Әдемі киіну құпиясы

Сәнде бастысы жарасымдылық
Сән әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар біртума дарын иесі, әйгілі дизайнер Ая Бапанидың киім киюге қатысты ақыл-кеңестері.
Биылғы сән үлгісі қандай?
Менің ойымша, қазір нақты тренд қалған жоқ. Қазір әр адам өзінің дара келбетін көрсету үшін неше түрлі киіне береді. Сәнде бастысы жарасымды болса болғаны. Суретші ретінде айтарым, биылғы сән үлгісіндей киініңіздер деп адамдарға шектеу қоюға болмайды. Бұйымдарды тек қана сәндік үшін жасайтындар олар кәсіпкерлер. Себебі, олар биылғы сән болатын киімдерді көп жасауды, оны сатуды және қомақты қаржы табуды ғана көздейді. Ал менің басты мақсатым — сән үлгісін өнер туындысы етіп шығару. Ол костюм келесі жылы да тіпті бес-он жылдан кейін де өзінің маңыздылығын жоймай, «Мынау қандай әдемі!» дейтіндей нағыз өнер туындысы болып қала беруі керек. Бұл қасиетті өнердің қай саласына да тән құбылыс. Мәселен, кез келген әнді не киноны қарастырсақ, бір жыл бойы хит болатын туынды болады, керісінше он жыл тіпті одан да көп уақыт бойы рахаттанып тыңдайтын әндер мен көретін фильмдер болады. Сол сияқты уақытша сәнге бағынбайтын, классика болып қалатын киімдерді алуға болатынын айтқым келеді.
Сіз өзіңізді қалай күтесіз? Қалай әдемі болып жүру керек?
Әдемі болып жүру үшін біріншіден өзіңіздің әдемі екеніңізге сенуіңіз керек. Менің байқағаным, кейде өзімнің әдемі екеніме сенген сәттердегі суреттер сәтті шығады. Ал кейде көңіл күйім болмай, өз-өзіме сенбей жүрген кездегі суреттер сәтсіз шығып жатады. Демек, ішкі ойларыңыз бетке шығып тұрады деген сөз. Әуелі ішкі жан-дүниесі әдемі болса, адам жарқырап тұрады.
Көйлекті қалай таңдау керек?
Көйлекті таңдау адамның дене бітіміне байланысты. Толық қыздарға трикотаж киімдерді таңдағанды жөн деп санамаймын. Бойы кішкентай қыздар тізеден кисе жарасады. Мен кеш көйлектерін тобықтан ұзын етіп, бірақ арқасын кішкене ашып қоямын. Сондай-ақ, қыздардың қара көйлек кигенін аса қаламаймын. Сары, қызыл, жасыл сынды ашық реңді киімдерді неге кимеске? Жастық шақта гүлдей жайнап киіну керек. Қара, сұр түсті киімдерді жасымыз отыздан асқан соң кисек те үлгереміз.
Кеш көйлектерін қандай матадан тіккен абзал деп ойлайсыз?
Әрине, ол дизайнерлердің идеясына байланысты. Мен қазір кеш көйлектерін зығырдан тігіп, жібек жіптермен кестелеп шықтым. Келесі топтамаларымда жібектерді батикпен бояп, жеңіл көйлектер жасағым келеді. Ал алдағы уақытта көйлекті паршадан, тіпті әжелеріміз киген барқыттан заманауи үлгіде тігуім де мүмкін. Себебі, киімге ескі сән үлгісі қайта оралып тұрады.
Киім кию этикеті туралы не айтасыз?
Бұл тұрғыда ең бірінші адам өзінің дара келбетін табуы қажет. Өйткені, киім арқылы ол өзінің өмірге деген көзқарасын да білдіруі мүмкін. Мысалы, мен көп жағдайда мерекелік шараларда қазақи нақышта киінемін. Себебі, мені танымайтын кез келген адам осы киімім арқылы ішкі жан дүниемді байқайды. Қалай дегенмен де әр адамның стилі болған жөн. Ол готикалық стильде, не нәзік романтикалық, антикалық стильде болуы мүмкін. Сондықтан ішкі және сыртқы бейнеңізді сомдайтын өзіндік образыңыздың болғаны абзал.
Кәмшат Айдарханова