Көк тарландары

Бауыржан Момышұлы:

Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр

 

Қазақстан Республикасының әскер қатарындағы әуе десанттарының тұрмыс-тіршілігі мен ерліктерін өзек еткен, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы белгілі режиссер Ержан Рүстембеков пен «MG Production» кинокомпаниясының бас продюсері Ернар Мәліков түсірген «Көк тарландары» телехикаясы жарыққа шықты дегенде қуанышымызда шек болмады. Өйткені, Қапшағай қаласындағы ҚР Қарулы күштері Аэроұтқыр әскерлердің 35-гвардиялық десанттық шабуылдаушы бригадасының базасында түсірілген, әскери өмірге бет бұрған алғашқы телеөнімнен күткеніміз көп еді. Бірақ, фильм эпизодтарынан нар тұлғалы, тепсе темір үзетін жігіттерді, қазақ әскерлерінің шынайы өмірін, қазіргі жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін дүние көреміз бе десек, керісінше патриоттық сезімді сезіне алмай дал болдық. Әйтеуір итеріп қалса құлап қалатын, жандары нәзік жігіттерді жинап алып, әскери кино емес, ойын-сауықтық бағдарлама көргендей әсерде болғанымыз да жасырын емес. Осы орайда фильмнің бас продюсері Ернар Мәліковпен сұхбаттасып қайтқан едік.

Ернар, телехикаяда «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген Бауыржан Момышұлының нақыл сөзі қаншалықты орындалды деп ойлайсыз?

«Көк тарландары» Қазақстан ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілді. Алғашында 16 бөлімге тапсырыс берілген. Бірінші сезонды бітіргеннен кейін көрермендер жылы қабылдап, сұранысқа ие болған соң, «Қазақстан» телеарнасының басшылығы Нұржан Жалауқызы екінші маусымына тапсырыс берді. Жалпы жиынтығы 25 бөлімнен тұратын телехикая. Бізге тапсырыс берушілер тақырыпты ғана ұсынды. Сосын біз эпизодтық жоспарды жасағанан кейін телеарнаның шығармашылық кеңес ұжымы оқып шықты, идеяларын қосып, алатынын алып, өздері тарапынан бекітіп берді. Фильм түсіруді жауапкершілігімізге алғандықтан «MG production» кинокомпаниясының атына сөз келмеу үшін барлық жағдайларды жасауға тырыстық.

Телехикаяның негізгі тақырыбы патриотизм, жастарды отансүйгіштікке баулу, оларды әскер қатарына тарту. Фильм арқылы жас ұрпақтың бойында Отанын сүю, елін, жерін қорғауға деген патриоттық сезімдері ояту біздің мақсатымыз. Осы фильмнен соң десанттық әскерге барам деуші жігіттердің қатары күрт көбейгендігін Қорғаныс министрлігі тарапынан естіп қуанып жатырмыз.

Фильмде төрт-бес образ алдық. Ауыл баласы, қалталы байдың баласы, білімге жаны құмар оқымысты жігіт және сауыққұмар бозбала. Сондай–ақ, Айнұр есімді қыздың образы арқылы әскерге қыздарды тартуды да көздедік. Әрине, әрбір кинода конфликт болуы шарт. Ұжым болған соң жұмыс бабымен түрлі түсініспеушіліктер болары сөзсіз. Сондай-ақ, коммедиялық сюжеттер де кинода көп.

Көтерер жүгі ауқымды осындай фильм бар-жоғы екі жарым айда түсірілген екен. Бұл еліміздің әскери өмірін қамтуға тым аз уақыт емес пе?

Фильмнің бірінші бөлімі бір жарым айдың, екінші бөлім бір айдың көлемінде түсірілді. Егер сериалды нұсқаны алып қарайтын болсақ, цитком дейміз, халықаралық формат бойынша алты–жеті обьект қана болады. Сондықтан түсіру уақыты өте тез емес. Қорғаныс министрлігі генерал Алдабергенов көп көмектесті. Бізді барлық техникамен тіпті ұшаққа дейін қамтамасыз етті. Сондай-ақ, актерлардың парашютпен секіруіне мүмкіндік жасады.

Екінші бөлімді біз әдейі қыс кезінде түсірдік. Кинода «сен тұр, мен атайын» деген актер жігіттер бола тұра, спортта, әскерде үлкен дайындық жасады. Жүгіру, турникке тартылу, оқ ату мәселелері әскери тәртіпте жүргізілді. Актерлар және 40 адамнан тұратын түсіру тобы казармада тұрды.

«Фильмде десант болмысына сай актерлар таңдалынбаған» деген көпшіліктің сыни пікірлеріне не дейсіз?

Актер таңдау кастинг тұрғысында өткізілді. Шынын айтсақ, кастинг арқылы қабылданған актерлардың барлығы өнер саласына қатысты мамандар. Яғни, барлығы дерлік Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген жас дебюттар. Мен десант әскерлерінің басы-қасында болдым. Сонда әрбір актердың типтік жиынтығын, ойларын, бойларын, дене бітімдерін көрдім. Жалпы көңілімнен шықты. Әрине көпшіліктің бәріне жаға беру мүмкін емес. Бірақ менің ойымша фильм берілген бюждеттің көлеміне сай шықты деп ойлаймын. Себебі, фильмде кәсіби актерлар ойнады.

Кино ұрпақ тәрбиесіндегі идеологиялық құрал екенін ескерсек, осы мақсаттағы бүгінгі қазақ киноларының болмысы қандай?

Шынымды айтсам, бүгінгі қазақ киноларына көңілім толмайды. Оған ешкімді кінәламаймын. Мен Голливуд, Кан, Дубай, Пекин, Украина, Ресей кинофестивальдарында болдым. Осылай көп адамдармен кездесіп жүріп, бір режиссер-сценаристің «Америка қалай дүниежүзіне билік етуші мемлекет болып қалыптасты?» деген сауалы мені шын мәнінде ойландырды. Әрине, ол Голливуд арқылы. Өйткені, олар Голливудта адам образын, кейіпкерді, батыр бейнесін сомдай алды. Америка солдаттары қашанда бейбіт елді қорғауға тырысты. Америка полициясы қарапайым азаматтың құқын қорғай білді. Америка президенті әрқашанда қарапайым халықтың мәселесін мемлекеттің басты проблемасы деп санады. Олар кино арқылы киножұлдыздарын қалыптастыра біледі. Егер «Біз Америкалықтар күштіміз» деп қарапайым банерлар іліп қойсаңыз, оған адамдар ары кетсе 3-4 рет қарар, бірақ нәтиже өте аз. Ал кино адамдар арасында белгілі бір ұғымды қалыптастырады. Жастар соған қарай талпынсын деп кино арқылы өз батырларының образын сомдайды. Мәселен, біз Брусли, Чуварес, Негер сынды актерларға еліктеп, соларға ұқсағымыз келіп өстік. Міне, Американың осындай идеологиялық киносынан кейін орыс, испан, ағылшын, кәріс тіпті сол елде тұратын қазақтың санасында «Мен американдықпын» деген сезім оянады. Неге? Себебі, бұларда идеологияның ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі өте жоғары. Тіпті киноның өскелең ұрпақтың санасына ықпал ету күші бар екендігін де естен шығармаған абзал.

Әлемді жаулаған Американың, Түркияның және тағы да басқа елдердің сериалдарынан біздің артта қалу себебіміз, бізге бөлінетін қаржы тиын-тебен ғана. Мына қасымыздағы орыстардың сериалдарына бөлінетін қаржы біздікінің қасында төрт-бес есе көп. Қайта біздің монтаж үстелдеріміз, құрал-жабдықтарымыздың барлығы өзімізден шығатындықтан көп қиындық білінбей қалып жатады. Жақында ғана 12 бөлімді «Туған елдің түтіні» және «Хабар» телеарнасының тапсырысымен 16 бөлімді «Пилоты» («Ұшқыштар») сериалын түсірдік. Мұнда 50-ден астам обьект болды, 117 адам эпизодтық рөлдерде, массовкада 600-дей адам ойнады. Біз ұшақты, аэропортты және ұшақ қонатын әуежолақты жалға алдық. Олардың бәрі қыруар ақша. Осының барлығына қаржыны әрең-әрең жеткіземіз. Шыны керек, кинокомпанияға көк тиын да қалмайды. Соған қарамастан біздің мақсат орыс сериалдарына жету, тіпті олардан асып түсу. Осыдан екі жыл бұрын «Құбыжыққа құрық» («Охота за призракам») фильмін түсірдік. Құдай қаласа, қарашада көрсетілімге шығады. Голливудтық форматта түсірілген осы фильм арқылы орыс киноларының 90 пайызын мойындатқанбыз. Заманауи техникалардың барлығы біздің кинокомпанияда бар. Жаңа техниканы мамандардың бәрі игерген. Біз Голливудтан камераларды алдыртқан кезде Қазақстанның бетке ұстар деген операторларын 8 ай тегін оқытқыздық, шеберлік сыныптарын өткіздік. Көп операторлар біздің компаниядан оқып кетті. Біз мамандарды оқытудан ақшаны аямаймыз.

Ал сіз басшылық ететін киностудияның өнімдері ұрпағымызды қаншалықта тәрбиелеп жатыр? Жалпы киностудияның жұмысына аз-кем тоқталып өтсеңіз?

  • Киностудия негізінен «Әлем Азия» болып 2000 жылдары құрылған. «Кейін MG production» болып атауы өзгерді. Бейнебаяндар, бейнероликтер, документалды фильмдерді түсіре бастады. Қазақстанда аттарын алтын әріппен жазуға лайық Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова апайларымыз туралы фильм түсірдік. Роза апамыз қайтыс болғанда, Бибігүл апамыз 80-ге толғанда көрсетерлік түк таппай дал болғанымыз да жасырын емес.

Біз өнімдерімізді телеарналарға, үлкен экрандарға беріп отырамыз. Мысалы, нашақорлыққа қарсы «Үш тоғыз» фильмін жасадық. Ол Голливуд мойындаған қазақ фильмдерінің алғашқысы әрі «Ең үздік шетелдік фильмі» номинациясын алды. 17 күн ішінде түсірілген фильмде басты рөлдердің барлығында дебютанттар ойнады. Бұл фильмнің артынан орыстардың өзі жүгірді. «Нашақорлыққа барсаң, сенде осылай өлесің» деген мақсатты көздейтін фильмнің ұрпаққа берер тәрбиесі жетерлік. Ең болмағанда фильм жүз адамның ішінен он адамның санасына әсер етіп, олардың өмірін сақтап қалатын болса, бұл біздің еңбегіміздің далаға кетпегені деп қуанамыз.

Біздің компанияның алға қойған мақсаты — жастарды кино саласына көбірек тарту, оларды тәрбиелеу. Мысалы, бүгінде голливудтық фильмге түсіп жүрген Санжар Мәдиев бізден қанат қаққан еді. Жас та болса бірнеше фильмге түсіп үлгерген Макс Акпаров, Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Айнұр Бабаева және басқа да жас актерлар бізден түлеп ұшқан ұл-қыздар. Демек, талантты жастар жетерлік, тек оларды іздеу керек. Мен кастинг директорларына «Жастардың ішінен басты рөлдерге бес адам, негізгі рөлдерге үш, эпизодтық рөлдерге екі адамнан табу керек» деген талап қоямын. Сондай-ақ, оператор, режиссерлардың өзі жастар. Мәселен, ең бірінші фильмдегі актер Ануар дебют, «Обратная сторона» Қуат Исаев дебют, «Үш тоғыз» Марина Кунарова дебют, онда түскен актерлардың барлығы дебют. «Город А» фильмінде де дәл солай. Дебют дегеніміз бірінші бастамасы деген мағына береді. «Қоюшы режиссерді әлі бірде-бір фильм түсірмеген жас маман болғанына қарамастан, фильмге таңдап аласыз, не деген тәуекелшіл адамсыз?», — деп бәрі маған таң қалады. Бірақ, неге қорқуым керек, бастысы жастардың бойынан жалынды байқай білсек, басқасы тәжірибемен қалыптасары сөзсіз. Қайсысы қандай характерда, қайсысы қандай типтік жиынтықта, қайсысы қандай образда ойнау керектігіне сараптама жасап, сосын рөлдерге бөлеміз. Тіпті фильмге ән жазатын композиторлардың өзі жас мамандар. Соңғы фильмдерімізге ұлттық негізде, бірақ еуропалық тұрғыда Арман есімді жас композитор тәп-тәуір музыка жазып жүр.

«Көк тарландары» фильмінің «әттеген-ай» деп сан соғатын тұстары?

«Көш жүре түзеледі» деген қазақта жақсы сөз бар ғой. Кинодағы кемшіліктерімізді де байқадық. Қаржы жеткілікті болғанда мына жерін былай шығарсақ болар еді-ау деген өкініш те болды. Шындығына келгенде біз Голливуд деңгейіндегі Америка киноларынан да артық фильм шығармасақ, кем шығармаймыз. Оған күшіміз де, ойымыз да, басымыз да, қиялымызда жетеді. Бірақ бізді ұстайтыны қаржы жағы. Қазақ киносына деген жанашырлық, идеология деген мүлдем жоқ. Тіпті жас ұрпақтың тәрбиесі осы кинодан басталатынын ескермейміз. Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншіліктің бәрі осы кино арқылы туары ақиқат. Бірақ өкінішке орай ұлттық идеологияны жасайтын кинолардың аздығы біздің ақсап тұрған тұсымыз. Соған үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлінуі керек. Қазақстанда жылына 10 фильм жасалынады. Ресейде 300 фильм жасалады. Голливудта 1000-даған фильм шығарады. Айырмашылық бар ма, әрине бар. Өркениетті елдердің қатарына қосылуымыз үшін біздің әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді көрсететін жақсы-жақсы киноларымыз болуы керек.

Түйін: Түсіруші ұжым өз туындыларын «Отан үшін жанқиярлық іске басын тігетін жастарды тәрбиелейтін, ел перзенттерінің күш-жігері мен өр рухын оятатын телехикая», — деп мақтаудан аса алмай келеді. Бірақ телехикаяны көрген өзге ұлт өкілдері қазақ жігіттері, қазақ әскері туралы қандай пікір, көзқарас қалыптастыратыны одан да маңыздырақ емес пе! Жылт етіп жаңа қосылған телеөнімді сынағанымызды онсыз да көштен қалып келетін қазақ киносының аяғынан шалу емес, керісінше алға басуы үшін қамқор көңілден туған жанашыр пікір деп қабылдарсыздар!

Көрермен пікірі:

Назгүл, студент:

Бұл қазақ баласын жақсылыққа емес, кері тәрбиелейтін телехикая. Өйткені, қазақ ер азаматтарының абыройын, намысын, қазақ әскерлерінің жұмысын шынайы болмысын бағамдай алмаған бір табан төмен көрсетіп тұрған сапасыз дүние дер едім. Әскерді арзан күлкіге айналдырып жіберген.

Айжан, жас маман:

Шынымды айтсам фильм аса ұнамады. Телехикаяда әскери өмірдің болмысы боямасыз көрсетілді деп айта алмаймын. Көгілдір экраннан үнемі көрсетіп жататын әскердегі адам өлiмiне қатысты қайғылы оқиғалардан кейін көп жастар әскерге бармаймыз деп бас тартады. Қысқаша айтқанда, бұл кино жастарды әскерге шақыру үшін туғандай.

Айбек, студент:

Қазақстандық телехикаялардың ішіндегі ең жақсы түсірілгені деп ойлаймын. Актерлері де шынайы ойнаған, қазақтың кәдімгі қарапайым жігіттері. Жастарға үлгі боларлық кейіпкерлер. Әр бөлімін қалт жібермей көрдім. Осындай сапалы өнімдер көптеп түсірілсе екен деген тілегім бар.

Сұхбаттасқан Кәмшат Айдарханова