Мұхтар Тайжан: «Саясатта еш қолдаусыз ұзақ уақыт жүру мүмкін емес».

832
0
Бөлісу:

taijan

Құрметті достар!

Менің бұрынғы ұстанымым мен көзқарасым өзгерген жоқ және өткенге өкінбеймін. Егер 5 жыл бұрын алдымда не күтіп тұрғанын, қандай қиын соқпақ боларын білген болсам, бәрібір сол жолдан тайқымас едім. Қазір менің арым таза. Мен халықты ояту үшін, билікке әсер ету үшін барымды салдым. Жетістіктер де баршылық.

Қоғамдық өмірге араласқан сәттен бастап айтқан әр сөзім мен әр ісіме өзімжауап беремін. Тіпті бүгінгі мәлімдемеме де ешкімнің, биліктің де, оппозицияның да, олигархтың да, қашқын саясаткерлердің де қатысы жоқ. Бала кезден бойыма сіңген өмірлік тәрбием мен білімімді және еліме деген махаббатымды ешкім өзгерте алмас. Мен не айтсам да, не жазсам да көзімді жеткізіп барып істеймін. Қазір де сол қалпымнан айнымаймын. Кез-келген нәрсеге бір сұрақпен – мұның елге пайдасы бар ма, жоқ па деп қарау керек. Сонда бәрі өз орнына келеді.

Осыдан былай саясатқа белсенді түрде араласпаймын деуімнің бірнеше себебі бар. Ол жеке басыма да, қоғамдағы әртүрлі жағдайларға да байланысты. Жеке себептер – мұндай жұмыста, үздіксіз саясатта еш қолдаусыз ұзақ уақыт жүру мүмкін емес. Сөзбен емес, іспен қолдауды айтамын. Соңғы кездері өзіме және кәсіпорныма әкімшілік қысым күшейіп кетті. Ара салмаққа тура көзбен қараған жөн. Мемлекеттік машинаға төтеп беру оңай емес. Ал мен отбасыма жауап беруге міндеттімін.

Басқа себептерді айтар болсам, алма ағашын қанша суарсаңыздар да, мезгілі жетпей піспейді. Халықтың санасы да, биліктің ойы да уақыты келмей өзгермейді. Күні толғанда біз суармай-ақ, өзі пісіп жетіледі. Халықты оятамын деп те қажеті жоқ. Өйткені, олар бәрін жақсы біліп отыр. Бірақ үндемейді. Күтеді. Әрі қорқады. Олар үшін басқа біреу істеп берсе екен дейді. Олай болмайды да, болған емес. Білек сыбанып, жеңді түріп, қара жұмысты бәрі бірдей істеуі керек. Басқа жол жоқ. Біз осыны жақсылап түсінуіміз тиіспіз. Сонда ғана ілгері жүре аламыз.

Мен қоғамда қала беремін. Бірақ негізгі жұмысым қоғамдық өмір мен саясат болмайды. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!

Құрметпен Мұхтар Тайжан. 18.03.2014.

* Фейсбуктегі парақшадан.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

үш × 1 =