«Изумрудтың» қайырымды қыздары

1
3740

Қазақ эстрадасына қадам басқандарына бір жарым жылдан аса уақыт болған «Изумруд» атты топты бірі білсе, бірі білмейді. Махаббат, Гүлсім, Айнұр есімді үш арудан құралған топтың шығармашылық қоржынында бүгінде қазақ және орыс тілдерінде бірнеше ән және төрт бейнебаян бар. Бұл топың бір ерекшелігі жанды дауыста ән салатындығы және жетім балаларға қайырымдылық жасайтындығы.

Қазақ қыздарынан құрылған топтың орысша аталуы, олар көздеген мақсатпен байланысты. Топтың басты мақсаты – алыс-жақын шетелдерде өтетін конкурстарда бақ сынау. Осыған орай, қыздар және олардың продюсері «Изумруд» деген орысша атауға тоқтаған. «Изумруд» меруерт тас деген ұғымды білдіреді. Қазақтан шыққан топтар неліктен өзге тілдегі атауға құмар деген сұраққа «Изумруд» тобының қыздары: «Заманына қарай адамы», – деп жауап берді. Яғни, қазіргі қазақ жастарының көбі орыс тілінде сөйлеп, ағылшын және өзге де тілдерді үйренуге құмар келеді.
Топтың құрылуына негіз болған топ продюсері Жазира Мұратова. Жазира ханым кастинг өткізу арқылы қыздардың вокалы мен сыртқы пішіндеріне қарап, Махаббат, Гүлсім және Айнұрды іріктеп алған.
Қыздар 23 және 24 жаста. Топтың алғашқы мүшесі Садырбаева Махаббат 1990 жылы 24 тамызда Жамбыл облысының Қаратау өңірінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. Қазір Астана қаласында отбасымен бірге тұрады. Топтың келесі мүшесі Макитова Гүлсім 1989 жылы 31 қазанда Павлодар облысының Екібастұз қаласында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының эстрадалық вокал факультетін Лаки Кесоглу сыныбынан бітірді. Топтың тағы бір мүшесі Қадірова Айнұр – Тараз қаласының тумасы. 1989 жылы 2 ақпанда өмір есігін ашыпты. Ол Абылай хан атындағы шет тілдер институтында білім алған. Үш өңірден шыққан, үш мамандықтың тізгінін ұстай бастаған арулар Жазира Мұратованың орталығына келгеннен бері бірге.
Өнер жолы ауыр жол. Әсіресе, жолы жіңішке нәзік жандардың үлкен сахнада жүруі олардың жеке өміріне әсер етпей қоймайды. Солай бола тұра, табиғат берген талант пен өнерге деген құлшыныс тәуекелге бел байлатады. Изумрудтық қыздардың бастары әзірге бос. Қыздардың айтуынша, олардың сахнада жүру ұзақтығы болашақта Құдай қостырар қосақтарына тікелей байланысты. Егер өмірлік серіктері қыздардың өнеріне қарсы болмаса, Айнұр, Гүлсім және Махаббат әншілік өнерді соңына дейін алып жүруге даяр.
«Изумруд» тобы көптеген танымал сазгерлермен шығармашылық байланыста. Топтың орындауындағы біршама танылып қалған әндердің алғашқысы – «Алматым» әні. Бұл әннің авторы – Ұлықпан Жолдасов. Сазгер Жолдасов қыздардың жақында жарыққа шыққалы отырған «Сенің ізіңмен» атты әннің де әуенін жазған. Өзге әндердің жарыққа шығуына Шавкет Курбанов сынды ел арасына көп таныла қоймаған талантты сазгерлер қол ұшын беруде.
Қыздар киім таңдауда продюсерлерімен ақылдасады. Олардың тұрақты стилі жоқ. Образ олар шырқайтын әннің мазмұнына қарай таңдалады. Қыздар заман талабына сай, соңғы үлгідегі киімдерді киюге құмар. Сахналық образдардың сапасы мен бағасына мән береді. Болашақта сахна деген қасиетті орынға ең қымбат көйлектерді киіп шығуға ынталы екендерін жасырмады.
«Изумруд» тобы жанды дауыста ән салатын концерттерге жиі шақырылады. Ал, мұндай концерттер телеарналардан көп көрсетіле бермейді. Халық көбінесе топты бейнебаяндары арқылы жақсы таниды. Қазақ эстрадасында әншілердің танылуында бейнебаянның алатын орны зор. Осыны білген топ продюсері бейнебаян қоржынын 4 бейнеклиппен толтырып, «Изумрудтың» танылуына үлкен ықпал жасады.
Қыздар қайырымдылық шараларына жиі қатысады. Өнерімен болсын, тапқан табысымен болсын, сөз етіп отырған арулар жетімдер үйі мен кемтар балаларға көмек қолын созып келе жатыр.
Қазіргі қыздар кәрілік жетпесе де, беттеріне пластикалық ота жасатуға құмар. Біз осы орайда «Изумрудтық» қыздардың пікірін сұрап көрдік. Ерінге гель құйып, көлемін үлкейтіп, ауыр ота арқылы аяқтың пішінін де өзгертіп жүрген қыздарды күнделікті өмірде кездестіру қиын емес. Ел алдына жиі шығатын арулардың бұған біртабан жақын екені белгілі… «Әрине, әр адам өз тәнінің қожайыны. Табиғи сұлулыққа ешқандай отамен әрленген кескін жетпейді. Дегенмен егер ота жасау адамды бір сәт бақыттырақ етсе, неге жасамасқа?!» – бұл «Изумруд» тобы қыздарының пікірі.
Тек әншілікті кәсіп етіп, күн көру мүмкін бе?! Үш бойжеткен өнерлерінен тапқан табысты қанағат тұтады. Қосымша жұмыс не кәсіппен айналысу олардың ойында жоқ. Ерінбей еңбек етсе, шоу-бизнесте жүріп-ақ, қарын тойдыруға болатынын айтады.
Сыртқы мүсінді қалыпта ұстау үшін «Изумруд» тобының сұлулары фитнестен қол үзбейді. Ас қабылдауда шектеу қояды. Бос уақытында тау баурайында демалғанды жөн санайды. Өзге топ секілді қыздар бір шаңырақ астында өмір сүрмейді, әйтсе де уақыттарының көп бөлігін бірге өткізеді.
                                                                      Айнара Байжан

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз