Нұрсұлтан КАЗБЕК: “Орда”- бұзарлар…
2014 ж. 06 мамыр
2945
1
Иә, отызында орда бұзатын Ордалықтар, ел болудың сойылын бұзып емес, қазақтың өмір-салтында жоқ, таным-тіршілігіне кері әсер ететін дүниелердің есігін қағып, елді “бұзып” жүрген жайы бар… Иә, бізде сондай ОРДА бар.
Орда саған айтамын, ағалар сіздер тыңдаңыздар
Егер сырт мемлекетте болсаңыз, немесе өзге елдің азаматы болсаңыз, қазақ тарихына, мәдениетіне қызықсаңыз интернетті ақтарып, фильмдерін көріп, әндерін тыңдайтыныңыз бесенеден белгілі. Қаныш Сәтбаев деген есімді естісеңіз, бірінші, оның қазақ және Кеңес Одағының геологы болғандығы, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті болғандығы, қазақтан шыққан тұңғыш академик болғандығы емес, ең бірінші оның қазақ болғандығы еске түседі. Әрине бұның бәрі сырттың көзімен. Демек, еңбегінің арқасында бүкіл қазақтың аты шықты.
Білесіз, әншілердің соңындағы ілесушілері (фанаттары) болады. Олардың әндерінен, ішкен тамағы мен киген киімдерінен басқа, кез-келген қылықтарын “жақсыға” балап, еліктеп, өмір сүру қалпын соған қарай негіздейді. Тек әнші емес, кез-келген қоғамға белгілі қайраткерлер үнемі елдің назарында жүреді. Кезінде жақсы сөйлесе, мақтап, артық сөйлесе даттайтын еді. Бірақ бүгінгі күні, дұрысты теріс, терісті дұрыс қылып көрсететін алуан ақпараттардың ажырата алмайтын кезі. Сондықтан елдік санаға ұмтылсақ, алдымен қоғам қайраткерлері, оның ішінде әншісі бар, әртісі бар, ақын-жазушысы бар, халық қалаулысы бар, журналисті бар, өздерін көпшілік алдында, көпшілікке зиян тигізбейтін әрекеттерден, тіпті ол туралы ойдан да ада болуы керек. Керек емес, солай болуы шарт! Ал дәл қазіргі сәтте Тәуелсіз Қазақстанның киносы анау, Ордасының сиқы мынау… Иә бізде сондай…
Иә, бізде сондай Орда бар…
Отандық шоу-бизнестің шашбауын көтеріп жүргендердің бірі Орда тобы екенін білеміз. Бұл кәдімгі ылаң қағып билейтін жігіттер. Жақында аталмыш топтың “Жауап бер” деген әніне жазылған бейнебаяны шықты. “Жауап берді” көрдім. Жағаны ұстадым. Иә, “Орданың” фанаты болсаңыз, сөзіңіз де дайын болар, айтатыныңыз “артта қалғансың” немесе “ортағасырлық” “ауылбай” дейтініңіз белгілі ғой, бірақ мен олардың осыншалықты “насихатын” көтере алмайды екенмін. Себебі картинада жалаңаштануы былай тұрсын, бірін-бірі сүйісіп тұрған қара көз қарындастарымыздың бейнеленуі ызамды тудырды. Кәдімгі біз шошып жүрген “лесбилерді” ашық насихаттап жатыр. Өзге ұлт емес, қазақ қыздары. Енді сол бейнебаянда насихатталған біржыныстылықты – тұтас қазақ ұлтына жасалған қылмыс деп баға берер едім. Адамның әу бастағы жаратылысына қарсы шығатын дүниені “жақсыға” балап, көрсету сайтанның ісі. Себебі олар лағнеттелген.
Мейлі, “ұнамаса, қараманы” айтатын шығарсыздар. Мен көрмеспін, бірақ көретін іні-қарындастарымның жағдайын ойлап, жазып отырмын. Ордалықтар “Жауап берін” барынша насихаттады, бірақ олар сіздің қызыңыздың лесби немесе ұлыңыздың гей болып кетуіне жауап бермейді. Себебі олардың бейнебаяндағы мақсаты сол еді, бұл біріншіден. Ал екінші, интернетте шектеу жоқ. Бұл бейнебаян әлеуметтік желілерде, сайттарда кеңінен насихатталып жатыр. Көрермендердің жас ерекшеліктеріне қатысты берілетін рейтингтер мен шектеулер мүлдем ескертілмейді. Демек бейнебаянды ашық түрде сіздің балаңыздың тәрбиесіне қол сұғып отырғанын айта аламын.
«Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін» деп тайға таңба басқандай, Ата-заңы бар (39 бап) мемлекетте өмір сүреміз. Иә , Мына ақпараттық қоғамда заңдарымызға дес бермейтін жойқын ақпараттар, торнадо дауылы сияқты барлық жерлерді жайпап өтуде. Казір кімнің қолында мықты ақпарат, әрі кім ақпараттық қауіпсіздікті мықты ұстанады сол – мықты мемлекет. Ендеше мемлекетті қорғауда Билік һәм оның әскерінің күші келмейтіні анық, осы аждаһа жаһанданудан қорғайтын мемлекеттің өзі. Мемлекет – ол сен және мен. Әнші де мемлекет, Актер де мемлекет, тіпті, тракторшы да мемлекет. Елдіктің қамын ойлайтын болсаңыз жат пиғылды әрекеттерден балаңызды аулақ ұстаңыз. Себебі оның зор болашағы – сіздің салиқалы өміріңіздің жалғасы болмақ. Ал біржыныстыларды насихаттайтындар сіздің ұрпағыңызға ЖАУАП БЕРМЕЙДІ.
"Намыс" порталы, Нұрсұлтан КАЗБЕК
Редакциядан: Бұл мақала редакцияның көзқарасын білдірмейді. Бірақ, бұл болған жайттарға “Орда” тобының продюссері сайтымызға жауап беремін десе еркі өзінде. Жауап күтеміз.