ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРАР қазы

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим! Осыдан төрт-бес жыл бұрынғы оқиға. «Заң газетінде» қызмет жасайтынмын. Редакцияға соттар жұмысында орын алып отырған кемшіліктерге орай түскен екі-үш арыз бойынша Оңтүстік Қазақстанға жол жүргелі отырғанда иман жолындағы ақын Жарылқасын Аманов ағамыз телефон шалып, үйіне шақырды. Иман жолында деп отырғаным еліміз егемендік алған жылдары осы бір сұлу да нәзік жолға мұрындық болып «Ислам шапағаты» газетін шығарып, Ислам партиясын құру туралы бастама көтеріп, оның алғашқы Жарғысын әзірлеген азамат. Мінезі тік, өртке тиген дауылдай айтарын кесіп айтатын, жазған өлеңдерін жатқа соғатын ақын; Кара кылллл - Мына газет өзі есінен танғанымен тұрмай, жұртты да есінен тандыратын болды. «Қарасай батыр, Жамбыл ақын деген болмаған»- деп мақала басыпты. Оқыдың ба?- деп қолыма «Свобода слова» газетін ұстата қойды. – Біраз жігіттермен пікір алысып, газетті сотқа бергелі отырмын. Тыныш жатқан әруаққа тіл тигізу деген не деген масқара? – деді буырқанып... Отырып ортақ әңгімеге келдік, біраз пікір алыстық. Ақынды мұндай кезде өлең оқу ырқына көндіру тіптен тамаша ғой. Жадырап, жайнап сала береді... Соңғы уақытта жазған имани тақырыптағы кесек-кесек фәлсафалық өлеңдерін арқалана отырып оқыды. Байқағаным, өзі де дем алды, біз де марқайдық. Қайтар сәт менің Оңтүстікке соттар жұмысы бойынша түскен арыз шағымға орай жол сапарға шығып бара жатқанымды естігенде, оқып отырған өлеңдерін былай қорытты; - Саулығыңды тілеп жүрмін сыртыңнан, Теңдесі жоқ Тілектесім бір тумам. Айналайын түлеп ұшқан қыраным, Алатаудан – менің елім-жұртымнан. Қиындықты көріп өстің жасыңнан, «Бақ қонды» деп, емессің сен тасыған. Келе жатыр өрге тасың өрмелеп, Болғаннан соң түп-тегіміз асылдан. Алатаудан Қаратауға самғадың, Ақ иығым самғай бергін талмағын. Әділетті келе жатсың ту етіп, Қиянатқа қиыс қадам бармадың. Қаратаудан ұшып шығып ғарышқа, Алқынбай жет арман болған алысқа. Қарасайдай қас батырдың ұрпағы Екеніңді ұмытпай шап намыста. Самғай бергін, Тілектесім, қыраным, Қолда әруақ; «Қарасай!» ет ұраным. Сендер тұлға болған сайын сөзбенен Алтын сарай салып беріп тұрамын!.. Сен бара жатқан облыстық соттың төрағасы Тілектес Ешейұлы менің туыс бауырым. Естігенің - кезінде соған арнаған, жинағыма енген өлеңім. Өз талайымен өсіп келе жатқан қайратты да жігерлі жігіт. Бүгінгі мен сөз еткен Қарасай батыр мен Жамбыл ақынның Ұзынағашта туып өскен менен де жақын ұрпағы сол. Газетте көтеріліп жатқан бабалары жайлы мына ылаң жайды айта бар. Қазақ; «Кімнің кім екенін білгің келсе, қызметке қой»- демеуші ме еді. Қызметі өскен соң, мың құбылып өзгеріп шыға келетіндер аз емес. Бәлкім, менің інім де облыстық сотының басшылығы қолына тиген соң, мінезі өзгерген шығар. Сендер, журналистер, осы заманның нағыз Толыбай сыншыларысындар ғой. Бара көрерсің, өз бағаңды берерсің. Дегенмен, мен білетін Тілектес болса, Төле би бабасы ұстанған тура жолдан тайқи қоймас азамат болуы керек- деген. Жақсы деген сөздің артынан еруі жігіт үшін қашан да абырой ғой. Мен Тілектес туралы жылы лебізді алғаш осы кездесуде естіген болатынмын. Оңтүстік Қазақстанға сондағы жолсапарға шығарған негізгі жұмыс - жалғыз ұлы Бауыржан Шойбековтың қайғылы қазасын қалалық ішкі істер басқармасы анықтау бөлімінің капитанынан көретін Несібелі Жұмашова мен Түркістан қалалық сотының үкімі бойынша ҚР ҚК –нің 179 бабының 2 бөлімінің «а,г,д» тармақтары бойынша сотталған Аманжол Сәденов, Мұхаматибрагим Қадыров, Акрам Абдужалилов және Дилмұхамед Бақтыбаевтардың ата - аналарының шағымы болатын. Алғашқы хаттың жайы, менің білетінім, күні бүгінге дейін шешімін таппай сиырқұйымшақтанып жатса, екінші хат бойынша іс біз жеткенше облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасында Ә.Керімшеевтің төрағалығымен қаралып, аудандық сот үкімі өзгеріссіз қалған екен. Алғаш, бұл іс те журналистер араласатын кезеңнен өтіңкіреп кеткен шаруа болып көрінді. Дегенмен, сотталушылардың ата-аналары өз шағымдарында сот үкімімен келіспей, балаларының алдын-ала және сот тергеулерінде тағылған айыпты мойындамағандарын, оқиға болған кезде біріншісі Шымкент қаласында жалданып жұмыс істеп жүргенін, екіншісі ауыруханада жатқанын, үшіншісі Сарыағаш ауданы Абай ауылында Елчибековтың үйінде болғанын, төртіншісі тергеу барысында полиция қызметкерлері тарапынан қысым қолданылуына байланысты өзі жасамаған қылмысты мойнына алғанын , сот тергеуінде осындай жиналған дәлелдемелерге тек айыптау тұрғысынан ғана баға бергенін жазған. Ауданға соғып журналистік зертеулер жүргізгенімізде шағымданушылардың біраз талаптары орынды сияқты көрінді. Тергеу кезінде шынымен-ақ полиция қызметкерлері тарапынан ұрып соғу, қысым жасау шаралары орын алғандығы байқалды. Бізді - сот үкіміндегі жазылған төрт бірдей сотталушы мен олардың дәлелдерін нақтылы құжаттармен қуаттаған жауаптар мен істі жан-жақты және обьективті түрде тексермеді деген пікірлердің сот тергеуі кезінде назарға алынбауы, судьяның әділ үкім шығару орынына, біржақты, тергеушілер ықпалында кеткені, олардың тергеу амалдарына қыл жуытпауы ойға қалдырды. Сот өндірісінде - тергеу органдары тарапынан ҚР ҚІЖК-нің 24 бабында көрсетілген талаптар өрескел бұзылған. Бұл жағдай сол кездегі облыс прокуроры М.Ахметжановпен болған әңгіме барысында да қуатталып, осы іске байланысты үкімнің заңдылығын тексеру барысында бірқатар процессуаллдық заң бұзушылықтардың анықталғандығы, аталынған сот үкіміне қадағалау тәртібімен наразылық келтірілгені белгілі болды. Осы мәліметтермен облыстық сот төрағасы Т. Бәрпібаевтың қабылдауына жеткенше ойымыздың он саққа жүгіргенін несіне жасырамыз. Арыз артында тұрған адамдар тағдыры бізді ойлантқанымен сот төрағасын ойланта қоймаса не болмақ?... Басты сот пен облыстық соттың қадағалау алқасында іс қаралып қойған ... Облыстық сот төрағасының қабылдауы бізге ұнады. Өз тағдырларына араша сұраушылар шағымына бей-жайлық танытпай, біз ұсынған хатқа орай, сот өндірісінде қаралған істі жедел алдыртып, басты мән-жаймен танысқан соң, заң аясында жұмыс жасап, мүмкіндік болса көмек қолын созатындығын ескертті. Әрине, біз арнайы келген бұл іс сол замат бірден біте қоятын шаруа емес еді. Бірақ, көп ұзамай-ақ облыстық соттың қадағалау алқасы осы іс бойынша қадағалау өндірісін қозғау туралы Қаулы алғанынан хабардар болдық. Біздің жеңісіміз – кейіннен осы қаулы негізінде сот төрағасы өзінің төрағалық етуімен өткен облыстық соттың қадағалау алқасында, Түркістан қалалық сотының 16 мамыр 2006 жылғы Үкімі мен облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының 25 шілде 2006 жылғы қаулысы бұзылып, бұзылған іс сол сотқа басқа құрамда қарауға жіберілуі болды. Әрине, облыстық соттың қадағалау алқасы алған бұл қаулының - бұған дейін тергеу амалдарын жүргізушілер мен істі қараған судьяға оңай тимесі белгілі еді. Сондықтан да болар, осы қаулы бойынша өндірісті өз қолына алған Түркістан қалалық сотының судьясы Ж.Нұрғалиев істі қайта қарауды бастамас бұрын, қосымша тергеуге қайтару туралы қалалық прокурордың өтінішін қарап, сотталушылардың бұлтартпау шараларын өзгеріссіз қамауда қалдырып, қылмыстық істі қосымша тергеуге жолдауға қаулы алып үлгеріпті. Бұл әрине осы істің мән жайын бақылауда ұстап отырған біздер үшін келісе қоятын шаруа емес еді. Т. Бәрпібаевтың бәрімізді разы еткен заңды бәтуасынан соң, Түркістандық заңгерлердің бұл тіршілігі бізді қанағаттандыра қойған жоқ. Ол ойымызды «Қадағалау алқасының қаулысынан соң қалалық прокурордікі не жорық?» («Заң газеті», №55, 12.04.2007ж) деген тақырыппен жедел мақала жазып, жазықсыз түрмеге тоғытылғандарды түрмеден босатып, облсот төрағасының тікелей араласуының арқасында осылайша бір журналистік абройға бөленгеніміз бар. Аталынған соңғы мақаланы жазуға барғанда қази бауырымыз Тілектестің қайта қабылдауында болып, еркін отырып, кеңірек танысып, сұхбат алудың реті келді. Еңбек жолын Қаскелең аудандық ІІБ инспекторлығынан бастаған азамат судьялықты Жамбыл ауданында бастап, соңынан аудандық сот төрағасы, 1999-2002 жыл аралығында Алматы облыстық сотының төрағасы, 2002-2003 жылдары Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы, 2003 жылдан Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып істеп жатқан кезі екен. Сөз арасында Жамбыл мен Қарасайға байланысты Ж. Аманов ағамыз айтқан сәлемін кеш те болса жеткізгенімде; - Сүйінбай бабамыз жырлаған Қарасай батыр туралы дастанды ауылда бала кезімізден жаттап өстік, сол кісіге ұқсап батыр болуды армандадық, ал «жазғыштардың» жыр дүлділі Жамбылды «ақын емес» деуі сонау жылдары орыс әдебиетшілерінің Михаил Шолоховты жазушы емес, «Тынық Донды» ол жазбаған деп шулағаны сияқты бос сөз ғой. Жалпы, әруақтарды мазалап, күстаналау имандылыққа жат нәрсе емес пе?- деген салмақты да сауатты пікірімен көріне білді. Расы да сол ғай. Кездесудегі сол сұхбат «Заң газетінде» жарияланғанда қара қылды қақ жарған қази ініміз, ибалылық танытып, артымыздан іздеп тауып, рахметін айтып, телефон да шалған... Тілектеспен 2007 жылы Алматы қалалық сотына төраға болып келген соң да, газет редакциясына келіп түскен екі арыз бойынша қабылдауында болуға тура келді. Шағымның бірі, бірге туған ағайынды үш жігіт Дулат, Дәурен, Думан Ырысдәулетовтердің ауыр тағдыры. Бұл хатқа байланысты қалалық сот өз өндірісін бастап кеткен де болатын. Үшеуіне де ҚР ҚК-нің 96 бабының 2 бөлімінің «б.д,ж,и» тармағымен кісі өлтіру, 257 бабының 2 бөлімі «а,б» тармағымен алдын-ала сөз байланысқан адамдар тобының бұзақылығы бойынша айып тағылған. Былай қарағанда араласатын шаруа емес. Бірақ бір адам емес, бір әулеттің тағдыры қыл үстінде тұрғаны жанымызға батты. Шағым иесі балалар әкесінің ағасы Нұрдаулет Есдәулетов тағылған айыптың заңсыздығын алға тартып келген. Тым болмаса қылмыстық айыптау бабын өзгертуді сұрайды. Бұл енді біздің емес, соттың шаруасы ғой... Екіншісі, Алмалы аудандық сотының шешімімен ҚР ҚІЖК 257 бабының 3 бабымен үш жыл бас бостандығынан айырылған Біржан Мықтыбайұлы деген жас жігіт, өзін соттаған соттан шыға сала редакцияға келіп, көз жасын көл ете отырып жазған шағымы. Жас жігіт түнгі сағат онекілер шамасында қаладағы орталық мейрамханалардың бірінің дәретқанасында ішкі есігін іліп отырғанда, сырттан есікті соққылап, боқтап-боралап асықтырған жігітпен ілінісіп қалады. Жасы өзімен шамалас жігіт қызулықпен сөзге дес бермейді. Қысқасы, мастықпен боқтап-боралап қоймаған соң, жігітті жақсылап бір соғып, орынына қояды. Таяқ жеген жігіт сытылып сыртқа шыққан соң, ішкі істер бөліміне телефон арқылы шағым түсіреді. Тергеу барысында таяқ жеген азамат МВД академиясының төртінші курс студенті болып шығады. Бұндай мезгілде жоғары курс студенті қоғамдық орында сауық құрып жүрмек түгілі жатаққанада болуы тиіс. Бірақ жәбірленуші ретінде сот қорғауын пайдаланған. Айыпкер азамат болса заңды білмеудің зардабын шеккен. Судья да үкім шығаруда біржақтылық танытқан. Осы қос шағымға байланысты қалалық сот төрағасы қабылдау кезінде біздің көзімізше судья Бұлытбай Мамытовты шақыртты. Інімізді отыз жыл прокуратура саласында қызмет істеп жүрген кезінен өнегелі жағынан тәп-тәуір білетінмін. Соңғы бес жыл көлемінде қалалық сот судьясы екен. - Бәкең ағамыз, редакцияға түскен шағым бойынша келген екен. Менің байқап отырғаным, ағайынды үш азаматқа тергеу барысында қойылған 96-шы бап шынында да орынсыз сияқты, кісі өлімі болған кезде айыпталушылар ол жерде болмаған, менімше бұл 103-тің үшінші тармағы, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтыратын әрекет. Ал екінші мәселе бойынша, сот барысында айыптаушы айыпталушыға жазбаша кеңшілік жасаған соң жауапқа тарту, өмір жолын енді бастағалы отырған азаматқа обал. Осы мәселелерге назар аударып қарашы... – деп көзімізше судьяға нақтылы нұсқаулар берді. Келген шаруаңа байланысты көз алыңда нақтылы шаралар қабылданған соң, қашан да бір жасап қаласың ғой. Оның үстіне қара басыңа емес, көмек сұрап келген азаматтарға жәрдемің тиіп жатыр... Бұл екі іске байланысты соңынан білгенім, мынадай жағымды қорытынды шықты. Алдынғы іске байланысты судья И.Н.Федотова шығарған Үкімде ағайынды үш азаматқа тергеу барысында қойылған ҚР ҚК-нің 96 бап, 103-тің үшінші тармағына ауыстырылса, ал Б.Мықтыбайұлы ісі апелляциялық сотта қылмыстық әрекеті дұрыс сараланбауына байланысты ҚР ҚК-нің 257 бабы 2 бөлімінің «а» тармағымен дәрежеленіп ҚР ҚК-нің 67 бабы талаптарына сай сот барысында екі жақты татуласқандықтан қылмыстық жауаптылықтан босатылған. Мұндай жағымды қорытындының шығуына дәнекер болғанын сезіну журналистер үшін қандай қуаныш десейші. Әдетте судьялар туралы мақтап жазбақ түгілі жылы пікір айтудың өзі қиын шаруа. Қазы қаншалықты әділ болғанымен, жеңген жағы шүкірлік айтып жатқанда, жеңілген жағы әділдікті мойындағысы келмей қайта шағымданып жатады. Қылмыскер еш уақытта өзін қылмыскер есебінде мойындағысы келе бермейді. Бидің бір ауыз сөзіне тоқтайтын баяғы кез келмеске кеткеніне қай заман... Бұл - судья жұмысының ең үлкен қиыншылығы болса, сол судьялар жұмысына басшылық ететін сот төрағаларының жұмыстары мұнан да ауыр. Судья - Қазақстан Республикасы атынан Үкім шығаратын тұлға. Сот өндірісі басталып кеткен соң оған ешкім араласа алмайды. Үкім заң аясында шығарылса жақсы, заңсыздыққа жол беріліп жатса судьямен бірге сол коллективтің жетекшісі сот төрағасының да алар «сыбағасы» аз болмайды. Ондай жағдайды қай бір жылы Шу ауданынан шу шығып, барлық судьялар өз қызметтерінен босап қалғанда, облысқа жаңадан келген сот төрағасы Н.Чинаевтың басы қаншалықты шырғалаңға түскенін көргенбіз. Басшы жауапкершілігі деген сол. Таяуда, республикадағы құқық саласында қызмет еттетін санаулы тұлғаларымыздың бірі, ел егемендігін жариялау кезінде білімдарлығымен һәм ұлтжандылығымен көріне білген академик Сұлтан Сартаев ағамызбен дастарқандас болып қалдым. Сол кісінің мына бір сөзі жадымда қалыпты; - Қара қыл көрер көзге өте нәзік, қолыңа ұстасаң нәзіктігі мен қатар өте қатты да. Осы қара қылды қақ жарар билер бейнесін көркем сөзбен айта білген біздің қазақ өте айтқыш шешен халық қой. Қара қылды қақ жарар әділдік айту - өте қиын шаруа. Дегенмен, мұндай тұлғалар қазақ та бұрын да болған, қазір де жоқ емес. Рас сөз ғой. Осы ұлағатты пікірді естігенде ойыма Алматы қалалық сотының төрағасы, Төлебидің ұрпағы, Тілектес Бәрпібаев оралды...  

 

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ