Сондай әдемі үміттің құшағында жүрмін...

Медеу Арынбаев, 1967 жылы 5 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Дарбаза бекетінде дүниеге келген. ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер.

Медеу, соңғы уақытта көгілдір экраннан көрінбей кетуіңіздің себебі неде?
Жаз мезгілі болғандықтан барша өнер иелері сияқты мен де демалудамын. Десек те, көкейде жүрген біраз атқарсам деген тірліктер бар. Көктемде «Сен үшін жаным» атты әнді бастап, аяқсыз қалдырған едім, сол әнді қолға алып, өңдеп жатырмын. Осы көктемде біраз жұмыстар жасалынды. Екі бейнеклип түсірдім, біріншісі Әбдірахман Асылбек ағамыздың сөзіне жазылған, «Мөлдір сезім» әні, музыкасын өзім шығардым. Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әніне бейнебаян түсірдім. Қомақты қаражат салынды деп айтуға келмейді. Дегенмен, көкейімдегі ойды жеткізе алған сияқтымын. Эфирге берілгеннен кейін көптеген замандастар хабарласып, жақсы дүние шыққандығын айтып жатты. Сонысына қарағанда жаман емес.
Бейнеклипті біз де қарап шықтық. Адамдардың бақытты сәттерін бейнелепсіз...
Ән атауының өзі «Бақыт құшағында» деп тұр. Жалпы, әрбір адам істеген ісінен ләззат ала білуі керек. Арайлап таң ата салысымен жұмысына, кеш түсе сала отбасына асыққан адам бақытты дейді ғой. Тату-тәтті, сыйластықта өмір сүріп жатқан қарапайым халықтың бақытқа бөленген шақтарын көрсеткім келді.
Жүрегіңізді тербеп шыққан әсем әндегідей бақыттысыз ба?
Бұл ән өз өміріме де сай. Алғаш Алматыға келіп, марқұм келіншегім Айгүл екеуміз махаббаттың дәмін татып, тамаша кезеңдерді бастан кешірдік. Сол уақыттарда ұлым Дәулет, қызым Даяна дүниеге келді. Бәріміз мәңгілік емес екенбіз. Сол әдемі шақтарда жолдасым о дүниелік болды. Одан бері екі жыл уақыт өтті. Тірі адам тіршілігін жалғастырады деген рас екен... Қазіргі таңда бақытты сәттерді басымнан кешіп жатқан сияқтымын. Сондай әдемі үміттің құшағында жүрмін...
Айтпағыңызды түсінген сияқтымын. Балаларыңызға ана орнын басатын жанды тапқан сияқтысыз. Ашып айтып берсеңіз?
Қазақ ешқашан ашып айтпаған. Айтса да жағалап жеткізген. Дегенмен ойымды түсіндіңіз ғой. Ары қарай айта алмаймын. Қасымда қызым отыр. Бірақ қызымнан ешнәрсе жасырмаймын. Бәрін өзі сұрап, біліп жүреді. Шешілмеген әңгіме болғандықтан ешнәрсе айтқым келіп тұрған жоқ.
Елімізде ерекше дауыс иелерінің қатарында сіз де барсыз. Қалай күтім жасайсыз?
Әрдайым жаттықтырып отырамын.
Вокалға барасыз ба?
Бүгінгі күні өзім вокалдан сабақ беретін дәрежеге жеттім. Барлық техниканы біліп тұрып, біреуге барып не істеймін. Өз даусымды сақтай да шыңдай да аламын және сол тәжірибеммен бөлісе де аламын. Бірақ, ол үшін жүйелі түрде мектеп ашу керек. Ойымда бар дүние. Дегенмен, мектеппен айналыссам, жеке шығармашылығым екінші орында қалып қоя ма деп қауіптенемін. Сондықтан да болар жиырма жыл өтсе де қатардан қалмай жүргендігім.
Халық сізді композитор ретінде де таниды. Соңғы жазған туындыңыз туралы айтып берсеңіз? Соңғы жазған туындыларымды әлі жарыққа шығарып үлгерген жоқпын. Дегенмен, көрерменге ұсынып үлгерген туындыларымның бәрін бір жыл бұрын берген «Айналайын алтыным» атты жеке шығармашылық кешімде орындадым.
Сол шығармашылық кешіңіз халықтың көңілінен шықты ма?
«Астана жұлдыздары» байқауында соңғы үштіктің қатарына ілінбепті. Неге екенін түсінбедім. Мен үшін ол үлкен дәрежедегі кеш болды. Сахнада жүргеніме жиырма жыл толғандығына және сүйген жарыма арналған сағыныш кеші еді. Кеш барысында алты әннің тұсауын кестік. Басқалардікімен салыстырғанда айтар жаңалығы көп кештердің бірі болды. Ринго, Дәурен Сейтжан, Сейфуллин Жолбарыс, Нағима Есқалиева сынды өнер иелері қонақ болып отырған жерлерінен сахнаға шығып өнер көрсетті. «Айналайын алтыным» жүректі тебірентер лирикалық әуендер шырқалған әдемі кеш болып өтті.
Сізден бір жыл бұрын сұхбат алғанда «Өте сезімталмын, дертімді әнмен шығарамын» деп таң қалдырған едіңіз. Бүгін де сондайсыз ба?
Әлі де сондаймын. Өмірімде болып жатқан жағдайлардың бәрін әнмен жеткіземін. Жақсы жаңалықтар болып жатса, көтеріңкі әуендер, ал көңілсіз жағдайлар болса, мұңлы әндер дүниеге кеп жатады. Күні кеше ғана бір әннің мелодиясын шығардым. Ортамызда бір түсініспеушілік жағдайлар орын алып, өкпелетіп қойған сияқтымын. Соған кешірім сұрамасам да бәрі де жақсы болады деген мазмұнда болды.
Кімді өкпелеттіңіз?
Ер азамат кімді өкпелетеді?
Сүйіктісін...
Тілшілер қауымынан ешнәрсе жасыра алмайтынымызға тағы да көзім жетті. Дәл осындай жағдайларды айтып қойғандығыма таңданып отырмын. Бағана ғана құпия деп отыр едім. Осы күнге дейін дәл осылай ешкімге ашылмаппын.
Бүгінгі таңда өнер иелерінің жартысынан көбі шығармашылық кештерін Астана қаласында беріп жатыр. Астаналықтарды қуанту сіздің де жоспарыңызда бар шығар...
Негізі күзге жоспарлап отырмын. Мен табиғатымнан асықпайтын жанмын. Әйтеуір болатынын білемін. Бірақ ешқашан асығыстық жасап көрген емеспін. Дегенмен Астанада бұл жағдайдың жарасы жеңіл екен. Алматыда бір концерт беру үшін кем дегенде 40000 доллар қаржы кетеді. Ал Астанада төмендеу. Мұны жақында ғана білдім.
Сіздер концертті қаржы жинау үшін бермейсіздер ме?
Жоқ абырой үшін ғана. Концертке қалтамыздан артық ақша шықпаса ешқашан кіріс кірген емес. Сахнада жүргенімізге он бес жылдығымызды не жиырма жылдығымызды халықтың алдында есеп беру үшін жасаймыз. Шынымды айтсам, кейде сол жиырма жыл толмай-ақ қойса екен деп тілейтінмін. Толған кезде амал жоқ демеушілердің алдына барып басыңды иесің. Демеуші ағаларымыздың болғанына шүкір. Орыс ағайындардың: «Надо помогать талантам, бездарные сами пробются» деген сөзі рас айтылған. Бүгінгі заманда небір талант иелері қалталарында қаражаттарының жоқтығынан өз талантын көрсете алмай үйлерінде отыр. Ал, ақшалары бар азаматтар қаржыларын қайда жұмсарын білмей секеңдеп сахнаға шығып жүр.
Ауыл- аймақтардағы ағайынның сізге реніштері бар екен. «Ауыл аралап неге кешін өткізбейді» деген...
Мен, ауыл тұрмақ аудандарды да аралаған емеспін. Жаңа айтып қалдым ғой жайбасармын деп. Оның үстіне концерттерді ұйымдастырумен айналысатын директор таба алмай жүрмін. Сенімді адам тапсам аралау жоспарда бар. Аралағанда жаңағы Қайрат Нұртас сияқты емес шығар, күніне екі-үш концерт қоятын. Ондай күш- қуат жоқ. Бір концертті жөндеп беріп алсам қуанам. Бір күнде екі концерт беретіндеріне қарағанда фонограммамен айтатын шығар. Себебі, жанды дауыспен ол мүмкін емес.
Сіз концертте тек жанды дауыспен ғана ән саласыз ғой...
Әрине, таза жанды дауыспен ән саламын. Егер лирикалық романс кеші болса, ол міндетті түрде жанды дауыста болуы керек. Ал, шоу программа болса, фонограммамен де болады.
Тыңдармандарыңыз қай буын өкілдері?
14-16 жастағы жасөспірімдер мені сүйіп тыңдайды деп айта алмаймын. Олар келіп: «Сізді анам, болмаса әкем сүйіп тыңдайды. Суретке түссем бола ма?», – деп жатады. 35 жастан бастап ата-апаларға дейін мені сүйіп тыңдайды деп ойлаймын.
Ұлыңыздың есімін демеушіңіздің құрметіне арнап қойдыңыз ба?
Қазақ қашанда ырымшыл ғой. Дәулет ағасындай балуан, батыр болсын деп қойған жоқпыз (Дәулет Тұрлыханов). Менен қандай батыр туылады? Келбетіміз бен болмысымыз мынау... Батыр болмаса да нар дәулетті болсын дедік.
Ал, Даяна қандай мағына береді?
Даяна деген аттың ешбір мағынасы да, аудармасы да жоқ. Ағасының атына ұқсас. Екіншіден айтуға ыңғайлы. Мен үшін Даяна нәзіктік пен сұлулықтың белгісі.
Балаларыңыздың болашақта қандай мамандық иесі болғанын қалайсыз?
Білмеймін. Болашақта өздерінің қалаулары мен икемдеріне қарай мамандық таңдап жатар. Жақсы адам болсын әйтеуір. Дәулетімді әнші болсын деп армандаған емеспін. Әрине, өнер қанында бар. Әдемі үні, табиғи дауысы бар. Бірақ, сондай керемет емес. Дауысы ерекше болғанда кішкентайынан дайындайтын едім. Өзі кәсіпкер боламын деп қояды. Даяна спортқа жақсы. Жүзуден көрсеткіштері өте жақсы.
Өзіңізді дәулеттілердің қатарына жатқызасыз ба?
Аса дәулеттімін деп айта алмаймын. Өз дәрежеме жетеді. Бір пәтерім, екі көлігім бар.
Бір жыл бұрынғы сұхбатыңызда «Балаларым өсіп қалса да әкелік борышым тек үйге ақша әкелу ғана болыпты» деп қалып едіңіз... Қазір қалайсыз, тамақ жасап үйрендіңіз бе?
«Басқа түссе, баспақшыл» демекші бәріне де үйренеді екенсің. Шынында да бұрындары мұндай шаруалармен тек әйелім ғана айналысатын. Менің шаруам тек ақша әкелу ғана еді. Қазіргі кезде балапандарыма тамақ жасап, шайларын берем, қызым көмекшім. Қыдыртамын, киімдерін алып беремін. Барамын деген жеріне жіберемін. Балаларымның қасында көп болуға тырысамын.
Дегенмен тамақ жасап, үйдің берекесін келтіріп отыратын бір азаматшаның бар болғаны дұрыс қой...
Әрине керек. Дегенмен мұндай қадамға барған да оңай емес. Екі баланың әкесі болған соң қатты ойланасың. Осыларды ойлайсың. Бұлар қалай қарайды екен деп. Даянадан ешнарсе жасырмаймын, Дәулеттен аздап қорқамыз. Бірақ мұның бәрі шын қаласам шешілетін дүниелер ғой. Шешілмейтін нәрсе жоқ. «Ер адамға жалғыз жүруге болмайды, балаларға ана орнын басатын адам керек» деп айналамдағы адамдар да күнде қолқа салып жатады. Егер тағдыр шынында да махаббат сезімін оятып, табыстырып жатса неге келіспеске. Ал былай өзімді қинап, айналамдағылар айтты екен деп сүймеген жанмен тағдыр қоса алмаймын. Негізі қазіргі жағдайыма өкпем жоқ. Балаларымды қалай баққым келсе, солай бағамын, қайда апарғым келсе, сонда апарамын, өз еркім өз қолымда. Отбасы бола салу оңай емес. Отбасы болу үшін мен ғашық болуым керек. Жәй ғана емес шынайы махаббат болса екен деймін. Шынайы махаббат болған жерде сыйластық та болады.
Әңгімеңізге рақмет
Сұхбаттасқан Гүлдана Иманбаева