ҰЛТЫҢДЫ СҮЮГЕ РҰҚСАТ БЕРІЛГЕН ҚҰЖАТ
Бұл күнді қазақ Тәуелсіздік алған соң да, ширек ғасырдан астам күтті! Иә, 2017 жылғы 12 сәуір тарихқа Рухани Тәуелсіздік бағдарламасы жарияланған күн ретінде енеді. Бұл - болашағымызды айқындап берген, баршамызға бағдаршам болар бағдарлама - Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ" мақаласы! Бұл болашқаққа жол сілтеп, бәрімізге бағдар берген бағдарламаның тек мемлекеттік тілде ғана жариялануының өзі көктемнен сүйінші сұрап ең алғаш хабар берген бәйшешектей көңіл көркейткенін зор қуанышпен айтамыз.
Біз Тәуелсіздігіміздің 26 жылына қадам басқанда, биыл демократиялық өзгерістерді талап еткен Конституциялық реформа жасадық. Ел еңсесі бір көтеріліп қалды! Бұл Рухани жаңғыру сол Жаңғырулардың заңды жалғасы. Оған дейін Елбасымыз Ұлытауда ұлттық мүддемізді тереңнен тербей қозғаған маңызды сұхбат беріп, "Ұлы Дала ұлағатын" жариялаған болатын. Сол кезде-ақ Ұлы Даладағы Ұлттық Жаңғырудың лебі сезілгендей болып еді. Сондықтан да, біз де сол кезде таяп қалған Алтынкүрек желінен арқамыз қозып, ойымызды білдіріген едік:
«Түркі халқы үшін Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым…» деген Көк түрік қағандарындай Көк туымызды көкке өрлетіп, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін бүгінгідей әлем таныған биік деңгейге жеткізген Тұңғыш Президентіміз –Ұлт көшбасшысы алдында тағы бір Ұлттық міндет, Ұлт аманаты тұр! Ол Ұлттың арманын орындау – Мемлекеттік тіл мәртебесін әперу болып табылады! Ұлт көшбасшысы Ұлт аманатын орындауды өзіне парыз деп санағанда ел де өзін елміз деп санайды!
«Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет»,-деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ тілі Мәңгілік дауға айналмай, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болуы үшін, бұл Ұлт алдындағы қасиетті парызы мен міндетін өзгеге қалдырмай, Өзі орындауы керек! Ел Елбасыдан осыны күтіп келеді!
ХХ ғасырдың басындағы Алаш көсемдері «Оян, Қазақ!»-деп жар салғаннан бері бір ғасыр өтті. Биыл сол Алаштың 100 жылдығы! Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асты! Енді Қашан Оянамыз?
Елбасымыздың осы Демократиялық жаңаруға бастауын, Қазақтың ояна бастауына -– Ұлттық жаңғыруға шақыру деп, ұлт мүддесін ұлықтаған ұлттық ұран деп қабылдайық!"
Кейін бұл мақаламыз
"Мемлекеттік тілдің Тәуелсіздігі Ата заңда айқын көрінсін" деген атпен 115 ұлт зиялысы қол қойған Ашық хатқа айналып, Ақордаға жеткен де болатын.
Енді міне, жердің жүзі жаңғырған көктемнің көгорай күнінде, Көк тулы Қазақ Елінде де Рухани Жаңғыру дүниеге келді. Осыдан 56 жыл бұрын 12 сәуірде Қазақ жерінен адамзат ғарышқа көтерілсе, енді міне, Қазақ Руханияты да өз биігіне шығуға бетбұрыс жасады
. Алаш баласы ақсарбас айтып, ақ түйенің қарны жарылар тарихи құжат бұл! Ұлттық мүддеге - мемлекеттің келешегіне елеңдеген еліміз үшін бұл ертеңімізді жарқын етер ерекше серпін! Абыздай ақтарыла толғап, ақындай жырлаған, тереңнен тартып, биіктікті көрсеткен, кешеден шолып, болашаққа бағдар берген туынды! Тегеуріні қатайып келе жатқан Тәуелсіз Елдің Темірқазық тұғырнамасы!
"Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай."-деп жазады Елбасымыз елдің көңілін дөп басып.
Иә, кешегі жетпіс жылдай желкемізден төнген кеңестік кезеңдегі бар алапат еңбектің көбісінің нәтижесіз болып шығуы - ұлттық кодтың сақталмауында еді...
"Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды."
Ұлттық мүддеміз - ұлттың мәдениеті мен саф алтындай салт-дәстүрін сақтай біліп, жаһандық бәсекеге төтеп берер заманауи білім-білікпен жаңғырта алсақ қана жалымыз биік, тұғырымыз мықты болатыны анық.
Ол үшін енді Елбасымыз ерекше мән беріп, қадап айтқандай,
"Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек."
Тәуелсіздік алсақ та, тізгінімзді тарта ұстап келген ұлттық мәселелердің баурын жазып, еңсесін тіктер кезі келді. Енді Елбасымыздың өзі Ұлттық Рухани Жаңғыруды жариялап, иірімі терең идеологиялық ұстынның қадау-қадау қазықтарын қағып, шешімдерін шегелеп берді.
"
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана" деп түйін жасайды.
Елбасы сонымен бірге "дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" деп, қазақтың өзі айтқандай, жаңа заманға жанаса алмаған, қарышты қадамға тұсау болар ескі әдеттерден арылу керектігін айтады.
"Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек."
Яғни, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ" мақаласы - Рухани Тәуелсіздікке жетудегі баршамызға бағдаршам болар бағдарлама! Ұлтты сүюге рұқсат берілген тарихи құжат! "Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды" - дегеніміз Елбасымыз айқындап берген Ұлттық Рухани Жаңғырудың басты қағидасы, нақты формуласы!
Қысқа, әрі халыққа түсінікті тілде айтсақ, дәл осылай!
Енді, талай жыл тар жол, тайғақ кешуде басымыздан өткендей, "
Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ!" Елбасының бұл түйінді сөзі мұхит мұзтауындай астындағы алапат астарымен ауыр салмақ тартып тұр!
Ұлы Далада ұлылығын көрсеткен көне Көк түріктен көктеп, Көк туын көкте желбіреткен Рухты Қазақтың Қайта өрлеу дәуірі басталғанын жариялаған Рухани Жаңғыру бұл! Қадым замандағы құлашын кең жайған қағанаттардың қайқы қылышы ХХІ ғасырда жаһандық Білім биігіне көтерілер қанатқа айналуы керек. Өйткені, "
Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді." Ұлттық сананың жаңғыруы осы болмақ.
Елбасы мақаласының
"Таяу жылдардағы міндеттер" атты екінші бөлімінде алда атқарылар бірнеше жобалар нақты көрсетіледі.
Оның ең біріншісі - қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру.
Елбасы бұны бұрын да, 2012 жылы желтоқсанда жариялаған
«Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп мәлімдеген болатын
Бұл ұсынысты ел қуана қабылдауда. Президентіміздің өзі ерекше үміт артқандай жастардың даусы жарқын шығып, барлығы қолдау көрсетуде. Әрине, ел болғасын, кері тартатын кертартпалар да кездеспей қалмайды. Бірі шын жанашырлықпен кириллицадағы мұраларымызға алаңдаса, бірі Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, әлі орманға қарап ұлиды. Олар тіпті парламент төрінен де табылды... Біртұтас ұлт болуға ұмтылған елімізде осындай сын сәттерде Ресейліктерді айтпағанда, өзіміздің орыстілді БАҚ-тарда кері тарту кесірлігі байқалып қалды. Бұл әрине, 25 жылдан бері бірліктің қазығы ретінде біз ұстанған "Бір ел. Бір тағдыр" қағидасының "Бір тілге" ұласа алмай жатқандығынан болса керек... Енді, міне, Елбасының белгілеп берген "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыруы" осындай кем-кетіктердің орнын толтыратыны анық деп үмітенеміз.
Қазақ тілінің Латын әліпбиіне өтуі - Руxани Тәуелсіздік алу! Ал Тәуелсіздік алу оңай, арзан болады, қиындығы жоқ деп кім айтты? Елбасымыз Тәуелсіздік алған соң еліміздің шекарасын қалай берік бекемдей алса,, енді Латын әліпбиіне өту арқылы Рухани шекарасын белгілеп бермек! Ол рухани отаршылдыққа жол бермейтін шекара! Ол әлемнің алдыңғы қатарлы озық елдерімен еркін қатынас жасайтын шекара! Латынға өту - түбі бір түркі ағайындардың рухани әлеміне қосылу болып табылады. Латынға өту- өткенімізге оралу! Латынға қарсылар - Руxани Тәуелсіздікке қарсылар!
Кириллицадағы әдеби дүниелерді латынға аудару үшін кейбіреулер кері тартып жүргендей, көп күш пен көптеген жылдардың керегі жоқ! Ол қазір демде атқарылатын теxникалық жұмыс. Мәселе - басып шығаруда. «Латынға өтсек, қазақтың бәрі сауатсызға айналады, өзбектер солай болды» деген құрғақ сөз, құр байбалам. Сауатсыздық бар елде, барлық әліпбиде де болады. Өзбектің жеміс сатқан сауатсызымен емес, жемісті еңбек етіп, латын қарпінің арқасында технологияның жетістіктерн игеріп жүрген сауаттыларымен, олар толып жүр, сөйлесу керек. Қазір де кириллицада сауатсыз қазақтар жоқ па? Қазақша атын жаза алмайтын, дұрыс сөйлей алмайтын қарапайым орыстілділерді айтпағанда, өзінің қазақтілін білмейтінін парламентте салтанатты түрде жариялап, жайбарақат тұра беретін ел басқарып отырған министрлер, әкімдер, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлердің, шекесі тар шенеуніктердің бәрі сауатсыз емес пе? Олар мысалы, еліміздің болашағын айқындап беріп отырған ең маңызды Елбасының осы мақаласын "Егемен Қазақстан" газетіне шыққан күні оқи алған жоқ. Өйткені, бұл мақала тек қазақ тілінде жарияланды. Мемлекет басшысының мемлекеттік тілде шыққан мемлекеттік маңызы зор мақаласын мемлекеттің министрлері мен шенеуніктері оқи алмау деген ойға кіретін нәрсе емес өзге өзін сыйлайтын елдер үшін... Олар жалпы, "Егемен Қазақстанды" оқымайды, "Казахстанская правданыы" ғана оқиды. "Қазақ үні" газетіне тек өздерін сынағанда ғана көз салады... Осы өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің мемлекеттік тілін білмейтіндерді сауатты деп кім айтты? Сауаттылық дегенді бір кездегі қожайын елдің тілін - орыс тілін ғана білу деп, отарлық, құлдық санадағылар ғана ойлайды! Елбасымыз айтқандай, еліміздің ендігі болашағы ең алдымен - Қазақ тілінде! Әлемнің басым бөлігі сөйлейтін ағылшын тілінде!
Мен 2013 жылы қаңтарда «Қазақ үні» газетінде жарияланған «
ЛАТЫН әліпбиіне көшуге ҚАРСЫЛЫҚ – ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!» атты мақаламда бұл мәселені тереңдей қозғаған болатынмын. Сондықтан, алдағы уақытта бұған тағы да қайта тоқталармыз.
Ендігі бір ел еңсесін көтерген Елбасы жобасы
- қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы.
"Оның мәні мынада:
1. Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет".
Жүз оқулық жүзімізді жарық етер жарқын болашақтың алғышарты болары анық. Кеше ғана қаржылық дағдарысты рухани дағдарысқа ұластырып жіберген Білім министрлігі оқу ордаларынан қысқартып тастаған қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы және т.б. гуманитарлық кафедралар енді қайта құрылып, білімдіге кең өріс ашыла беретін болады.
Бұл алдымен қазақ тіліндегі білім алуды биікке көтереді және мемлекеттік тіліміздің берік нығая беруіне бекем негіз жасайды.
Бұл бағдарлама бойынша алдағы жылдарда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады. Яғни, қазақ тілінде әлемдегі ең үздік оқулықтарды дайындау ұзақ күттірмейді. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттер осы оқулықтарды оқи бастайды.
«Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасы да ұлттық кодтың қалпына келуіне қайрат жасайтын елдік маңызы ерекше үлкен шара. "Отан от басынан басталатыны сияқты", Тәуелсіз еліміздің берік негізі туған жерден бастау алатыны айқын. Қазығы ауылда қағылып келген қазақ үшін туған ауылы қай қиырда жүрсе де, қай қияға шықса да, әрқашанда қасиетті мекені! Қазір жаппай ауылдан қалаға көшу белең алып тұрғанда, бұл бағдарлама ауыл ажарын кіргізіп, елдің берекесін арттыратыны анық. Бұл жобаға материалдық құндылық бере алатын кәсіпкерлермен қатар рухани күш беретін қаламгерлер, жалпы зиялы қауым да белсене атсалысуы тиіс!
"Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.
Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі."
Иә, туған жер тарихын білмеу - түп тамырыңды танымау. Туған жерден қол үзіп кеткендердің генетикалық кодының бұзылатыны сондықтан. "Сен өткенге тас лақтырсаң, келешек сені зеңбірекпен атады" деген қанатты сөз бар. Батыр бабаларымыз қасиетті қанын төгіп қорғап қалған Ұлы даланың әр тасы терең тарихтан сыр шертеді.
Туған жер туралы жырламаған ақын, шырқамаған әнші жоқ. Елбасының туған жер туралы толғауынан соң біздің де шабытымыз оянды:
Табаныңда тартылғанда үзеңгi,
Тағдыр салса, басарсың-ау жүз елдi.
Қаншама кең болғанымен қара жер,
Бiр-ақ жерге бүгесiң ғой тiзеңдi...
Ерiп кетiп Өмiр деген көшкiнге,
Кешедi елiң,
Келсең де сен кеш мүлде...
Кiндiк кесiп –
Жүрегiңе жалғаған,
Тартылысты үзе алмайды ешкiм де...
Осы жобаға сабақтас
«Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы елді біртұтас елдік, ұлттық патриотизмге жетелейтін бағдарлама. Кеңес кезінен бүгінге дейін Қазақстан мектептерінде алдымен өзге елдердің, КСРО тарихы (шындығында Ресей тарихы) мен дүниежүзі тарихын оқытып келдік. Ал өз тарихымыз қазақтың әйгілі Қадыр ақыны айтқандай:
"Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақтағы..."
Енді Рухани жаңғыруымыз бұл олқылықтың орнын толтыруы тиіс. Бұл бағдарламаның орындалуында бүкіл зиялы қауым алдыңғы қатардан табылуы керек.
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихында елеусіз жүріп-ақ елінің гүлденуіне ерекше үлес қосқан жандар аз емес. Олардың да аттарын ардақтайтын кез келді.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бұл бағдарламаны іске асырады. Ал ондай жандар елімізде жетеді. "Оң қолыңмен жасаған қайырымдылықты сол қолың көрмесін" деген иманды қағиданы қатаң ұстаған жомарт та, патриот азаматтардың атын жастарға үлгі ету мақсатында енді анық білетін боламыз. Бұл бағытта БАҚ-тарымыздың ізденісі мен белсенділігі үлкен рөл атқарады. "Қазақ үні" газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталы да өз үлесін қосады деп айта аламын.
Елбасы мақаласындағы ең маңызды бағдарлама - латынға өтуді кезінде биыл тарих сахнасына шыққанына 100 жыл толып отырған Алаш көсемдері де жақтаған. Түркияның президенті Ататүріктен бастап, Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан да қатты қолдаған.
Осы жерде айта кету керек, саяси партиялар ішінде латынға өтуді ең алғаш қолдаған Алаштың ізбасары «Ақ жол» партиясы. «Ақ жол» партиясының ұлт зиялыларымен бірігіп жасаған, салмақты саясаттанушылардың жоғары бағасын алған 2007 жылы жарияланған 2010-2015 жылға арналған Ұлттық тұжырымдамасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі, алфавит - латын әліпбиі болу керек деп айқын жазылған болатын... Ал партияның саяси бағдарламасында Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен Қазақстан тарихынан емтихан тапсыру талабы ұсынылған. Сонымен қатар Тәуелсіз ел үшін отарсыздану идеологиясының маңыздылығы да айқын көрсетілген. Яғни,
Елбасымыз ұлттық рухани жаңғыруға Ақ жол ашып беріп отырғанда, «Ақ жол» партиясы да Ұлттық мүддені ұлықтау үшін алдыңғы қатардан табылатыны анық.
2015 жылы Елбасымыз тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақша сөйлеп, бүкіл әлем президенттері алдында қазақ тілінде баяндама жасап, Қазақ хандығының 550 жылдығына керемет тарту жасаған еді.
Енді бүгінгі бұл Рухани жаңғырудың тарихи құжаты Қазақ хандығының үзілген жолын жалғау үшін Тәуелсіз ел болуды армандап, мақсат-мұратына айналдырған қазақтың ең алғашқы саяси партиясы Алаш қозғалысының 100 жылдығында жариялануы да еліміз ширек ғасыр күткен ерекше тарту болды!
Елбасының елге серпін берген
Рухани Тәуелсіздік бағдарламасы - ел рухын көтерген ерекше құбылыс!
"Нар жолында жүк қалмас" деген қазақтың даналық сөзінің туралығын айқындайтын бұл тұғырлы тұжырымдама бойына бұла күш бітірген ұлтымыз лезде жалы көтеріліп, жалындап шыға келді!
Мыңдаған жыл тарихы бар Ұлы Дала еліндегі Елбасымыз бастаған Ұлттық Рухани жаңғыру майданында Елдің ертеңі жарқын болып, еңсесі биіктей беретініне сенеміз!
Қазыбек ИСА,
"Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары.
"Қазақ үні" газеті
qazaquni.kz