұтас күйінде жария етуіміз керек. Ғылыми негізбен беруіміз керек. Ондай жұмысты атқаруға қазақ тарихшыларының күш-қуаты да, кәсіби даярлығы да жетеді. Мен өзімді мемлекетшіл адамдардың қатарына жатқызамын. Осы мемлекеттің нығаюына тілектес, сол үшін жұмыс істеуге даяр адаммын. Ол – менің балаларымның болашағы ғой, бәріміздің болашағымыз. Ал Алаш зиялылары осы мемлекет үшін, осындай болашақ үшін күрескен жоқ па?! Олардың жұмысын неге жасыруымыз керек? Ресейде тарихшылар мен зерттеушілер арасында соңғы жылдары үлкен қозғалыс басталды. Олар «Ресейдің кейбір билеуші топтары Ресейдің бұрынғы қылмысын жасырғысы келеді» деді. Совет өкіметінің, патша өкіметінің халыққа, халықтың мүддесіне қарсы жасалған қылмысын жасырғысы келетінін айтты. Мұрағаттағы құжаттарды бермеуге ықыласты екенін сынға алды. Ресейдің қазіргі билеуші тобындағы кейбіреулердің осы ұстанымды бұрынғы одақтың құрамында болған елдерге қолданып отырғанын ашып айтты. Санкт-Петерборда өткен үлкен бір жиында билеуші топ өкілдері тарихшылар мен зерттеушілер Ресей өкіметіне қатысты деректерді жарияламас бұрын ақылдасып алуы керек деген де ой айтты. Егер біз Алаш қозғалысын зерттемесек, тарихи шындықты ашпасақ, оған қатысты өзіміздің көзқарасымызды білдірмесек, онда ресейлік ғалымдардың жасаған тұжырымын қабылдауымызға тура келеді. Орыстық көзқарас деп осыны айтамын. Соңғы кезде одақтық республикалардың тарихын сол елдің адамдары жаза бастады. Қазақтың тарихын қазақтар, қырғыздың тарихын қырғыздар жаза бастады. Ал бұл жағдай Ресейдің ұлыдержавалық ұстанымдағы ғалымдарына ұнамайды. Олар қазір біздің Отанымызда жүріп жатқан тарихты қорыту процесіне ықпал жасағысы келеді. Олар ескі әдетпен соны басқарғысы келеді. Тіпті, орталықазиялық елдердің президенттерін сынауды әдетке айналдырып алған данышпансымақ тарихшылар бар. Бірде мен оған қатысты ұстанымымды ашық білдірдім де. Оқулықтарға талдау жасаған Шустов деген және бір тарихшысы менің атыма біраз сын айтты. 11-сынып оқулығына автор едім, сондағы менің көзқарасым қолайына жақпай қалыпты. Оларға салсақ, біз тарихымызды солардың рұқсатымен жазуымыз керек екен. «Отаршылдық деген болған жоқ, сондықтан ХХ ғасырда қазақтарда ұлт-азаттық қозғалыс болған жоқ. Ал Қойгелдиев ондай қозғалыс болған дейді», – деді. Егер ондай болмаса, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты қайда қоямыз? Қазақ жерінде болған 370-тен астам ұлт-азаттық бас көтеруді қайда қоямыз? Міне, орыс ғалымдары арасында осындай да көзқарас-ұстаным бар. Бірақ, Ресейде ұлыдержавалық ұстанымдағы тарихшылардан бөлек, демократиялық бағыттағы тарихшылар да бар. Дегенмен, Қазақстан, Армения, Украина сияқты елдердегі тарихи шындықтың ашылуына, мұрағат құжаттарының жариялануына кедергі келтіргісі келетін топтар жеткілікті. Олар кейбір құпиялардың, соның ішінде Қауіпсіздік Комитетінің мұрағатындағы құжаттардың ашылып қалуынан қорқады. Егер Мәскеудің ұстанымына бас шұлғып отыра беретін болсақ, жағдайымыз қиындайды. Біз, Талас Омарбеков екеуміз осы мәселеге үн қатып, республикалық «Айқын» газетінде арнайы хат жарияладық. Үкіметті мұндай келісімге қол қоюдан бас тартуға шақырдық. Бірақ, өкінішке қарай, онымызға ешқандай да реакция болған жоқ. Бізде ылғи солай. Соңғы 4-5 жылда Парламентке де бірнеше рет хат жолдадым. Реакция жоқ. Бір рет қана жауап алдым, оның өзі мардымсыз. Сосын «Ақ жол» партиясына хат жаздым. Бұл партия ғалымның ұстанымы деп айтпастан, депутаттық сауал жолдады. Одан да ештеңе өзгермеді. 2017 жылы Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл болады. Төбесі көрініп тұр. Соған дейін біраз шаруа қолға алынса, оң болар еді. – Аға, іс басында жүрген азаматтар болғаннан кейін, Алаш қозғалысының ішінде де азғантай келіспеушіліктер болғаны белгілі. Осындай кішігірім кикілжіңдердің өзін үлкен алауыздық етіп көрсетіп, бірін қаралап, екіншісін ақтау байқалып қалады. Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановтың қарым-қатынасы, Рысқұлов пен Қожановтың арасындағы әңгіме үнемі айтыла береді. Осыған бір нүкте қоюға бола ма? Қалай қоюға болады? – Оған нүкте қойылған. Бірақ, бізде сөзге тоқтамайтын адамдар бар. Сөзге тоқтай алмайтын жалған ғалымдар бар. Жалған патриоттар бар. Алаш партиясы мен оның қайраткерлерінде ұлттық ұстаным өте жоғары болған. Өкінішке қарай, біз сол ұстаным деңгейінен төмен түсіп кеттік қой деп қорқамын. Алаш деген жалпыұлттық деңгейдегі саяси құрылым. Ал бүгінгі күннің жалған патриоттары Алашқа өздерінің рулық, жүздік ұстанымын таңғысы келеді. Бұл – өте кір, лас нәрсе. Өкініштісі, одан арыла алмай келе жатқандар арамызда бар. Әрине, Алаш зиялылары арасында кейбір мәселелер бойынша түрлі ұстанымдар болған. Олар дискуссияға да түскен. Бұл енді табиғи заңдылық емес пе?! Бірақ, олар негізгі мәселеде, жалпыұлттық мүддеде бірауызды болды. Оны бөлшектеймін деу – абыройсыз тірлік. «Батыс Алашорда» бөлек құрылым болды деп жүрген «мықтылар» бар. Ал Халел Досмұхамедовтер өздері айтып кетті, ешқандай да Батыс Алашорда болған жоқ. Алаш қозғалысы жалпыұлттық біртұтас қозғалыс болды. Осы процесте Алаш зиялыларының әрқайсының өзінің орны бар. Ал бізде соны бұзғысы келетіндер бар. Мұндайды мен шала ғалымдық деп есептеймін. Бұқаралық ақпарат құралдары да мұқият болуы тиіс. Мәселен, жуырда ғана «Түркістан» газетінде бір автор Алаш ісі туралы материал жариялады. Бірде-бір сілтемесі жоқ, ғылыми негізі жоқ материал. Осыны баспасөз неге жариялайды? Әркім жауапкершілікті өзінен бастағаны дұрыс. – Сіз бір сөзіңізді ХХ ғасырда кәсіби тарих ғылымы да, кәсіби тарихшылар да қалыптасқанын айтқан едіңіз. Алайда, бүгінгі күні сол кәсіби тарихшылар бірауызды, бірсөзді ме? Әуесқой тарихшыларды былай қойғанда, кәсіби тарихшылар арасындағы кейбір түсініспеушіліктер, бұрмалаушылықтар туралы не дейсіз? – Кезінде Рысқұловтың Сталинге жазған хаты бар. Оны баяғыда оқығанмын. Біздің кейбір кәсіби тарихшылардың өзі соны бертінде тауып алып, біраз жалаулатты. Контекстен бөліп алып, өздеріне керегін жариялап, «Рысқұлов бүйткен екен, сүйткен екен» деп шықты. Тарихи фактіні айналасындағы оқиғалардан бөлек қарастыруға болмайды. Ал контекстен жұлып алғаннан кейін, әлбетте, мазмұны өзгеріп кетеді. Ондай мазмұндағы хатты Сейфуллин де жазған. Қайталанбас тұлғамыз Смағұл Сәдуақасов та жазған. Сейітқали Меңдешов те жазған. Олардың өсу жолында өз басына тән кемшіліктері болған. Оны контекстен бөліп алып, өз мүддеңе пайдаланудың не керегі бар? Пендешілігіңді басқа жерде жаса, тарихи процесте пендешілікке жол жоқ. Тарих рулық мүдденің алаңы емес. Сондықтан, әріптестерімді ғылыми мәдениетті сақтауға шақырғым келеді. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда kitap.kz