"Салықтан жалтарды" деген ақпарат отандық жұлдыздардың ашуын келтірді
2016 ж. 20 мамыр
3144
1
Қазақстандық жұлдыздар салық төлеуден жалтарды деген айыптарға реніштерін білдірді. Бүркіт пен Ділназ Ахмадиева Мемкірістер департаментінің күдіктеріне жауап берді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Мекеме қызметкерлері БАҚ-та өздерінің табысы туралы ақпаратты жария еткен жұлдыздардың соңына шам алып түсті.
"Ақша артынан із қалдырады. Біз сол іздермен жүріп, олардың табысы шын мәнісінде қандай болғанын дәлелдейтін боламыз. Ірі ақшаға көлік секілді мүліктер сатып алып жатады. Қымбат көліктер алып жатса, табыс қайдан келіп жатыр деген орынды сұрақ туындайды", - дейді Алматы бойынша Мемлекеттік кіріс департаменті басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық.
Мәселен, Бүркіт Forbes мәліметтеріне сәйкес, жыл сайын миллион доллар табыс табады. Сол арада салықшылар Бүркіттің жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп тұруды қаперіне ілмегенін алға тартты. Әншінің өзі бұл айыптауға таңданыспен қарады.
"Егер менің табысым расымен сондай болса, менде бірнеше пәтер болар еді. Біз ән салып, ақша таппаймыз демеймін. Табамыз, әрине, бірақ журналда көрсетілгендей қомақты қаржы тапқан емеспін", - дейді Бүркіт.
Мемлекеттік кіріс департаментіне сенетін болсақ, өткен жылы Әли Оқапов 54 миллион теңге тапқан. Ал мемлекеттік қазынаға ол көк тиын да төлемеген. Ділназ Ахмадиева екі есе артық табыс тапқан (108 миллион теңге), алайда ол да салық төлеуді ұмытып кеткен.
"Ділназ мемлекет алдында есеп беріп отырады, яғни салық төлеп отырады", - дейді Ділназ Ахмадиеваның әкімшісі.
Одан бөлек салық төлемегендер тізімінде Асхат Тарғынов, Әлішер Кәрімов, Бахтияр Мәмедов, Серік Ибрагимов, Жанар Дұғалова бар.
Мемкіріс департаменті тізімде жоқ өнер иелеріне де кезек жететінін ескертті. Жақын арада шенеуніктер осы салада табыс тауып отырғандардың соңына түспек.
Осы орайды Астана арнасының тілшілері өнер жұлдыздарының өздеріне қоңырау шалып, пікірін білді. Әншілер ашық сұқбат беруден жалтарды. Негізінен табысы туралы айтпауға тырысты, кейбірі, тіпті бұл мәселе бойынша мазаламауды өтінді.
"Салық туралы комментарий бергім келмейді. Бүгін маған қоңырау шалған журналист қалмаған шығар. Ештеңе айта алмаймын", - дейді әнші Әли Оқапов.
"Ешқандай түсінік бере алмаймын. Бұл мәселе бойынша тағы да айтамын, маған хабарласпаңыздаршы, өтініш", - дейді Мақпал Исабекова.
Естеріңізде болса бұдан бұрын салықтан жалтарып келген шоу-бизнес жұлдыздарын тексеру басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Дерек көзі: КТК