Болашағымызға бей-жай қарауға болмайды
2017 ж. 26 тамыз
2702
6
«ТҮРМЕ ЗАҢЫ» ТҰРМЫСЫМЫЗҒА НЕГЕ ТЕРЕҢ БОЙЛАП КЕТТІ?
Қазақ ұлттық аграрлық университетінде сәуір айының ортасында орын алған қайғылы оқиға ешкімді енжар қалдырмағаны белгілі. Өздерінен төмен курстағы студентті айуандықпен ұрып өлтірген жастардың әрекеті әлеуметтік желіні жарып жібере жаздап, қоғамда қызу талқыланды. Ұзаққа созылған тергеу жұмыстарынан соң сот өз үкімін шығарып, бір топ күдіктінің ішінен Тойчыбек Асамовты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Жастар арасындағы төбелестің соңы өліммен аяқталуы бір бұл емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл туралы жаңалық ретінде «сүйінші сұрағанмен» оны талдап, қылмыстың түп-тамыры қайда жатыр, оған қалай балта шабуға болатыны жайлы пікір білдіру жоқтың қасы. Біз болашағымызға неге бей-жай қарайтын болдық?.. Қазақ аграрлық университеті жатақханаларының бірінде болған қайғылы оқиғада төменгі курс студенттеріне әлімжеттік жасаған 8 күдіктінің біреуі ғана жазаланып, қалғандары заң құрығынан құтылып кетті. Қайтыс болған бірінші курс студенті Дидар Болысбектің ата-ана, туыстарының шағымынан кейін өзгелеріне де қылмыстық іс қозғалатынға ұқсайды. Бірақ оның қалай болары әлі де белгісіз. Жәбір көрсетушілердің сондағы мақсаты төменгі курстағылардан небары 5 мың теңге жинап алу екен. Түкке тұрғысыз тиын-тебен үшін өрімдей жап-жас жігіт қыршынынан қиылып, бір әулет қара жамылып, аңырап қалды. Тек қана соңғы жылдарда орын алған осы тектес оқиғаларды саралап қарасақ мұндай қылмыстар жиілеп бара жатқанына көз жеткізу қиын емес. Әскер қатарына шақырылып, сап-сау кеткен сарбаздарды туған жеріне табытпен қайтарған жағдайлар да жеткілікті. Жоқ, Отанын қорғап, қан майданда оққа ұшпаған. Тағы да сол өзара төбелестің кесірінен, әлімжеттіктің әлегінен өмірімен қоштасқан. Бір қалада, бір мектепте оқыған екі жігіт Алматыдағы әскери бөлімде борышын атқарып жүріп бірі екіншісін ұрып өлтірген оқиға да болған. Әдетте ауылынан жырақ жүргенде жерлестер бір-бірін қорғап, қолдап жүретіні белгілі. Сот залында «Сен бұл ісіңе өкінетін шығарсың?» деп сұраған офицерді көпшіліктің көзінше бас-аяғынан шығарып балағаттаған жап-жас жігіттен не күтуге болады? Кәнігі қылмыскерге тән қатыгездік жастардың бойынан қалай ғана орын алып жүр? Әскер қатарындағы сарбаздар мен студент жастарды былай қойғанда мектеп қабырғасындағы балалар арасында да осы қылмыс түрі кең етек ала бастағанын байқаймыз. Мектептердегі бала өліміне байланысты көптеген мысалдар келтіруге болады. Естеріңізде болса, шымкенттік Тағаевтар отбасы небәрі 15 жастағы Нұргелді есімді перзентінен айырылып, тал түсте таяқ сүйеніп қалды. Шымкенттегі екі мектеп шәкірттері әлденеге шекісіп, арты төбелеске ұласқан. Жұдырықтасу кезінде жасөспірімнің бірі пышақ ала жүгіріп, соңы қайғылы аяқталды. Бұл Қазығұрт ықшамауданында жарты жыл ішінде орын алып отырған екінші қайғылы оқиға. Соның алдында ғана көктемде осы ықшамауданда тағы бір жасөспірім өзара кикілжіңнің, балалар арасындағы әлімжеттіктің құрбаны болған. Павлодар қаласының №17 орта мектебіндегі қайғылы оқиға көпшіліктің әлі есінде. 8 «Д» сыныбының оқушысы Александр Лихановты өзімен қатарлас оқитын 8 «Е» сыныбының баласы пышақтап өлтірді. 15 жыл бойы директор қызметін атқарып, №17 мектепті қаладағы айтулы үздік оқу ордаларының қатарына қосқан Галина Щиндлярская сол күні-ақ өз арызымен жұмысынан кетуге мәжбүр болды. Облыс көлемінде бір жыл ішінде кәмелетке толмағандардың арасында жалпы саны 403 қылмыстық іс қозғалған кездер болған екен. Бұл бір аймаққа қатысты дерек. Ал, республика көлеміндегі көрсеткіш бұдан ондаған есе көп болары сөзсіз. Мамандардың айтуынша соңғы жылдар қазіргі жастардың өктемдігі мен қатыгездігі (агрессия) қалыпты мөлшерден асып бара жатыр. Бір-бірін қорлау, одан қалса соғу, тіпті өлтіруге дейін баруда. Тіпті ұлдар ғана емес қыздар тарапынан да осындай қатыгездіктің жиі кездесетініне куә болып жүрміз. Ғаламторда бір-бірін шашынан сүйреп, аяусыз тепкілеген «аруларды» өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Қарағандыда орын алған 9 жастағы қыздың өлімі оны телеарналардан көргендердің жағасын ұстатты. Өзі шамалас оқушы қыздар тұншықтырып өлтірген. Куәгерлердің айтуынша, олар ұрланған қуыршақ үшін төбелесіп қалған. Оқушылардың бірі басқа қыздардың көзінше мерт болған қызды тұншықтырып өлтірген. Сосын барлығы мәйітті судың жанына тастап, өздері ештеңе болмағандай үйлеріне тарасқан. Олардың ешқайсысы тіпті 14 жасқа да толмаған, сол себепті еш жазаға да тартылмады. Астана қаласында да №76 орта мектепте сабақ үстінде сыныптастар арасында ұрыс шығып, сол кезде оқушылардың бірі екіншісінің кеуде тұсына қалам сұғып алған. Көкірек қуысына салынған жарақаттың салдарынан 8-сынып оқушысы оқиға орнында қайтыс болды. Артынша қылмысқа барған оқушының психикалық ауытқуы болғаны белгілі болды. Тізе берсек мұндай мысалдар жетерлік. Әзірге мектеп ата-аналарды, ата-аналар мектепті кінәлаудан аса алмай жатырмыз. Сондықтан бізді қазір сол қылмыстарға не түрткі болды, оны қалай түпкілікті жоюға болады деген сұрақ алдымен мазалауға тиісті. Полиция өкілдерінің айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірімдер бірінші қылмыс жасаған кезде шартты жаза тағайындалады. Құқық қорғау органдары оларды әке-шешесінің «қатаң қарауына» береді. Істі болған жасөспірімдер айына бір рет ішкі істер органына барып көрініп тұрады, басқа өңірлерге рұқсатпен шығады. Әлімжеттік, біреуге күш көрсету арқылы өзгенің есебінен шалқып өмір сүру – түрме заңы, «пахандардың» өзгелерге өктемдік жүргізуі болып табылады. Басқадан ақша талап етіп, оны «счетчикке» қою да сол түрме тәжірибесінен алынған. Сонда біздегі білім мен тәрбие беретін көптеген мектептер мен жоғары оқу орындары жантүршігерлік «тәлімін» кедергісіз өткізіп отырған түрме тәртібі алдында дәрменсіз болып шыққаны ма? Ақша бопсалау фактілері Қазақстанның барлық өңірлерінде бар. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Тараз, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының да мектептерінде ақша бопсалау фактілері болғаны туралы ақпараттар бірнеше рет жарияланғанын білесіздер. Кейбір жағдайда ақша бопсалаған жасөпірімді жәбірленушілер шыдамай жабылып өлтіріп кеткен оқиғалар да кездесті. Кезінде Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев оқу орындарындағы ақша бопсалаудың «эпидемия сияқты таралып кеткенін» мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, мектептер мен колледждердегі қатыгездік – жасөспірімдерді суицидке итермелейтін факторлардың бірі болып есептеледі. Бас прокурордың бұл пікірі де негізсіз емес. Бұл не болып барады? Біздің жастар неге қатыгездікке салынып кетті? Болашақ мемлекетіміздің тірегі – жас ұрпақты тәрбиелеу бағытындағы орны толмас кемшіліктерді қай тұста, қай жерде жіберіп алдық? Оған кім кінәлі? Жастарымыз осы бетімен кете берсе еліміздің ертеңі не болмақ? Бұл маңызды мәселеге кім жауап беруге тиісті? Мемлекет, ата-ана, мектеп, жоғары оқу орындары берген білім мен тәрбиенің босқа айдалаға кеткені ме? Енді не істеу керек? Тіпті осы тектес сұрақтар ешкімді толғандырмайтын да сияқты. Сұрақ көп, жауап іздеп, түпкілікті нәтиже беретін шұғыл шара қолдану жоқ. Бүгінге дейін бар бітіргеніміз – заң бойынша соттап, түрмеге апарып тыға салу ғана. Сотпен жазалағаннан сотқарлар саны азаймай отырғаны нені көрсетеді? Әлде бізде балалар арасындағы қылмыспен күрестің басқа әдісі жоқ па? Қылмыс жолын кесетін тәсіл қашан да табылады, соған осыған жауапты орындар мен қоғам мүшелерінің құлқы жоқ секілді. Қылмыскерді жазалау керек, оған ешкімнің айтар қарсылығы жоқ. Бірақ онымен жастар арасындағы қылмыс атаулының тамырына балта шаба алмайтынымыз туралы ойланып көрдік пе? Түрмеге отырғызумен тәртіп түзелетін болса жер бетінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман баяғыда орнамас па еді. Алдымен осы қылмысқа не себеп болып, қандай жағдай әсер етіп отыр деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Біріншіден, бұған біз өмір сүріп отырған қоғамдық жүйенің әсерін айтуымыз керек. Капиталистік жүйе алдымен материалдық ұстанымды алға қоятынын бәріміз білеміз. Қарапайым тілмен айтқанда – барлық адам бай болсам деп жанталасады. Ал, байлықтың кімге қандай жолмен келіп жатқаны әзірге ешкімді алаңдатпайтын сияқты. Сондықтан біреулер шіріген бай болып алса, енді біреулер тамағын әзер тауып жеп жүр. Қазір біздің қоғамда барынша қарпып, көбірек ақша тапсақ деген ниет үстемдік етіп отыр. Рухани байлық пен адами қасиеттер жұмсартып айтқанда көлеңкеде қалды. Осы тұста балалардың ақша бопсалап, сол үшін төбелесіп, бірін-бірі өлтіруіне қоғамдағы орын алып отырған жүйенің ықпалы зор екеніне ешкім дау айта алмас. Екіншіден, шетелге шексіз еліктеудің де бізге тигізіп отырған кері әсері аз емес. Капиталистік жүйеде ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан елдерді бізбен салыстыруға болмайды. Біз алдымен өзіміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымызды саралап алуымыз керек. Батыс өйтіп жатыр, Батыс бүйтіп жатыр деп олардың соңынан көзсіз еру ешқандай жақсылыққа жеткізбейді. Тіпті сол Батыс пен АҚШ-тың да асып кете қойғаны шамалы. Америкада балалар арасындағы қылмыс бізден көп болмаса аз емес. Автоматпен сыныптағы балаларға оқ жаудырып, баудай қырған оқиға осыған нақты дәлел. Көпірдің астында түнейтін, кедей-кепшіктер тұратын аудандарда жастар арасындағы қылмыс бізді он орап алады. Міне, демократиясы дамыған мемлекет деп біз үлгі тұтатын елдің сиқы осындай. Сонда бұл жағынан да соларға еліктеуіміз керек пе? Үшіншіден, біз өзіміздің озық ұлттық тәлім-тәрбиені ұмыта бастадық. Оған алдында айтқан шетелге көзсіз еліктеу бірінші кезекте себеп болып отыр. Олардың бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тәлім-тәрбиесін басшылыққа алудың ақыры бүгінгі балалар арасындағы қайғылы оқиғаларға алып келді. Біз өзіміздің ұлттық идеологиямызды қалыптастыра алмағанымызды мойындауымыз керек және сол ғасырлардан жеткен асыл мұраларымызға қайта бет бұруға міндеттіміз. Бұл – аталған себептер мен міндеттердің ең бастысы. Қазақ қазақ болғалы үлкенді сыйлау мен оның айтқандарын екі етпеу ғасырлар бойы бұлжымас қағида ретінде сақталып келгені белгілі. Көшеде үлкен кісі кетіп бара жатса жастар оның жолын кеспей күтіп тұратын, құрметпен сәлем беретін. Бүгін ше, қазіргі жастарымыз сәлем бермек түгіл кеудесімен қағып-соғып өте шығады. Ескерту жасасаң сақалыңнан шап беріп, жұлуға дейін барады. Үстіне киген ашық-шашық киімін айтпасақ та болады. Бұл да Батыстың бізге ұсынған демократиясы ма? Өтірік айтпа, біреудің еңбегін қанама, қиянат жасама, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсет деген қазақы қағидамыз қайда қалды? Демократияның көкесі өзіміздің Ұлы даламызда болған! Біз соны қайта қалпына келтіруіміз керек. Қазақта ұстазды ерекше құрметтегені белгілі. Оның беделі аса жоғары болатын. Шынын айтсақ, қандай ғұлама шәкірт болмасын ұстаз алдында қарыздар. Сондықтан да оны өзіне үлгі тұтып құрметтейтін. Бүгінгі күні бұл үрдістің ізін де таба алмайсыз. «Демократияны» жөргегінен меңгерген қазіргі жастар ұстазды сыйламақ түгіл көзіне де ілмейді. Тіпті болмаса демократия заңын алға тартып ұстазының өзін қорқытады. Бұл жерде ата-аналардың да кінәсі жетерлік. Бүгінгі ата-аналардың өзі ұлттық болмысын жоғалтып алған. Отбасында «Анау «джип» машинасын сатып алыпты, мынау үш қабатты коттедж салып алыпты» дегеннен басқа әңгіме естімейтін бала ондай әке-шешеден қандай тәрбие алмақшы? Одан қалды телеарналар мен ғаламтордан шетелдік атыс-шабысқа, алдау мен арбауға толы киноларын көріп өскен жеткіншектен не күтуге болады? Дұрыс идеология қалыптастыра алмадық дегеніміз осы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көгеннен бері қоғамымызда рухани құндылыққа деген біршама оң көзқарастар қалыптаса бастағаны байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдары тұрақты түрде осы тақырыпты көтеріп, халықтың санасына сәуле себе бастады. Бұл құптарлық та қолдауға тұрарлық құбылыс. Кез-келген халық өзінің ұлттық мәдениеті мен болмысын жоғалтса ол ұлттығын да мемлекеттігін де жоғалтады. Ал, мемлекеттің, ұлттың болашағы – жастар. Олай болса біз болашағымызға бейжай қарауға қақымыз жоқ. Бүгінгі жеткіншектердің ертең білімді, тәрбиелі болып шығуына бәріміз жауаптымыз. Ұлағат – ұлттық тәрбиеден болатынын ұмытпағанымыз жөн. Зейнолла АБАЖАНОВ qazaquni.kz