Ералхан Әбішев келін түсірді

Қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алған,  әндерін сүйіп тыңдайтын тындармандары «Ел еркесі – Ералхан»  атап кеткен Ералхан Әбішев шаңырағына  келін түсірді. Сансыз жылдар сахнада шоу жасап келген Ералхан мырза бұл жолғы шоуды қалың жұртқа емес қадірлі қонақтарына арнады. Олай дейтініміз, жалғыз ұлы Жандостың тойын дүркіретіп тұрып өткізді. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлап» жас жұбайлар мұратына жетіпті деп аяқталатын баяғының ертегісіндей қырық күнге татитын бір түндік той болды. Тойға қазақ эстрадасының бір-бір уығын ұстаған майталмандары келіп, ән-жырдан шашу шашты. Шыңдарын мәңгі  мұз шалған қарт Алатаудың баурайында, әсем Алматының аспанында әуезді әуендер қалықтап, екі жасқа бақыт тілеп жатты. Жандос 1985 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Үйдің үлкені. Бүгінгі күні әке жолын жалғастырушы. «Мұрагер» продюсерлік орталығының директорлық қызметінде. Сүйікті жарын ұзақ іздегендігін жасырмайды. Перизаттың біріншіден атына, екіншіден ақылдылығына ғашық болып, бірден алып қашуды жоспарлаған. Жоспары іске асып, маусым айының 15-де дүркіретіп тойларын өткізді. Алматы қаласының аруы. 1988 жылы дүниеге келген Перизат үйдің ортаншысы. Өзінен үлкен әпкесі мен кіші інісі бар. Тау бөктерінде орналасқан «Бектемір» мейрамханасының алаңында жанға шуақ сыйлар әдемі бір той өтті. Өз әріптестерінің жағдайын жақсы түсінетін сақа әнші сахнаны түрлі жарықтармен  және қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықтап жайнатып жіберіпті. Бейне бір мәдениет ошағына келгендей әсерде болады екенсің. Алматының түтінінен жапа шеккен құрметті қонақтар сөз жоқ бұл тойда тау самалының саф ауасымен тыныстап, табиғаттың аясында тамаша бір демалып қайтты-ау. Келген қонақта шек болған жоқ. Қазақ сахнасының марқасқаларының бәрі осы тойдан табылды. Ералхан ағамыз: «Бұл тойды ерекше етіп өткізудегі мақсатым –  халықты таңқалдыру емес. Балаларымның қуанышына бақыт тілеп келген қадірлі қонақтарымды қуанту еді. Бір өкініштісі, қонақтарымның бәріне бірдей көңіл бөле алмадым. Осы сәтті пайдаланып, сол тойда көңіл бөле алмаған қонақтарымнан кешірім сұраймын. Тағы бір айта кетейін дегенім, соңғы кезде «Ұлыңыз үйленген соң, бөлек шығарасыз ба?» деген сұрақ жиі қойылып кетті. Мен ұлым мен келініме 3 ұл, 2 қызды дүниеге әкеліп барып, бөлек шыға берсеңдер болады деген өз қалауымды жеткіздім. Ары қарай өздері біледі», – деп сөзін қайырды. Ал  тойға кеткен қаржының санын Ералхан мырза «құпия» деп жаба салды. Дегенмен тек қана құпияларды ашатын журналдан ешнәрсе жасыру мүмкін емес екендігін тағы бір дәлелдеп, 10 миллион теңгедей  жұмсалғандығын анықтадық. Ералхан мырза, бәрінен жасырған бұл құпияңызды тек оқырмандарымыздан басқа ешкім білмейтін болады. Сөз береміз! Гүлдана Иманбаева