Пірім менің – Мұстафа Өзтүрік

0
2652

Сұлтанмахмұт Ноқатұлы Шоқбытов Қазақстанның таэквондодан бес дүркін чемпионы, Ресейдің екі дүркін чемпионы, таэквондодан 54 кг салмақтағы КСРО кубогінің жеңімпазы, Еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚР спорт шебері, 1992-1996 жылдары Қазақстан құрама командасының капитаны, 1998-2006 жылдары Қазақстан құрама командасының бас бапкері, Мұстафа Өзтүріктің шәкірті.

Сұлтанмахмұт Ресейдің Тверь қаласында білім алғаныңызды білеміз, неге сол қаланы таңдадыңыз? Ресейде қалып, жұмыс істеу ойыңызда болды ма?

Қарақалпақстаның Нүкіс қаласында туып, ер жетім. Мектепті алтын медальға бітіргеннен кейін анам Халимамен ақылдаса келе Мәскеудің Мемлекеттік университетіне оқуға баруға шешім қабылдадым. 1986 жылы эксперимент ретінде Мәскеу, Ленинград және Киев қалаларында қабылдау емтихандары бір ай бұрын басталды. ММУ-дың жаңадан ашылған экономикалық кибернетика факультетіне құжат тапсырғаныммен, бестің орнына төрт деген баға алып, оқуға түсе алмай қалдым. Тверь университеті алтын медаль иелерін өздеріне оқуға шақырды. Тверь қаласы Мәскеуден 130 шақырым жерде орналасқандықтан және де келесі жылы ММУ-ға қайта тапсырам деген оймен сол жаққа кеттім. Емтиханды беске тапсырып, экономика факультетіне оқуға түстім. Кейін оқу орны қатты ұнап, сол жерде тұрақтап қалдым.

Сұлтанмахмұт, сіздің экономист екеніңізді біліп жатырмыз, халық сізді спортшы ретінде таниды, сонда бұл қалай болғаны?

Бала кезімде мектептің футбол командасында ойнадым. 7-ші сыныпта оқып жүрген кезімде сары ауруға шалдығып, дәрігер жүгіруге, спортпен айналысуға тыйым салды. Ал мен футболдан қалалық құрама команданың белді мүшесі едім. Келесі қалада футболдан жарыс өтті, анамның жібермейтінін біліп, шахматтан жарысқа барамын деп алдап кеттім. Бала күнімде шахматты да жақсы ойнайтынмын. Спортқа құмар болғандықтан Тверь қаласында студент атана салып, спортпен шұғылдануға ниет еттім. Ол кезде шығыс жекпе жегімен айналысу үлкен мәртебе еді. Бағыма орай курсымда Роман деген каратэмен шұғылданған жігіт болды. Романнан каратэні үйрендім. Кеңес заманында шығыс жекпе жегімен шұғылдануға тыйым салынған болатын. Дегенмен де 1989 жылы шығыс жекпе-жегімен заңды түрде шұғылдануға рұқсат берілді. 1990 жылы Тверь қаласында таэквондодан алғаш рет Кеңес Одағы бойынша Бүкілодақтық жарыс ұйымдастырылды. Достарым 54 кг салмақта жарысқа қатысуға қолқа салды. Сайыста үшінші орынды жеңіп алып, бапкерлердің көзіне түсіп, олар мені өздеріне тарта бастады. Сөйтіп, Ресей біріншілігі кезінде бірінші орынды иелендім, одан кейін Кеңес Одағының кубогін қажығама байладым, 1991 жылы Ресей чемпионы атандым. Содан мені Кеңес Одағының құрама командасына алды. Шетелге шығу арман болған сол кездерде 1991 жылдың аяғанда Испанияға жарысқа бардық. Бөтен жерде мені қолдайтын мықты бапкерім болмағанықтан кейде жарыстарға бара алмай қалған да кездер болды. Сол кездегі Ресей таэквондо федерациясының президенті Коваленко Владислав Василевичтің қасында жұмыс істедім. Ол кісі маған өз тарапынан қолдау көрсетіп жүрді.

Сізді көзі қарақты жұрт Мұстафа Өзтүріктің шәкірті ретінде жақсы біледі, ұстазыңызбен қалай танысып едіңіз?

1992 жылы наурыз айында Мәскеуде ТМД елдерінің арасында таэквондодан чемпионат өтті. Осының алдында менің әріптесім, досым және ағам Шадияр Қондыбаев екеуміз Қазақстанға оралсақ па екен деп ойлап жүрген едік. Шадияр 58 кг салмақта, ал мен 54 кг салмақта Ресейдің чемпиондары едік, оның үстіне бүкіл құрама бойынша екі-ақ қазақ болғандықтан бір-бірімізді бауыр тұтып жүруші едік. Сондай уақытта Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкеев ағамыз Қазақстаннан жарысқа команда алып келді. Ол кісілермен сол жерде таныстым. Мұстафа мен Бексейіт ағаларымыздың: «Қазақстанда таэквондоны көтеріп жатырмыз, елге қайт, сенің Отаның Қазақстан, біз сені күтеміз», – деген сөзідернен рухтанып елге оралдым. Оның үстіне жаттығуды есімі әлемге әйгілі Мұстафа Өзтүріктің өзі жүргізді, осындай аңыз адамнан дәріс алу мен үшін үлкен бақыт еді. Рухыма рух, жігеріме жігер қосылды, аңсап келген атамекенімнің аялы алақаны мен ыстық құшағын қатты сезіндім. Еліміз егемендік алып жатқан кез болатын. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін спортшылар бірінші болып дәмін таттық десем артық айтқандық емес. Қазақстанның намысын халықаралық деңгейде қорғап, Әнұранды әуеде қалықтатып, көк байрақты желбіретіп тұрып, кеудеге медель тағу бақытына ие болдық.

Мұстафа Өзтүрік қандай адам еді және де сіз ол кісінің бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?

Мұстафа Өзтүрік бізге тек ұстаз ғана болған жоқ, оны пір тұтатынбыз. Оның жаттығуда айтқан әрбір сөзін жүрегімнің түбіне сақтауға тырысатынмын. Жаттығу кезінде ол өте қатал болды және талапты өте жоғары қоятын. Ол сөйлеп тұрғанда спорт залда оның даусынан басқа бөтен дыбыс болмайтын. Құлаққа ұрған танадай жым-жырт тыныштық орнайтын. Бүкіл аудиторияны аща алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын ұстаздар бүгінде некен саяқ. Ол жаны таза, өте адал адам болды. Терең ойлы, дүниетанымы кең, парасатты, білімді, ұлылыққа тән қарапайымдылығы бар жан еді. Мына бір оқиға әлі күнге менің жадымда. Түркияда өсіп-өнген ұстазымыз 1992 жылы сол жақтағы әріптестеріне таэквондодан қазақ құрама командасын алып барды. Сол елде жолдастық матчқа және халықаралық жарысқа қатыстық.

Түріктерде таэквондо бұрыннан дамыған, ал қазақтар ол кезде желкілдеп өскен жас құрақ сияқты едіңіздер. Сонда түріктің оғыландарына қазақтың бағландары қалай қарымта қайырдыңыздар?

Жарыс кезінде үш қазақ финалға шықтық. Сонда Мұстафа ағамыз бізді жинап алып: «Маған алтын керек, басқасын мойындамаймын», – деді. Қазір өзім де ұстазбын шәкірт тәрбилеп жүрген, сондықтан да сол сөздің қазақ бағландарына психологиялық жағынан қалай әсер еткенін жақсы түсінемін. Ол осы сөзімен бір жағынан қазақ жігіттеріне сенетіндігін білдірсе, екінші жағынан, шәкірттерінің алдына «Алтын жүлде» алу керек деген нық мақсат қойып берді. Өйткені, спортшы күміс не қола болса да жарайды деп босансып кетуі әбден мүмкін. Финалға шыққан жігіттің бірі мен едім. Жекпе-жекке шығардың алдында аяғымнан алынған ауыр соққы ауырсынып, мазам болмай тұр едім. Ұстаз қасыма келіп, иығымды уқалап тұрып: «Бір жерің ауырып тұрған жоқ па?», – деп маған қарады да аяғымның ауырып тұрған жерін айтпасам да дәл тауып, нүктелі массаж жасап берді. Шәкіртінің ойын қабағынан аңғаратын осындай қасиеті де бартұғын. Сондай сезімтал сондай байқағыш адам еді. Мен ұстазымды қасиетті адамдардың қатарынан көремін. Орнымнан тұрған кезде аяғым жеп-жеңіл боп қалыпты. Бәйгеге шабар тұлпардай қанаттанып, кеудемді бір күш кернеп кетті. Мұстафа пірім қолдарымен бойыма қуат бергендей әсер алдым. Содан жекпе-жекте түріктің жігітін жеңіп, алтын медаль менің кеудемде жарқырып тұрды. Жеңіс тұғырына көтерілген кезде әр елдің спортшылары қол берісіп, бір-бірін құттықтайды ғой. Ал менен жеңілген түріктің оғыланы қазақтың бағланынан жеңіліп қалдым деп долданып қолын бермей қойғаны.

1993 жылы Американың Нью Иорк қаласына Әлем чемпионатына бардық. Қазақстан тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет ретінде таэквондадан жарысқа қатысты. Сол кезде Мұстафа Өзтүрік ағамыз Американың төрінде тұрып, секундант болды. Бұл оның әлемдегі деңгейін көрсетсе керек. Мен жекпе-жекке индонезияның спортшысымен шығып, ұпай санымен жеңіліп жатыр едім. Ұстазым секунданттығын пайдаланып, қандай тактика, қандай қимыл жасау керектігін айтып, жөн сілтеп жіберді. Мен қайтадан қайратыма мініп, жеңісті қарсыласымның қолынан жұлып алдым. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Шәкіртіңе жекпе-жек кезінде кеңесті қайтіп, қалай беру керектігін ұқтым.

Мұстафа Өзтүріктің келесі жылы болатын 60 жылдық мерейтойын атап өтуге қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр?

Жақында «Қазақстан» ұлттық арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасында Мұстафа ағамыз бен Бексейіт Түлкеев ағамызды еске алдық. Бексейіт Түлкеев Қазақстан таэквондо федерациясының тұңғыш президенті әрі негізін қалаушы. Осы ағаларымыздың құрметіне республикалық деңгейде ірі жарыстар ұйымдастыру ойда бар. Елімізде Мұстафа Өзтүрік атындағы орталық бар, оның басшысы ұстыздың өз қолынан бата алған Қайрат Қырғызбай деген жігіт. Осы орталық және ағамыздың бүкіл шәкірттері 60 жылдық мерейтойды абыроймен жоғары деңгейде атап өтетін боламыз.

Отаным деп құшағын жая келген арда ағамыз Қазақстанда қастандықпен өлтірілді. Шындықтың ашылуынан қорыққан қорқаулар Бексейіт ағамыздың да өмірін айуандықпен қиды. Мұны кешіре алмаған Мұстафа ағамыздың анасы оның сүйегін Түркияға алып кетті. Алматыда Мұстафа ағамыздың атында көше ғана бар. Басына құран оқып, еске алатын не зираты, не ескерткіші, не мұражайы жоқ. Елге оралған азғана уақыттың ішінде Бексейіт аға екеуі таэквондодай спорттың шаңырағын көтеріп, уығын қадап кетті. Артында сайрап ірі жолы, марқасқа шәкірттері қалған ұстазға өзінің тұлғасындай алып ескерткіш тұрғызу ойларыңызда бар ма?

Бесағаш ауылында Мұстафа ағамызға қойылған ескерткіш бар. Аты бар да заты жоқ дүние десе де болады. Нар тұлғалы ұстазымызға лайықты етіп жасалмаған, соған ішім удай ашиды. Осы ескерткішті қайтадан жасаса жақсы болар еді. Бесағаштың ауасы таза, барып тұруға қалаға да жақын. Мұстафа мен Бексейіт ағаларымыздың атында қорымыз бар, оның президенті Дихан Ақаев деген ағамыз. Дихан ағамызға мерейтойда ұйымдастырылатын шараларға қатысты ой сала келіп, Мұстафа ағамыздың Бесағаштағы ескерткішін қайта жасатуға байқау жариялайық деген ұсыныс та айтқан едім. Халыққа үндеу жариялап, одан түскен қаржыға қор ескерткіш тұрғызса нұр үстіне нұр болар еді.

Ал Алматыдан ескерткіш соғу үшін бұл мәселені қоғам болып көтеру керек шығар. Өйткені, емен есіктердің ар жағында отырған лауазымды шенеуніктердің алдына кіру де олардың рұқсатын алу да өте қиын шаруа. Екі-үш адамның қолынан келмейтін шығар. Бұл іске де «жоғарыда отырған көкелер» керек. Оның үстіне Алматыдан бос орын табу да қиын болар.

Қазақстан да спорттың таэквондо түрінен олимпиадаға спортшы қатыстыратын дәрежеге жетті. Бұл Мұстафа Өзтүрік пен оның шәкірттерінің арқасы ғой. Осы жайында кеңірек айтып беріңізші.

Мұстафа мен Бексейіт ағаларымыздың басты арманы – қазақтың жігіттерін олимпиада тұғырынан көру еді. 1994 жылы таэквондо олимпиадаға ойын ретінде кірді. Ал 2006 жылы Арман Чилманов алғаш рет Азия чемпионатында алтын медальға қол жеткізді. Бұл Қазақстанның Азиядадағы тұңғыш алтыны болатын. Бұл ең үлкен жеңіс еді. Себебі, таэквондоның ең мықты спортшылары Азия құрлығында ғой. Мұстафа ағамыздың өзі таэквондоны Тайваньда оқып, үйренген. 2008 жылғы Бейжің олипиадасында Арман Чилманов қола медальды жеңіп алды. Арманмен бірге Әділхан Сағындықов, Есбол Сұлтанов сынды таэквондошылар әлемдік ареналарда қазақтың намысын қолдарынан келгенше қорғағанын да айта кеткен жөн. Сондай қысқа мерзімде таэквондодан осындай жетістікке жеттік. Басқа спорт түрлері осындай деңгейге жету үшін 30-40 жылын жұмсайды. Ұстаздарымыздың аманатын орындадық деп ойлаймын.

Қазақстан өзінің тарихында тұңғыш рет халықаралық деңгейде 2011 жылы 7-ші қысқы Азия ойындарын абыроймен өткізді. Сол кезде сіз қысқы Азия ойындарының Алматы қаласы бойынша дирекциясының директоры болдыңыз. Тың дүниеге түрен салған осындай келелі істі қалай атқардыңыз?

Мен ең бірінші елімнің патриотымын. Қатардағы спортшы болғанда да, бапкер, бас бапкер болғанда да Отанға деген адалдығым мен сүйіспеншілігім мені жетелеп жүрді. Ал халықаралық деңгейдегі шараларды ұйымдастыру қабілетіме келсек, бас бапкер болып жүрген кезімде 2005 жылы Алматы қаласында таэквондодан жастар арасындағы Азия чемпионатын өткізуге мұрындық болған едім. Мұндай істе тәжірибем болғандықтан әрі әріптестерім қолдағандықтан именбей жұмысты атқаруға бел шеше кірістім. Қазақстанның тарихында бұрын соңды болмаған тарихи шара болды. Халықаралық қауымдастықта Қазақстанның имиджін қалыптасыруды мақсат еткен жоба еді. Осындай ірі ауқымдағы шараны өткізуге еліміздің шамасы жететіндігін әлемге дәлелдеп бердік. Оның үстіне экономикалық дағдарыс кезіне тап келгенімізді де естен шығармаған абзал. Соған қарамастан елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Қысқы Азиада ойындарын абыроймен өткіздік деп сенімді түрде айта аламын. Дүбірлі додада 32 алтын, 32 күміс және 28 қола медальды қанжығамызға байладық. Азия ойындарында командалық есепте бірінші орында болдық, бұл Қазақстанның тарихында болмаған жағдай еді. Әрине, аздаған кемшіліктер де болды. Жетістіктер де баршылық. Қаншама спорт нысандары дүниеге келді, спорт сарайлары жөндеуден өткізілді. Спорттық инфрақұрылымды дамыттық. Халықаралық деңгейдегі шараларды ұйымдастыратын жас мамандар осы кезде тәжірибелерін және кәсібилігін шыңдауға мүмкіндік алды. Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге келіп, өзінің жоғары бағасын берді.

2011 жылы «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирге шығып, Азиада туралы сұхбатыңызды көріп, тәнті болдым. Сөзден жаңылыспадыңыз қазақ тілінде сондай жатық және шешен сөйледіңіз. Кәнігі журналист болғандықтан камераның алдында тікелей эфирде жаңылмай сөйлеуге үлкен тәжірибе керек екенін жақсы білемін. Сіз сондай деңгейге қалай жеттіңіз? Әлде алдыңызда субтитр болды ма?

Субтитр болған жоқ. Мектепті орысша оқыдым, Ресейдегі институтта да орыс тілінде білім алдым. Әке-шешемнің тәрбиесінің арқасында үйде міндетті түрде қазақша сөйлейтінбіз. Қарақалпақстандай жат елде тұрғандықтан біздің патриоттық сезіміміз өте жоғары болды. Сондықтан да ана тілімді жетік білу, шешен сөйлеу мен үшін ардың ісі. Ал камерадан қорықпаған себебім, мыңдаған көз жанарлар қадалған халықтың алдында үлкен ареналарда жекпе-жекке шығып, ысылғандықтан мен үшін камера түкке тұрмайтын жансыз құрал ғана. Камерадан да құдіретті көрер қауымның алдында жекпе-жек кезінде талай экстрималды жағдайды бастан кешірдік. Спорт бізді сұрыптап, сайдың тасындай шымыр етті ғой. Дегенмен де алғаш рет аренаға шыққанда жас спортшының бойында мазасыздану, яғни «мандраж» деген болады. Спортшылар бұл әлсіздікті тездетіп жеңіп шығуға дағдыланған.

Қазір қандай жұмыстармен айналысып жүрсіз?

2008 жылдан бері «Барыс» атты таэквондо орталығы жұмыс істеп келеді, 2012 жылы заңды түрде тіркедік. Орталықтың президенті болып Амалбек Тшанов ағамыз тағайындалды. Төрт жүз спортшыны тәрбиелеп жатырмыз. Амалбек ағамыз келгелі жағдайымыз анағұрлым жақсарып қалды. Балаларға спорттық киімдеп алып беріп жатыр, тұрмысы төмен отбасының балаларын жарыстарға жіберуге демеушілер тауып беруде. Ол кісіге алғысым шексіз әрі ағамыздан өмірлік ғибрат алып жатырмын десе де болады.

Отбасыңыз жайлы айтып беріңізші, жұбайыңыз кім?

Жұбайым Фируза Байсалова. Үйленгенімізге 17 жыл болды. Екі қызым және бір ұлым бар. Тұңғыш қызым 14 жаста есімі Гауһар. Ұлым Арман 5-ке толады, кенжетайым Қарақат 3 жаста. Гауһар домбырада жақсы ойнайды. Елімізге танымал домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның студиясында білім алды. Халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Математика, физика және ағылшын тілі пәндеріне қызығушылығы жоғары. Гуаһар әзірге қандай мамандық иесі болатындығын таңдаған жоқ.

Сұхбаттасқан Сандуғаш Серікқали

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз