Қылмыстың ашылуы – қыруар жұмыстың жемісі

ми Қалмұқанбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі: – Техникалық байқауды жүргізу жөніндегі қызметті бәсекелестік ортаға беру қолдау тапты. Бұл жалпы қалай жүзеге аспақ? Олардың қызметі толықтай қашан басталмақ? – Үстіміздегі жылы қаңтар айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Осы заң негізінде техникалық байқауды көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органдар техникалық байқау орталықтарының тізіліміне қосқан техникалық байқау орталықтары өткізетін болады. Мұндай орталықтарда стационарлық және көшпелі техникалық байқау желілері болуы шарт. Олар тежеуіш жүйесі мен рөл басқаруының, аспалы элементтердің тиімділігін және атмосфераға шығарылатын зиянды заттарды автоматты түрде анықтап отырады. Көлік құралдары иелерінің уақытылы техникалық байқаудан өтуіне бақылауды жүзеге асыру функциясы Ішкі істер министрлігінің құзыретінде қалады. Техникалық байқаудың толықтырылған жаңа тетіктері 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Оған дейін жол полициясы бекітілген үлгіде жұмысын жалғастыра береді. – Осы орайда елді елең еткізген қылмыстардың тексерілу барысына, оның уақытылы ашылғанына тоқтала кетсеңіз. – Өзіне еліміздегі әрбір азаматтың қауіпсіз өмір сүруі және қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету тәрізді жауапты міндеттер жүктелгенін әр полиция қызметкері жақсы түсінеді. Қызметтік міндеттерін тиянақты атқарып, қылмысқа қарсы күресте батылдық пен табандылық, ерлік көрсетіп, қалаларда, елді мекендерде, шалғай аудандарда адамдардың тыныштығын қорғап, күн-түн демей, қандай ауа райы болса да қырағылық танытып, кей кездері өміріне қауіп төнсе де қылмыскерлердің ізіне түсіп, үлгі тұтарлық жетістіктерге қол жеткізіп жатқан қызметкерлеріміз баршылық. Қылмыстың ашылуы атқарылған қыруар жұмыстың, самайдан аққан тердің жемісі. Мәселен, үстіміздегі жылы Алматы қаласында Селезнев атындағы хореографиялық училищенің ди-ректоры Қарлығаш Мырзаханованы айуандықпен өлтірген қылмыс қоғамдық толқу туғызды. Алматы қаласы ІІД-нің жедел және тергеу бөліністерінің анағұрлым тәжірибелі қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы күні-түні жұмыс істеді. Қылмыстың себептерін анықтау үшін түрлі болжамдар жасалып, тексерілді, оның ішінде жәбірленушіні тонау мақсатында өлтіру мүмкін деген нұсқа да жоққа шығарылмады. Қылмыс болған жерді мұқият қарау барысында пәтерден бағалы заттар мен техниканың ұрланғаны анықталды. Қылмыс болған күні үйдің кіреберісінде арқасына сөмкесін асынған белгісіз ер адамды көрген адамдардың айтуы бойынша күдіктінің бейнесі жасалды. Көп кешікпей, арада бес күн өткен соң 28 жастағы күдікті ұсталды. Қылмыс болатын күні еш жерде жұмыс істемейтін жас жігіт жәбірленушіні көшеден кездестіріп, үйі-не дейін ілесіп, соңынан жүрген. Әйелді тонап, оңай олжа табуды көздеген мақсатында оның есігіне қоңырау шалады. Өзін көршісі ретінде таныстырып, пәтерге оңай кіреді. Жалғыз тұратын әйелді ұрып-соғып, ақша, бағалы заттар талап ете бастайды. Қарсылық көрсеткен жәбірленушіге ол бірнеше жерден пышақ салып, денесіне ауыр жарақат келтіреді. Пәтерден бағалы заттар мен жеке мүліктерді асығыс алып, қылмыс орнынан жасырынып үлгірген. Ертесіне қоңырауларға жауап бермеген училище директорының үйіне келген жүргізушісі жедел жәрдем шақырып, полицияға хабарлаған. Алайда алған жарақат салдарынан ол ауруханада есін жимастан қайтыс болған. Белгісіз адамдарға есік ашып, сенім білдірудің аяғы осындай түрлі ауыр және аса ауыр қылмыстарға әкеледі.

«Егемен Қазақстан»