Қайрат үшін Б. Төлегеноваға оның анасы жауап берді
2014 ж. 16 қазан
60206
136
Танымал әнші Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Үсенқызы Бибігүл Төлегенова туралы өз ойымен бөлісті.
Бұл туралы "Жас өркен" хабарлайды.
"Біз бүкіл халықтың сүйіктісіне айналған Бибігүл апамызға қарсы дау айта алмаймыз. Қайрат сынды қаншама жас өнерпаздар сол кісілерге қарап өсіп келеді. Бірақ, жас баланың еңбегін мүлде жоққа шығарып айтқаны жөн де емес-ау", - дейді продюсер.
Гүлзира ханым Бибігүл Төлегенованың мұндай пікірге келуіне Толқын Забированың әсері болуы мүмкін екенін айтады.
"Саз әлемінде" әнші Забирова Қайраттың өнері мен кәсібилігіне біраз сын айтқанын білесіздер. Бибігүл апамыздың қасында жиі жүрген соң, Қайрат туралы өз пікірін үнемі айтатын шығар, кім білсін. Қасыңда жүрген адамның әлдекім туралы пікіріне сеніп те қалатынымыз жасырын емес қой. Әйтпесе, Бибігүл Ахметқызы Қайраттың шығармашылығымен соншалықты таныс та емес шығар, білмеймін", - деген Гүлзира Үсенқызы өз сұхбатында.
Әншінің анасы Қайратты қанша сынаса да, Бибігүл Төлегенованы қазақтың аналарының бірі деп есептеп, құрметтің бәріне де лайық деп санайды.
Алайда, жақында Алматы мен Астанада өткен Қайрат Нұртастың концертіне олар Төлегенованы шақыруды ұмытып кеткен.
"Өкініштісі, екі концерттің де алдыңғы ең сыйлы қонақтарға арналған шақырту билеттерін таратып жіберіппіз. Содан ол кісіні осы жолы шақыра алмай отырмыз, әйтпесе ойымызда бар еді", – деп ағынан жарылды продюсер.
Естеріңізге сала кетейік, Бибігүл Төлегенова әнші Қайрат Нұртасты сынның астына алып, оның талантын мойындамайтынын айтқан еді. Бұл пікір қоғамда үлкен дау туғызды.