«1916 жылғы көтерліске қатысқандар әлі толық ақталған жоқ»
2016 ж. 13 маусым
4123
1
(Ұлт азаттық көтерлісінің 100 жылдығына орай Торғай өлкесінде өткен пресс-тур күнделігінен. Жолжазбаның алғашқы бөліктері: “Арқалықтың ақ таңы” және “Ұлылар ұмытылмайды”, Арқада Әбдіғапар әмір болған (фото) деп аталады)
Арқалықтың жүрегіне айналған бір ерекше руханият орталығы бар болса, ол – осы біз отырған Ы.Алтынсарин атындағы МПИ болар деп ойладым. Себебі білімнің, ұстаздықтың негізі қаланған әйгілі өлкеде әлі де сол тектіліктің тамыры үзілмей келе жатқандығын байқауға болады. Ұлт азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай жиналған көпшілік таңертеңнен бері екі бірдей іс-шараны өткізіп тасатғанына қарамастан иниституттың конференц залына ылқа толыпты.
Алматыдан, Астанадан, Ақтөбеден, Қостанайдан арнайы келген ғалымдар, алаштанушылар, тарихшылар көтерліс тарихынан көшелі сөз сөйлеп, көпшіліктің ықыласына бөленіп жатыр.
Осы конференция барысында біз секілді қатып қалған жиындарға қатысып, мінбедегі көсемсөзшіден басқаның сөйлегенін бұрынды-соңды көрмегендерге бір әрекет ерекше байқалды. Ол не десеңіз, залда отырған тыңдаушылардың мінбеге шыққан көсемсөзшілердің кей қателігін дұрыстап, дұрыс жерін мақұлдап, өте бір белсенділікпен конференцияға атсалысып отырғандығы еді. Әрине, Торғай топырағында туған көтерліске қатысушылар туралы айтылғандықтан өз ата-бабалары жайлы мәлметтерді толықтай білетіндігіне күмәніміз жоқ. Дегенмен халықтың өз тарихына деген адалдығы, өз тарихына деген құрметі ерекше екенін осы жиында байқауға болатын еді.
Мінбеге шығып, кезек кезек сөз алған тарихшыларымыздың барлығы да Ұлт азаттық қозғалысына қатысқан сол кездегі боздақтардың жеке адами құндылықтарына, тарихи шешуші сәттердегі дәуір саясатының сұрқиялығына, сол кездегі қазақ халқының ауыр тұрмысына, соған мойынсұнбай қасқайып қарсы тұрған тұлғаларға арнайы тоқталды. Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, Әбдіғапар Жанбосынұлы, Кейкі батыр т.б. қатарлы жанпоздардың өмірі тілге тиек етілді.
Осы жиында сөз алған Мәмбет Қойгелді: «Қазақ даласында дәл осы Торғай көтерлісі секілді 370-тен астам көтерліс болды. Ал ең көп адамның басын біріктірген осы өңір. 15000-нан астам сарбаз жазалаушы отриядтарға қарсы, «июнь жарлығына» келіспей атқа қонған болатын. Осы 15000 адамның санаулысы ғана елге танымал, санаулысы ғана өз бағасын алды. Ал қалғандарының аты-жөнін құжаттардан ғана білеміз, былайғы уақытта олардың кім екені, кім болғаны туралы ешқандай айтылмайды. Түптеп келгенде, осы Ұлт азаттық көтерлісіне қатысқан, соның салдарынан жазалауға, қудалауға ұшырағандар әлі күнге ақталмай келеді.» - деді.
Бұған қоса Тұрсын Жұртбай, Ерлан Сайлаубай, Қайырбек Кемеңгер, Айшуақ Дәрменұлы, Шөптібай Байділдин қатарлы тарихшы ғалымдар осы өңірде өткен сұрапыл сәттердің қатпарларын ақтара түсті.
Біз конференциядан шыққанда күн түс ауып кеткен екен. Құрбандарға бағыштаған асқа баруға жиналдық.
Ержан Жаубай
qazaquni.kz