Рухани жаңғырудың кепілі – латын әліпбиіне көшу
2017 ж. 21 қараша
1788
0
Алматыда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Рухани жаңғырудың кепілі – латын әліпбиіне көшу» атты «Дөңгелек үстел» болып өтті. Жиынның кіріспе сөзін ашқан университет ректоры Такир Балықбаев латын әліпбиіне көшудің артықшылықтарына тоқталды.
– Әлемдегі елдердің 80 пайызы латын графикасын қолданады. Сондықтан латын графикасына көшу қазақ тілінің халықаралық деңгейде танылуына жол ашады. Түркі дүниесіндегі ортақ құндылықтарымызды оқуға, тануға мүмкіндік береді. Елбасының «2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деген міндеті бізге, педагог жұртшылыққа үлкен жауапкершілік жүктейді. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы республикамыздағы жетекші білім ордасы ретінде аталған міндетті шешуде басымдық танытуымыз қажет деп санаймын. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті, кәсіби білімі жоғары маман дайындау үшін берілетін білім де сапалы болуы тиіс. Бұл бізге жүктелген үлкен әрі маңызды жауапкершілік, – дей келе, алғашқы сөзді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетовке берді.
– Елбасымыз мәлімдеме жасаған сәттен бері насихат жұмыстары жасалып жатыр. Бір байқағанымыз, қазір «Латынға ауысқан жөн бе?» деген сауал қойылмайды. Оған алдағы уақытта көшеріміз анық. Енді осы процесті қалай жүзеге асыратынымыз жөнінде талқы көп. Соңғы күндері Алматы қаласында латынға көшуге байланысты талқылауларға 170 мыңнан астам адам қатысқан. Мұндай шаралар тек Алматыда емес, еліміздің түкпір-түкпірінде жүргізіліп жатыр. Бізден бұрын латынға көшкен көршілес мемлекеттердің қателіктері мен кемшіліктерін ескеруді басты назарда ұстаймыз. Сондай-ақ, көшкеннен соң жұртшылықтың қабылдауын жеңілдетуді де мақсат етіп отырмыз, – деді басқарма басшысы Мамай Ахетов.
Өз кезегінде сөз алған профессор Фаузия Оразбаева қоғам арасында үлкен пікірталас тудырған Парламенттегі жобаның артықшылығы мен кемшілігін саралап, түсіндіріп берді. Сөз соңында ғалым «болашақтағы әліпби – латын қарпіне негізделген ұлттық әліпби деп аталуы керек» деді.
Жиын соңы еркін пікірталаспен, сұрақ-жауаппен жалғасты.