Дін істері министрі мешіттерде уағыз орыс тілінде айтылуы керек деп мәлімдеді
2016 ж. 22 қыркүйек
17344
72
Астанада өтіп жатқан «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысында қоғам қайраткері Мұxтар Тайжан Қазақстандағы экстремизм мен терроризмнің негізгі себептерін атады.
«Меніңше, осы экстремизм мен терроризмнің басты себебі – кедейшілік және жұмыссыздық. Сондықтан. осында отырған Үкімет мүшелерінің жауапкершілігі зор деп ойлаймын. Елімізде кедейшілік пен жұмыссыздық болмауы тиіс. Себебі, Қазақстан – бай мемлекет, 17 ақ миллион xалқы бар. Әрине, экстремизм мен терроризмнің тағы бір себебі – білімсіздік. Әсіресе, орта білім саласында үлкен реформа жасау қажет», - дейді Тайжан.
Қоғам белсендісі өзіне дейін баяндама жасаған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты сынға алды.
«Қазір жаңадан тағайындалған министр Ермекбаев мырза кейбір ойларын дұрыс айтып өтті. Бірақ, менің ойымша, сіз өз ойларыңызды тек орыс тілінде ғана айтатын болсаңыз, жастар сізді түсінбейді. Өйткені, жастардың көбі қазақтілді. Сондықтан мынау сіздің мешіттердегі уағыз орыс тілінде болуы керек деген ұсынысыңызды қолдамаймын. Себебі, мешітке барып отырған жамағаттың 99 пайызы қазақ тілінде сөйлейді», - дейді Тайжан.