Павлодарда көше аттарын қазақшалауға қарсылық танытқан кімдер?
2017 ж. 23 қараша
3584
5
...Сонымен, Павлодарда Ленин көшесінің атауын «Астана» деп өзгерту мәселесі бойынша өткізілген қоғамдық тыңдауда жаңа атауға 8 депутаттың тек біреуі: Виктор Деймунд қана қарсы шықса, қалалық мәслихаттың сессиясында 20 депутаттың бәрі бір кісідей қолдап дауыс берді! Бұл – жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтың шебі бұзылды деген сөз.
Енді алдымызда – «Кутузов» пен «Суворов»... Екеуі ресейліктер үшін қаһармандар саналғанымен, қазақстандықтар үшін ешкім емес. Большевиктер 1919 жылы атып тастаған патшазада Павел Романовтың да Ертістің Кереку-Баянауыл өңіріне еш қатысы жоқ еді. Сонда да есімдері әспеттелуде. Ал осы өңірді сыртқы жаулардан қорғаған Олжабай, Жасыбай, Малайсары батырлардың атында көше жоқ...
Бұрнағы жылдары жергілікті тәуелсіз орыстілді басылымдардың беттерінде қорғаныс ұйымдастырып бет қаратпаған әлгі топ, әрине, өңірде ономастика саясатының жүргізілуіне әлі де шама-шарқынша қарсыласып бағады, тіпті шабуылға шығуы да мүмкін.
«Городская неделя» газетінде (03.08.2005 ж.) «Не хочу быть керекуйцем!» атты жарияланымда біреу былай деп жазған: «Давайте дадим председателям областной и городской онамастических комиссии звания «Почетный керекуец» и на этом закончим полемику.
Перелицовщики – манкуртцы,
Вам, онамастики, кричу,
Что бы быть «Почетным керекуйцем»
Я никогда не захочу!».
Бұл тақпақтың авторы – қатардағы азаматтардың бірі емес, кеңестік кезеңде екі рет Павлодар облысы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған белгілі партшенеунік Борис Васильевич Исаев! Өкініштісі, Қазақстанның ірі облысын екі рет басқарған қарт коммунистің мемлекеттік сана емес, этникалық санаға бой ұрғандығы. Сонан соң, «Почетный павлодарец», «Почетный москвич» деген құрметті атақтардың болмайтыны сияқты «Почетный керекуйец» деген атақтың да болуы мүмкін еместігін талапкер ақынның байыптай алмауы.
Шынында, қазірдің өзінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қарсы шабуыл басталып кетті. Әлеуметтік желілерде өңір басшысын мысқылдап әжуалайтын карикатуралар таратылуда. Бір суретте Болат Жұмабекұлы: «Бәке, қайдасың?» деген сауалға «Астанада жүрмін» деп жауап жауап береді...
Бұның астарында «Ленин көшесі атауының «Астанаға» ауыстырылуы аймақ басшысы Б.Ж.Бақауовтың қолдауымен жүзеге асырылды» деген меңзеу жатыр. Бірде-бір әкімнің тұсында қозғалмаған Ленин атауының дәл Болат Жұмабекұлының кезінде өзгертілуі, әрине, күдік келтірмей қоймайды.
Рас, әлгілердің пайымдауын жоққа шығара алмаймыз. Тек алдағы уақытта аймақ басшысы: «Әләу, Бәке, қайдасың?» – деген сауалға «Ә, өзіміздің Керекуде жүрмін ғой»... – деп жауап берсе, нұр үстіне нұр болар еді!
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы