Уәлибек Әбдірайымов: Қазіргі клиптерде жігіт пен оған асылған үш-төрт қызды ғана көресің...
2014 ж. 16 шілде
23142
1
Қазақстандық эстрада жұлдыздарының атына соңғы уақытта тым жиі сын айтылып жүр. Тыңдармандар көптеген әншіні талғамсыз, жанды дауыспен ән айта алмайды деп айыптайды.
Дарынсыз әншілердің көбейіп кеткеніне "Шаншар" театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов та алаңдайтынын талай концертінде айтып жүр.
"Қазір екінің бірі әнші болған заман ғой. Фонограммамен ән жаздырады да жұлдыз болып шыға келеді. Ал, таза өнер тасада қалып қойды. Көпшілік тыңдарманға жаңағы фонограммамен ән айтып жүрген жұлдыздар ұнайды. Көп нәрсе тыңдарманның талғамына да байланысты", - дейді Уәлибек Әбдірайымов.
Қазір әншілердің деңгейі бейнеклиптерінің санымен өлшеніп жүр. Яғни, ақшаң бар ма, қалағаныңша клип түсір де жұлдыз атан. Сенің дауысың, айтқан әнің аса маңызды емес.
Тек бейнеклип мынадай мазмұнда болуы керек: ішінде жігіт болуы керек және оның үстіне міндетті түрде үш-төрт қыз асылып тұрсын. Әлгі қыздар жартылай жалаңаш болсын. Астарына біреудің арендаға берген қымбат көлігін мінгізіп қой. Оның төбесі ашық болатын болсын. Болды ғой!
Сол бір-екі қыз ашық-шашық шашын жайып жіберіп тұрса, ал сен соның ортасында шала мас болып ән айтып тұрсаң, жеткілікті. Сен жұлдызсың! Не айтып жатыр, оған ешкім мән бермейді.
"Бірлік болсын әлемде, тірлік болсын әлемде! Аман бол, халқым!" деген жолды 54 рет айтып та ел жұлдыз болып жатыр. Міне, ән деңгейі сондай. Бұрын "Тамашада" шыққандар танымал болып, кейінгі театрлардан шыққандар көрінеді де жоқ болып кетеді, бұл қалай болады деген сұрақтың жауабы осында.
Бұрын әнді теледидарға шығарарда қарап, бұл болатын ән бе, болмайтын ән бе деп бағалайтын. Розаның, Сембектердің орындаған әндерінің жұтаңын көрмейтін едік қой. Сөзі де әдемі, әуені де әдемі, ондай әндерді әншінің әншісі айтатын.
Асқар Жүнісбеков – жақсы әнші. Жұбаныш Жексенұлы да мықтылардың қатарында. Асқар Жүнісбековке керемет әндер айтқызуға болады. Сөзін де анық қылып айтып береді, әуенінің де нақышын келтіреді.
"Шаншардан" Нұржан Төлендиевтің бөлініп шыққанына да біраз уақыт өтті.
Соңғы бірігіп өткізген концерттерден кейін көрермендер Нұржанды "Шаншардан" қайта көргісі келетіні жиі айтылады. Бірақ, Уәлибек Әбдірайымов бұрынғы құрамның қайта жасақталатынын жоққа шығарды.
"Нұржан бөлек отау тігіп, жеке шаңырақ құрды. Еншісін алып, өз тіршілігімен айналысып кеткен бала қайтып келмейді. Әр театрдың өзінің тыныс тіршілігі бар, өз көрермені бар. Өздеріңіз куә болғандай, "Алдараспан Шаншарды шақырады" деген концерт берген болатынбыз. Алда да сондай кештерді өткізу жоспарда бар", - дейді театр директоры.
Көптеген жастар КВН-нен келіп жатыр. Ал, КВН мен театрдың айырмашылығы жер мен көктей. Театрда образды, кейіпкерді сомдау керек болса, КВН-де сөздер қуаланып кете береді. Ондағы ойын шағын-шағын оқиғалардан ғана құралады. Бірақ қазіргі жастардың көбісі соған әуес.