Өнер жұлдыздары қайда демалады?
2014 ж. 12 маусым
4138
1
«Атың барда ел таны, желіп жүріп» демекші, қазіргі заманда қалтаңда ақшаң болса қайда барып демалам десең де өз еркің. Бүгінде еліміздің қалталылары алты құрлықтың тамаша жерлерін аралап, тіпті қаласа, ұнаған елдерінен үй де сатып алып қояды. Forbes-тағы әлем дәулеттілерінің тізіміне енген қазақстандықтарды былай қойғанда қазір тұрмысы орташа қарапайым отбасылардың көбі жазғы демалыстарын шетел асып өткізуді әдетке айналдырған. Ал халықтың алдында жүрген танымал өнер иелері сахнадан, той-думаннан, халықтың назарынан шаршағанда бір уақыт шетелге барып демалып, жағажайларда бала-шағаларымен арқа-жарқа рахаттанып қайтады. «Алаш айнасы» биылғы жазды өнер иелері қайда, қалай өткізетіндерін анықтап көрген еді.
Мейрамбек Беспаев, әнші: – Әлемнің қандай керемет жерлерін араласаң да туған жерге жетпейді, әрине. Қай кезде де туған елімізде халқымызбен біргеміз. Бірақ анда-санда демалғанда шетелге шығып тұрамыз. Өйткені бізде тамаша демалыс орындарымыз бар болғанымен ондағы қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Сондай-ақ демалған кезде ешкімнің мазаламағын қалайсың. Өздеріңізге белгілі өнер адамдары жыл бойы концерт, той-томалақта халықтың арасында жүретін болғандықтан бір уақыт көпшіліктің көзінен таса жерде демалғысы келеді. Өз басым Түркияда, теңіз жағасында демалғанды ұнатамын.
Бүркіт, әнші: – Біз Айша екеуміз жаз мезгілін өте жақсы көреміз. Ыстық елдерде, теңіз жағалауында демалған ғажап қой. Осы жазда, яғни шілде айында Еуропа елдерін аралап қайтпақпыз және сол жақта екі бейнеклип түсіре келуді де жоспарлап отырмыз. Шетелде демалсаң, жылда барғың келіп тұрады.
Қайрат Нұртас, әнші – Шыны керек, менде демалатын уақыт бола бермейді, болса да өте аз. Уақытымның көбі ұшақта өтеді десем де болады. Гастрольдік сапарлармен жүремін. Бос уақытым бола қалса, фазендаға барамын, табиғат аясында демалғанды, атқа мінгенді жақсы көремін. Өзіме сыйға тартқан керемет атым бар. Мен тыныштықта демалғанды ұнатамын. Ал шетелдерге демалу үшін емес, көбінесе жұмыс барысымен барамын. Айталық осы жылдың қазан айында АҚШ-тың Майами штатына баруды жоспарлап отырмын.
Роза Әлқожа, әнші: – Биыл бірінші рет бала-шағамызбен Түркияға барып демалып қайтуды жоспарлап отырмыз. Әрине, өзіміздің елімізде де табиғаты тамаша, көрікті жерлер, демалыс орындары бар. Дегенмен шетелге де барып, көріп, демалып қайтқан жақсы ғой. Жазғы демалысты есте қаларлықтай қызық өткізгенге не жетсін? Алла бұйырса, шілде айында отбасымызбен Түркияға аттанбақпыз.
Айгүл Иманбаева, әнші: Осы жазда мен Түркияның бірнеше қаласына баруды жопарлап отырмын. Маған Анталияда демалған қатты ұнайды. Түркияда туристерге барлық жағдай жасалған.
Жазира мен Жанболат, әнші жұп: – Біз демалысымызды үнемі шетелде өткіземіз деп айта алмаймыз. Сәті түскенде ауылға барып, ағайын-туысты аралап қайтамыз, отбасымызбен табиғат аясына да жиі шығып тұрамыз. Осы жылы жазда біз Түркияға барып демалып қайтпақпыз.
Өнер адамдарының жазғы демалыстарын қайда өткізетінін сұрастыра келіп, байқағанымыз «жұлдыздар» көбінесе шетелге ағылады. Әсіресе, біздің елімізде Түркияның жағажайларына барып демалушылардың қатары жыл сайын көбейе түсуде. Сондай-ақ туристік компаниялар мамандарының айтуынша біздің еліміздің азаматарының Түркиядан басқа Малайзия, Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктеріне барып демалуға деген қызығушылықтары зор көрінеді. Өкінішке орай Қазақстанның көрікті жерлері, табиғаты тамаша орындары әлі де көпшіліктің сұранысына ие бола алмай тұр. Бізге өзге елдің танымал тұлғасы келіп демалмақ түгілі өз еліміздің азаматтары Қазақстанның о шетінен бұл шетіне келіп өз туған жерінің табиғатын, туристік орындарын тамашаламайды. Қазір кімнен сұрасаңыз да Бурабайдан Бодрумды, Алакөлден Анталияны артық көреді. Бұған себеп, отандық демалыс орындары шетелдік жағажайлармен қызмет көрсетудің сапасы жағынан бәсекелесе алмаса да, бағасы жағынан қалыспай тұруы. Түркияға барып 1500 АҚШ долларына демалысыңызды тамаша өткізіп келсеңіз, Бурабайға ұшақпен бармай-ақ «жаяу» барсаңыз да осы қаржыны жұмсайсыз.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанға шеттен келуші туристерді еліміздегі экотуризм қатты қызықтыратын көрінеді. Десек те, туризм саласы мамандарының еліміздің жарнамасын жөнді жасай алмауы, елімізге турист тарта алмауы, қызмет көрсету сапасының төмендігі отандық туризмнің кенже қалуына себеп болып отыр. Сондай-ақ өзіміз Қазақстанның небір тамаша жерлері, бар, табиғаты тамаша деп аламыз да, қолымызға ақша тисе, жұрттан қалмай шетелге барып демалып қайтамыз. Соған қарағанда шетелде демалу әдетке айналып кетті-ау...
"Алаш айнасы" Айнұр Сенбаева