Бүркіт, әнші: тек қазақ тіліндегі әндерді шырқаймыз

photo_104875Айбек Жансейітов – қазақ эстрадасының танымал әншісі десек, көпшілік көрермен бұл есімді танымай жатуы мүмкін. Өйткені өзінің көңілді, ырғақты әндерімен халықтың жүрегіне жол тапқан бұл әншіні көпшілік Бүркіт деп біледі.

Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын үлкен сахнаға қанатын қомдап шыққан әнші бүгінде қазақ өнерінің қыранына айналған. Бүркіт өзінің Алла берген ерекше дауысымен, сымбатты келбетімен, ашық-жарқын мінезімен өнерде де, өмірде де халқына сыйлы азамат.

Өнерге жан-тәнімен берілген Бүркіт тынбай еңбек етіп, әрдайым көрерменін шығармашылығындағы жаңалықтарымен қуантып жүреді. Бүркіт "Алаш айнасы" басылымына өзінің өмірі мен шығармашылығы жайында сыр бөлісті.

"Мен алғаш сахнаға шыққан 2003-2004 жылдары орыс тілдерінде әндер орындап жүрдім және сол әндерімнің көбі мұңды, пессимистік сарында болатын. Кейіннен бір досымның "әншінің әр айтқан әні Аллаға дұға секілді жетеді" деген сөзі мені қатты ойландырды. Қарап отырсам, менің әндерім ылғи "сағындым, қимаймын, жете алмай жүрмін" деген сарындағы мұңды әндер екен. Сол уақытта өзімнің өмірім де осы әндердегідей болған секілді. Кейіннен стилімді өзгерттім, репертуарыма ылғи көңілді, ырғақты, билейтін әндер енгіздім", - дейді әнші.

Шынымды айтасам, өмірім де көңілдене түскендей. Сондай-ақ өзім қазақ бола тұрып, өзге тілдегі әндерді қанша керемет айтсам да, ол әндердің хит бола алмайтынына көзім жетті.

Өзім біраз шетелдерді аралап көріп те жүрмін, мәселен Түркияда түрік әншісі ағылшынша ән айтпайды, өзінің түрікше әндерін хитқа айналдырады. Қазір өзімнің де, Аиша екеуміздің де репертуарымызда - тек қазақша әндер. Халықтың сұранысына ие болып жатқанымыз да сондықтан шығар.

Өз басым кез келген әнді өз қалауыммен таңдаймын. Халықтың сұранысы осы екен деп кез келген өз көңілімнен шықпаған әнді орындай салмаймын. Аллаға шүкір, орындаған әрбір әнімнің халыққа ұнап жатқаны үлкен сәттілік деп есептеймін.

Көптеген жас жұбайлар Аиша екеуміздің минустарымызды алып, тойларында біздің әндерімізді орындап жатады. Осы сахнада жүрген он жылда мен қандай да бір жетістікке жетсем, бұл халқымның арқасы. Әндерімді тыңдап, өзіме тілеулес болып жүрген тыңдарманыма алғысым шексіз.

Шынын айту керек, Аишаның дауысы керемет деп айтуға келмейді, ол бірнеше жыл бимен айналысқан кәсіби биші. Мен алғаш Аишамен танысқанда, мені ғашық еткен - оның түр-келбеті және ішкі жан-дүниесі. Ол тіпті сахнаға шығып ән айтуға талпынған да емес, мен оны сахнаға өзім алып шықтым.

Мен отбасын құруға, жар таңдауға өте саналы, байсалды түрде қадам бастым десем болады. Өзім отыздан асқанда үйлендім, өйткені осы кезде ғана өзіме өмірлік серік болатын адамымда кездестірдім.

Мен орындап жүрген патриоттық әндер қазіргі заманға және өзімнің стиліме лайықталып жазылған әндер. Меніңше, бұл әндерді үлкен де, кіші де өте жақсы қабылдайды. Әсіресе дауыс ерекшелігіме қарай десем болатын шығар, көбінесе өзімнің қатарластарым және ел ағалары әндерімді жақсы көріп тыңдайтындарын айтып, көрген жерде қолымды алып жатады. Соған қарағанда бұл әндердің мәтіні жеңіл-желпі деуге бола қоймас.

Мен әр әнімнің сөзіне жіті мән беремін. Өзіме түсініксіздеу болып жатқан тұсын міндетті түрде анама көрсетемін. Өздеріңізге белгілі менің анам ақын, көп жылдар мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаз.

Мәселен, жақында "Дәридай" деген ән жазылды. Сөзін ақын Ринат Зайытов жазған болатын. Осы мәтінді анама көрсеткенімде ол кісі біраз жеріне түзету енгізді. Сонымен әннің сөзін екі автор жазды.

Жалпы мен әрқашанда анамның кеңесіне құлақ асып жүремін. Өйткені үлкен кісілер қашан да ақылымызға ақыл қосып отырады ғой. Өзім үлкен кісілермен сөйлескенді, дастархандас болғанды жақсы көремін. Ал енді ақындарға келетін болсақ, алғашқы кездері әндерімнің сөзін жора-жолдас, достарыма жаздыратынмын, кейде анам жазып беретін, кейінгі кездерде Шөмішбай Сариев, Ринат Зайытов секілді кәсіби ақындарға жаздырып жүрмін.

"Мен жөнімен айтылған сынды өте дұрыс қабылдаймын, мінім болса түзеуге тырысамын. Бірақ, Аллаға шүкір, шығармашылығыма қатысты аса көп сын айтылғанын естімеппін. Көбінесе жеке өміріме қатысты сын айтылып жатады. Әсіресе әлеуметтік желілерде "Бүркітке қазақтың қызы табылмай қалды ма, басқа ұлттан әйел алғаны несі" деген секілді пікірлерді жиі кездестіремін. Бірақ мен мұндай сөздерге мән бермеймін", - дейді отандық танымал әнші.

Менің халқымнан жасыратын ештеңем жоқ. Шығармашылығымдағы болып жатқан жаңалықтардан бөлек отбасымдағы әр жаңалық халыққа жария болып отырады. Мәселен, менің ұлды болғаным, үлкен үй салып жатқаным, жарыма көлік сыйлағаным, бәрі-бәрі халыққа тарап жатады. Мен бұған қайта қуанамын, өйткені мен халықпен бір жанұяда өмір сүріп жатқандай сезінгім келеді өзімді. Тек жақында дүниеге келген баламды бір жылға дейін көпшілікке көрсетпеуді шештік. Өйткені кішкентай нәресте болғандықтан көз тие ме деп қорықтық. Ал өміріміздегі басқа жаңалықтардың бәрі баршаңызға аян.

Маған кейбіреулер сенің дауысың жақсы, түр-тұлғаң да келісті, шетелдік шоу-бизнесте бағыңды сынап көрмейсің бе, киноға неге түспейсің деген секілді сұрақ қойылып жатады.

Бірақ мен өзге елдің сұлтаны болғым келмейді. Егер мен Ресейге баратын болсам, қайтадан бәрін нөлден бастауым керек. Ол жақта өздерінің Бүркіттері жетеді. Сондықтан өзімнің қарапайым қазағымның әншісі болып жүре бергім келеді.

Домбыра әр қазақтың жүрегіне жақын, құлағына жылы естілетін аспап қой. Мен домыбарны кішкентайымнан ойнаймын, музыка мектебінде жеті жыл домбыра сыныбында оқыдым. Болашақта домбырада орындалатын әндерімді әлі де дамыта түссем деп жүрмін.

Мен де өзімнің ата-анамнан алған тәрбиемді балаларыма сіңіргім келді. Кемінде бес балам болса деп армандаймын, жұбайымның да арманы осы.

"Алаш айнасы"