Айдарбек Рысбек: «ХАЛҚЫМА ТЕК ЖАҚСЫ ӘНДЕРІМДІ СЫЙЛАҒЫМ КЕЛЕДІ»

0
1889

Айдарбек Рысбек, сіздің әншілік өнерде жүргеніңізге аз уақыт болса да, көрерменге бірнеше бейнебаяндар мен әндеріңізді ұсынып, халықтың, әсіресе жастардың назарына тез іліктіңіз. Бүгінде, телеарналарда «Нағыз махаббат», «Туған күн», «Тоймаймын» атты бейнебаяндарыңыз көрсетіліп жүр. Талмас еңбек пен шығармашылық ізденісті талап ететін әншілік өнерді таңдауыңызға не себеп болды?

Негізінен мен әншілікке дейін Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы музыкалық өнер колледжінде қобыз аспабы бойынша білім алдым. 2009 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына оқуға түстім. Алғашында «Дәстүрлі ән» факультетіне қабылданғаныммен, кейін «Эстрадалық ән» мамандығына ауысып, осы жанрға көңіл бөле бастадым. Бала кезімнен ән шырқаймын.

Өнер жолында кімді үлгі тұтасыз?

Қазір үлгі тұтарлық қазақстандық дарынды әншілер жеткілікті. Оған тек қуанамыз. Кішкентай кезімнен МузАРТ тобының, Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева апаларымыз бен Батырхан Шүкеновтың жүректі тебірентер әдемі әндерін тыңдап өстім.

Шығармашылығыңыздың өрлеуіне өзіндік ықпалын тигізген демеушілеріңіз бар ма?

Демеуші ағаларым бар. Бұқаралық ақпарат құралдарына шығып, елге танылуыма көмек беріп, қолдап жатқан Марат Тоқашбаев пен Раушан Карашалова апайымызды айтқым келеді. Ал қаржы жағынан ата-анам мен ағаларым көмек береді. Өзімнің жеке студиям бар. Бүгінгі күнде әріптестерімнің ортасында композитор ретінде де таныла бастадым. Бірнеше әнші менің әнімді орындап жүр. Ең алғашқы «Оралшы махаббат» атты әніме 2009 жылы бейнебаян түсірдім. Аллаға шүкір көптің көңілінен шығып үлгерді. Алғашқы әнім мен бейнебаянымның сәтті шыққанының арқасында шығармашылығымда өрлеу бар.

Өзіңізді тәрбиелеп өсірген отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз.

1989 жылы шілде айының 3-інде Еңбекші қазақ ауданы, Шілікті ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Рысбек Дүйсебаев шағын кәсіпкерлікпен айналысады, ал анам Ләззат Байсейітова – үй шаруасында. Әпкем Сандуғаш Дүйсебаева Орталық музейдің қызметкері және інім бар. Отбасым да өнерге әуес жандар. Гитарада ойнауды анамнан үйренгенмін, әкем де ауылдың алты ауызын айтатын майда қоңыр дауысы бар жан. Бірақ ол кісілер басқа салаға кеткендіктен, музыка өнері маған бұйырған сияқты… Бүгінгі күні ата-анамның үмітін ақтаудамын деп ойлаймын.

Айдарбек, өнерде де, өмірде де жақсы араласатын достарыңыз көп шығар…

Өте көп… Өнерде тонның ішкі бауындай айналысатын Sher Ali, Асанәлі Естияр бауырларым және «V – alem» тобының жігіттері. Негізі өнер жолында жүрген барлық әншілермен жақсы қарым қатынастамын.

Сүйіктіңіз бар ма? Болашақ жарыңыздың өнер адамы болғанын қалайсыз ба?

Бұйыртқаны бола жатар. Дегенмен, жарымның үйде отырғанын қалаймын. Ал, егер тал бойында шынымен дарыны болса, әнді майын тамыза тамаша орйындайтын қабілеті болса, үйге қамап қоюға хақым жоқ. Бірақ болашақ жарымның басқа саладағы қыз болатынына сенімдімін. Әзірге сүйіктім жоқ.

Қазіргі қазақ сахнасында шетелдік әннің әуендері мен мәтіндерінің көшірмесі кездесіп жатыр. Осы тұрғыда нендей ой айтар едіңіз?

Ия, көбейіп кеткені рас. Ішінара композиторлардың арасында да шетелдің хит әндерінің кейбір ритмдері мен ырғақтарына «ағайындық» жасап жататын кездер кездеседі. Әр әншінің өзіндік бағыты болады. Менің ойымша, заманға сай, заманның ағымына қарай даму үстінде жүрген дұрыс деп ойлаймын…

Қазіргі таңда сіздің шығармашылығыңызбен айналысатын продюсеріңіз кім?

Продюсерім болған емес, бірақ өнер жолында қолдап жүрген аға-әпкелерім бар. Өз өзіме продюсермін… Әрине, шоу бизнесте жалғыз жұмыс жасаған өте қиын, сондықтан продюсер болған дұрыс. Өз өзіңмен жұмыс жасау, ары қарай жылжу мен үшін қиынға соғады…

Кейінгі кезде, өнер адамдарының тележүргізуші немесе актер болып кетуі сәнге айналып кеткендей. Бұған не дейсіз? Болашақта сіздің де тележүргізуші немесе киноға түсу жоспарыңызда бар шығар?

Бала кезімдегі асыл арманым – киноға түсу болатын. Жоспарда бар. Шақырып жатса бірден келісер едім.

Қазіргі таңда әуені жақсы, бірақ мәнсіз мәтінді әндер көптеп кездесіп, сынға ілігіп жатады. Ал, сіз әндеріңіздің мәтіндерін кімге жаздырасыз?

Ақын Хамза Көксебек пен Досым Қалмырзаев ағаларымызға жаздыртамын. Көбінесе ақындық қабілеті жақсы әрі әнді де жақсы орындайтын Мархаббат Сәбиеваға өтінемін.

Тойларға көп шығасыз ба?

«Шақырмаған жерге бармауға, шақырылған жерден қалмауға тырысамын». Менің әндерім тойдан гөрі жастар мен орта буын өкілдері жиналатын орталарда көп сұранысқа ие болады. Өйткені мен еуропалық стильдегі, жас буындардың талғамына сай әндер орындаймын.

Айдарбек, сіздің өнер жолындағы қағидаңыз?

Халқыма жақсы әндерімді сыйлап, тыңдарманның сүйіктісі болу. Ең бастысы – менің әндерімді сүйсіне, құлақ құршын қандыра тыңдап жүрген жанкүйерлерім бар мен үшін сол бақыт.

Қазір қандай жұмыстар атқарып жатырсыз?

Қатарымнан қалмай әндер жазып жатырмын. Күніге болмаса да, айына бір ән шығаруға тырысамын. Бейнебаян түсіріп жатырмын. Режиссер Сәкен Жолдастың «Он и Она» фильміне «Махаббат әні» атты әніме саундтрек түсірілді. Дүниенің өзі махаббаттан тұратындықтан әндерімнің көбісі осы тақырыпта, бірақ патриоттық әндерім де баршылық.

Бойыңызда көпшілік біле бермейтін тағы қандай өнеріңіз бар?

Спортқа өте құмармын. Акробатикаға қатысып жүрмін.

Негізі спорт деген барлық адамға қажет дүние…

Болашаққа деген жоспарларыңыз?

Негізі «болашақта» деп айта беруді ұнатпаймын. Жоспарлар өте көп… Бірақ алдағы уақытта «Қазақстан – жастар ұраны» деген патриоттық әнімді жарыққа шығарсам деген ойдамын. Өзімнің бағымды сынап, шетелдік байқауларға қатыссам деген жоспарларым да бар. Әрине, үлкен еңбекті талап етеді.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ғалия Әли

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз