Роза Рымбаева: Қанша жастан зейнетке шығуды әйелдердің өздері таңдасын!!!
2013 ж. 03 тамыз
5029
0
Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының эталоны, жарық жұлдызы, саф алтындай бірегей дауысы бар, күміс көмей әнші. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Эстрада жұлдызы» аталымы бойынша «Жыл адамы» (2000ж.). Халқымыздың сүйікті әншісі «Жұлдыздар құпиясында» қонақта.
- Роза Қуанышқызы, Сіздің өміріңіз бен өнеріңіз халықтың көз алдында өтіп жатыр. Халқыңыз өзіңізді қалт жібермей бақылап отырады, бәрі жазылып біткен сияқты. Сондықтан да бүгінгі әңгімені сіздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік көзқарасыңызға арнасақ. Қазақ: «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» дейді. Сіз көкейіңізге түйгеніңіз де, оқып білгеніңіз де көп адамсыз. Сізді өмірде не толғандырады?
- Адам болғаннан кейін толғандыратын дүние көп. Біраз жақса де келіп қалдық. Қарапайым халықтың тағдыры толғандырады, мемлекетіміз өсіп-өркендесе, қарыштап дамыса екен деп тілеймін. Жастардың келешегіне алаңдаймын, өйткені, жоғары оқу орнын бітірген дипломды жастар жұмыс таба алмай қиналып жүр. Жасы келген әртістердің сахнадан кейінгі өмірі. Осының бәрі жүректі ауыртатын дүниелер.
- Үкімет пен депутаттар халықтың наразылығын ескерместен әйелдердің зейнет жасын ұзарту туралы шешімді қабылдады. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
- Менің ойымша, әйелдердің зейнет жасына шектеу қоюға болмайды. Әйел адам 58 жастан құрметті демалысқа шыққысы келсе, шыға берсін. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы ауыр жұмыста жүрген әйелдердің, көп балалы аналардың, денсаулығы нашар әйелдердің жағдайын ескеру қажет. Қанша жастан зейнетке шығуды әйелдердің өздері таңдасын! Сахнада жүрген әртістер мен жоғары оқу орындарында дәріс беретін оқытушы профессорлар, мемлекеттік қызметтегі лауазым иелері, сондай-ақ тағы да басқа мамандық иелері 63 жасқа дейін жұмыс істеуге ықылас танытса, оларға да мүмкіндік берген дұрыс.
- Сіз шетелдерде жиі боласыз, сондықтан да салыстырмалы түрде айтыңызшы, қазақтың сол елдерден артықшылығы неде, кемшілігі неде?
- Бір ұлттан екінші ұлтты артық-кем деп айтуға болмайды. Ол өте қате ой. Әр ұлт өзінің өмір сүру салтына, табиғатына байланысты қалыптасады. Мәселен, таулы жерде тұратын адамның тұрмысы мен мінез-құлқы ашық далада тұратын адамнан бөлек. Немесе солтүстікте тұратын адам мен оңтүстікте тұратын адамды мүлдем салыстыруға болмайды. Ал қазақтың тек жақсы жағын ғана насихаттауымыз керек. Қонақжайлығын, кеңдігін, қарапайымдылығын, ашықтығын. Ал қазақтан артық ұлт жоқ деп кеудемсоқтыққа бару бұл мәдениетсіздік.
- Егер сіздің қолыңызға билік берсе, Қазақ еліне қандай өзгеріс енгізер едіңіз?
- Депутаттыққа сайланып, ел басқарумен айналысу туралы ой келді ме сізге?
- Ондай ой ешқашан келген емес. Өзімнің мамандығым бойынша жұмыс жасағанды ұнатамын. Мен Қазақстанның халық әртісімін, өзімнің тыңдармандарым бар. Әнімді айтып жүріп-ақ мен қазақ өнеріне өз үлесімді қосып жүрмін деп ойлаймын. «Нұр Отанның» партиялық тізімі бойынша депутат болуыма үш рет ұсыныс жасалды. Ең бірінші рет 1999 жылы, келесілері нақты есімде жоқ осыдан 3-4 жыл бұрын-ау шамасы. Өзімді өзім ұсыну арқылы да депутат болуға шамам жетеді. Бірақ, өзімді саясаткер ретінде көзіме елестете алмайды екенмін. Қаншама рет қолқаласа да саясаткер болуға талпынған емеспін.
- Сіз Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ бересіз. Ұстаз болудың жауапкершілігі қандай?
- Ұстаз болу – бұл үлкен жауапкершілікті іс және де өте ауыр жұмыстардың бірі. Жастар ұстазынан алған білімімен, тәрбиесімен және кәсіби мамандығымен ары қарай қоғамға араласап жұмыс жасайды. Сондықтан да білікті де кәсіби маманды даярлау ісі оңай шаруа емес. Он жылдан бері шәкірттеріме «актерлік шеберлік» пәнінен дәріс оқып келемін.
- Жастардың білім деңгейі мен оқуға деген құлшыныстары қандай?
- Студенттердің білімі де деңгей де таланты да әр түрлі. Оқуға түсіп, алдыңа студент болып келгеннен кейін кейде дарынсыз жандармен де жұмыс істеуге тура келеді. Табиғи дарын болмаса, оған жасар шара жоқ. Ондайлар кез келген оқу орнында бар ғой. Қолына дипломды алғанымен өз мамандығы бойынша жұмыс жасамайтын жастар арамызда баршылық. Оларға «жоғары білімді» деген құжат болса болғаны. Соған қарамастан барлығына бірдей өзіміздің арнайы бағдарламамыз бойынша білім береміз.
- Деңгейі өте төмен жастар қолымызға келген күннің өзінде төрт жыл бойы алған білімінің, тәрбиесінің негізінде және қасындағы дарынды да білімді құрбы-құрдастарына қарап, олар да бой түзейді, өседі, жетіледі. Сонымен бірге ұстазға да көп нәрсе байланысты. Студенттің пәнге деген қызығушылығы мен құлшынысын арттыра білу оқытушының басты мақсаты болуы қажет. Бойында пәнге деген қызығушылығы оянған студент күнде сабаққа өзі жүгіріп келеді. Ал біздің мамандықта қызықтыратын дүние өте көп.
- Үлгерімі төмен студенттерге екі деген баға қойып, оқудан шығарып жіберген кезіңіз болды ма?
- Төрт жыл оқығаннан кейін ол студенттің қолына диплом ұстатып, шығарып салуға тырысамыз. Оқудан шығару балаға да әке-шешесіне де обал. Бұл біздің бойымыздағы қазақи қасиет. Ал кейде санасыз студенттерді амал жоқ оқудан шығарамыз.
- Мемлекет тарапынан қазақ өнеріне лайықты қолдау көрсетіліп келе ме?
- Абай атындағы опера және балет театрына, Мұхтар Әуезов атындағы драма театры сынды мемлекеттік деңгейдегі театрларға, үлкен-үлкен оқу орындарына, «Құрманғазы», «Отырар сазы» оркестрлері сынды мемлекеттік өнер ұжымдарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекеттің қолдауынсыз олардың өмір сүруі мүмкін емес. Ал эстрада әншілері өз күнін өзі көріп жүр.
- Қазір жас дарындардың халыққа кең танылуына, бақтарын ашуға ықпал етіп жатқан жобалар мен фестивальдар баршылық. Солардың ішінде қайсысына көңіліңіз толады?
- Фестивальдарды теледидардан тамашалауға уақытым жоқ. Сондықтан баға бере алмаймын. Фестивальдарға қазылық етуге шақыртып жатады, уақыттың тапшылығынан оған да өте сирек келісім беретін әртіспін.
- Василий Барьбе сіздің қуыршақ бейнеңізді жасап көрсеткенде қандай сезімде болдыңыз? Ол қуыршақ сатылымға түсе ме?
- Иә, қуыршақ бейнемді жасап алып келіп, көрсетті және маған бір данасын сыйлады. Шексіз алғысымды білдіремін. Менің өнеріме деген үлкен құрметтен туған дүние деп білемін. Олармен ешқашанда таныс болған емеспін. Біреу менің қуыршақ бейнемді алып келіп, көрсетеді деген түсіме де кіріп шыққан емес. Барби қуыршақтың жаңа образын ізденіп жүрген бір шығармашылық топ болар деп ойлаймын. Олар бір макетті жасайды да Америкадағы орталыққа жібереді. Егер орталықтағы мамандар осы образды қабылдаса, оны дүниежүзілік деңгейде шығаратын болар.
- «Заман-ай» әнін Жапонияның антиядролық қозғалысы өздеріне әнұран етіп алды ма?
- Сөзін Ұлықбек Есдәулетов, әнін Төлеген Мұхамеджанов жазған «Заман-ай» әнін жапондар өз тілдерінде шырқап жүр және әнұран етіп алғандары рас. Күншығыс елінде «Хиросима, Нагасаки» антиядролық қозғалысы бар. Былтыр жазда Херосима қаласына барып, төрт концерт беріп келдім. Менің концертіме қатысқан Жапонияның хоры мен жеке әншілері жапон тілінде, ал мен қазақ тілінде «Заман-айды» бірлесіп орындадық. Олар жыл сайын тамыз айында ядролық жарылыстан қаза тапқандарды еске алып, үлкен кеш өткізеді.
- Сіз «Apple town» тұрғын үй комплексінен пәтер сатып алдыңыз, халық ішінде «ақылды үй» аталып кеткен бұл үйлердің ерекшелігі неде?
|