Ұлт азаттық қозғалысына 100 жыл. Торғай пресс-туры: Арқалықтың ақ таңы (басы)
2016 ж. 06 маусым
6158
0
(30-мамыр)
[caption id="attachment_53145" align="aligncenter" width="800"] Астанадан Торғайға пресс-турға барған журналистер (солдан оңға қарай): Азамат Мәлжанбай, Еркеғали Бейсенов, Ұларбек Дәлей, Динара Бітікова, Лариса Алдабергенова, Нұрсерік Жолбарыс, Арнұр Асқаров, Ербол Алшынбай және осы мақаланың авторы Ержан Жаубай. Бұл жерде журналистерді ұйымдастырып, жетекшілік еткен Бақытнұр Әлібай есімді әріптесімізді де атап өткеніміз абзал.[/caption]Біз мінген пойыз Астананың вокзалынан солтүстік-батысқа қарай бағыт алған сәттен бастап алдағы өзім өмірі баспаған әйгілі мекен жайлы ойлаумен болдым. Бір кезде Могиканның соңғы тұяғындай болған Қазақ даласының соңғы батырының табаны тиген киелі топырақтың тарихын бұған дейін де оқығаным бар еді. Алайда, сапарымыздың басты мақсаты болған Ұлт азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арналып, арнайы шығарылған «Торғай көтерілісі» атты кітаптың беттерін парақтап шығуға тура келді.
Берік Әбдіғалиұлы сынды бірегей ұлдың құрастыруымен, Жанат Кәрібозов, Қасым Жүнісов, Хисамеден Сапарғалиев, Бақыткерей Бимендин т.б. қатарлы ұлтқа, елге жанашыр азаматтардың демеушілігімен жарыққа шыққан аталмыш кітапта Торғай өңіріндегі 1916 жылғы көтерліске қатысқан боздақтар жайлы тарихи құнды деректер мен нақты құжаттар берілген екен.
Мәмбет Қойгелдінің мәлметтерінде айтылғандай 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысы кезінде қазақ даласынан 370-тен астам көтерліс жасалған. Торғай даласындағы соның бірі ғана. Батпаққара, Татыр көлі, Үрпек (Иманов), Доғал т.б. қатарлы Торғай уезінің аумағында да бірнеше рет қарулы қақтығыстар болды. Және Торғай көтерілісі Ұлт азаттық көтерілістерінің ішіндегі ең ауқымдысы және ең ұзақ уақытқа созылғаны болды.
Иә, бұл әзірге менің аталмыш кітаптан түйгендерім ғана. Ал алдағы 4 күнге созылар баспасөз-саяхатында не күтіп тұрғаны әзірге жұмбақ. Дегенмен осы өлкеге сапар шегерден бұрын ғаламтордан жалпы ұлт азаттық көтерліс туралы, 1916 жылдың тұсындағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі туралы оқығандарымды ой елегінен өткізіп келемін.
Қарап отырсам Ұлт азаттық қозғалысының қарсаңында бір ғана Торғай елі, Торғай маңы ғана бұл тарихи датаны атап өтіп қоя салатындай жөні жоқ секілді. Мысалы:
1915 жылы маусым айында Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерінде, Спасск мыс кен руднигінде, Орынбор-Ташкент темір жолында жұмысшылардың қозғалысы бой көтерді. Ал 1916 жылы қаңтар айында Верный, Семей қалаларында, Жетісу облысы Лепсі уезінің бірқатар селоларында қанаушы мен қаналушы таптар арасындағы қарама-қарсылық ушыға түскендей. Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы жарлығы “Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереженің” қабылдануы, яғни әйгілі «июнь жарлығы» әлеуметтік жағдайы мүшкіл топтың наразылығын күшейтті.
Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан - 100 мыңнан астам, Жетісудан 87 мың адам жіберу көзделді. Далалық облыстар деп отырғаны қазір біз жол тартып бара жатқан Торғай өңірі екенін ішіміз сезіп отыр.
1916 жылғы көтерлісті бастап, ал деп атқа қонған да осы Торғай өңірі еді, міне сол көтерлістің 100 жылдығын да алдымен атап өтуді, ұрпақ жадында сондай бір сұрапыл күндер болғанын, қазақтың қасіретті тарихын ұмытпауды, сол үшін жан беріп, қан төккен ерлерді ұлықтауды тағы да сол Торғай топырағы бірінші болып қолға алды. Бұл тарихи сәттің кімге болса да маңызды екені анық, дегенмен жоғарыда аттары аталған өлкелердің тарих толқынына сіңіп бара жатқан қасіретті күндер жайлы үнсіз қалуы қисынсыз. Әйтпесе Қазақстанның барлық аймақтарын қамтыған үлкен қозғалысты - Жетісу облысында Ж. Мәмбетов, Ұ. Саурықов, С. Қанаев, Қ. Шорманов, Қ. Құдайбергенов, Т. Бокин, Б. Әшекеев;
Торғай облысында Ә. Жанбосынов, А. Иманов, Ә. Жангелдин;
Ақмола облысында Ә. Майкөтов;
Бөкей даласында С. Меңдешев;
Ақтөбе облысында Б. Алманов;
Сырдария облысында Т. Рысқұлов;
Орал облысында Ә. Әйтиевтер басқарғаны тарихтан белгілі. Ал осы аталған дара тұлғалардың артында жоқтаушысы болмауы мүмкін емес. Егер солай бола қалған күнде де бұл қазақ тарихы үшін, мемлекеттік, елдік мүдденің жолындағы үлкен қасірет дер едік. Әрине, бұл менің ғана ойым, бәлкім, мен естімей жатқан болармын, басқалар да бұл датаны ұмытпаған болар.
Ойымнан ертең баратын Арқалық өңірі, Торғай даласы – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ыбырай Алтынсарин т.б. қатарлы әйгілі ағартушылар шыққан қасиетті мекен кетпей қойды. Тағы да тарих қатпарларына сүңгіп келемін. Бұл Торғай өз тарихында нелер сұрапыл сәттерді басынан кешірген ғой. Тіпті, 1916 жылды айтпағанның өзінде, одан бергі уақытта да бір кезде дәуірлеген дала еркесі, сәні мен салтанаты жарасқан Сарыарқаның төріндегі кербез Торғай екі рет жабылып екі рет қайта қалпына келді. Торғай тарихына көз жіберіп отырып «бұл өлке ұлыларды, дархан жүрек даңқтыларды ғана тудыратын қастерлі мекен екен ғой» деген ойға қалдым. Содан да болар, бұл Торғай 1916 жылғы көтеріліс ең бір күшті, ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс болды.
Көтеріліс сол кездегі Торғай болысының барлық уездерінде: Торғай, Ырғыз, Актөбе, Қостанайды қамтыды. Торғай облысындағы қозғалысты басу үшін генерал Лаврентьев бастаған арнайы жазалау экспедициясы жасақталды. Оның құрамында Қостанай, Ақтөбе, Торғай, Ырғыз жасақтары мен казак жасақтары болды. Кейіннен 1916 жылы 13-қарашада әскери қимыл ауданына Қазан, Пермь, Орынбордан қосымша полктар тартылды.
Торғай даласына бет алған бір топ жас журналистер бір вагонға жайғасқан едік. Басқа вагонда Тұрсын Жұртбай, Қайырбек Кемеңгер, Ерлан Сайлаубай қатарлы бір топ алаштанушы ғалымдар бірге келе жатқан. Бір кезде Тұрсын ағамыз бастап ол кісілер де біздің ортамызға келді. Алаштың арғы бергі тарихынан таңды таңға жалғап әңгіме айтатын Тұрсын ағамыздың аузына қарап біз отырмыз. Менің топырағы тұнған алтын Торғай жайлы ойым үзілді.
Бұрын соңды табаным тимеген арқаның кербезінің төсіне жеткенде қырсыз, қырқасыз маң даланың ақ таңы атып келеді екен.
Ержан Жаубай, (Жалғасы бар)
qazaquni.kz