Мақпал Жүнісова әуежайдағы жайтқа байланысты халықтан кешірім сұрады
2014 ж. 27 тамыз
4697
10
Әнші Мақпал Жүнісова жуырда әуежайда орын алған жағымсыз жәйтке байланысты NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Қазақстан халық әртісі Павлодарда әуе рейісіне не үшін жіберілмей қойғаны жайлы баяндады.
NUR.KZ: Мақпал апай, сізді Павлодар қаласында әуе рейсіне жібермей қойған видеоны барлық интернет қолданушылар көрді десек болады. Айтып беріңізші, ұрыс неден туындады?Мақпал Жүнісова: Бұл оқиға Наурыздың 23 күні болған еді. Павлодар қаласында тұратын атақты, құрметі бөлек бір профессор (атын айтпады - ред.) ағамыздың тойына барғам. Ол кісілер ұшақтың бизнес-классына барып-қайту билетімді алып берді. Қайтар жолда, жаңағы кісілер шығарып салды. Тіркеу кезінде аздап кешігіп қалдық. Бірақ, төлқұжатымды көрсетіп, билетімнің электронды нұсқасын қарай салыңыздар, қағаздағы көшірмесі сөмкемнің түбінде қалып қойыпты деп түсіндірдім. Бәрі жақсы болған. Бір кезде полиция формасын киген екі жігіт "ұшақтан түсіңіз, сіз ұшпайсыз" деп келді. Таң қалдым. Құлақ аспай отыр едім, күш көрсете бастады. Сөйтіп сүйрегендей етіп, ұшақтан түсіріп алып қалды.
NUR.KZ: Интернетте таратылған видеода әуежайдың ішінде полицейлермен ұрысып тұрсыз. Даусыңыз шықпай қалған. Интернет пайдаланушылар арасында сізді "мас" дегендер болды. Бұған не дейсіз?
Мақпал Жүнісова: Мен ол жерде мүлде мас емеспін. Даусым шықпай, тамағым ауырып тұрған кез еді. Мені "мас" дейтіндерге айтарым, қатты ауырып тұрғам. Мерейден обал болды. "Мама неге ұрысып жүрсің? Интернетте сені бәрі көріп жатыр" деді. Өзім ол ютуб дегенді ашуды да білмеймін. Менің өнерімді құрметтеп өзімді сыйлап тыңдайтын кісілерден ұят болды. Тыңдармандарымнан осы үшін басымды иіп кешірім сұраймын. Бұл түсінбестік.
NUR.KZ: Инстаграм парақшаңызда осы ұрысты сырттан түсіріп алған жігітті таптым деп суретін жарияладыңыз. Ол азаматпен сөйлестіңіз ба?
Мақпал Жүнісова: Ол жігітті өзімнің адамдарыма айтып таптырдым. Осы Алматыда тұрады екен. Өзін көрмедім. Жігіттер үйіне барса, әжесі бар екен. "Ол бала қазір бізбен тұрмайды. Алыс туысымыз болады. Қазір қайда екенін білмейміз, араласпаймыз" депті. Ол жігітті, әуежай қызметкерлерін сотқа беріп, қудалайм деп ойлап та отырған жоқпын. Уақытым да жоқ. Менің абыройымді түсіргісі келетін әрбір адаммен ұрысып жүретін болсам нем қалады?!
NUR.KZ: Алматыға қалай жеттіңіз? Келесі рейсті күттіңіз бе?
Мақпал Жүнісова: Билеттің белгілі бір пайызын түсіріп, әуе компаниясы ақшамды қайтарып берді. Ұшақтан қалғаннан соң Алматыға көлікпен келдім. Тойға келем деп уәде беріп қойған жерлеріме де үлгермей қалдым. Осы видео тарағаннан бастап журналистер мазамды алды. Бұл оқиға бойынша сіздермен ғана сөйлесіп отырмын. Әлгі жағдай есіме түссе, мазам кетеді.
NUR.KZ: Болған жайт жайлы айтып бергеніңізге рахмет!
Еске сала кетсек, бұған дейін әнші Мақпал Жүнісованың Павлодардың әуежайында рейске жіберілмей қойғанын, орын алған жәйттің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде пайда болғанын хабарлаған болатынбыз.