Николай Тихонюк: С. Ахметовтің агенттікке хат жазғаны рас
2015 ж. 27 қазан
1871
1
«Ахметов ісі» бойынша сот отырысында жауап берген Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі агенттік төрағасының бұрынғы орынбасары Николай Тихонюк индустриалдық парктегі нысанды салу барысында заң бұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді. Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі болып тұрған кезеңде аталған агенттік басшысының орынбасары қызметін атқарған куәгер шаруашылық-тұрмыстық суағарлар станциясының құрылысында технологияны сараптауда заңға қайшы келетін іс-қимылдардың болғанын айтты.
Николай Тихонюк бюджет қаражаты есебінен инфрақұрылымдық нысандар салу үшін жобалық құжаттамаға мемлекеттік экспертизаның оң тұжырымы қажет екендігін, ол болмаған жағдайда тапсырыс беруші мен мердігер компания құрылысты бастай алмайтынын хабарлады. Оған дейін сотта сөйлеген «Мемэкспертиза» РМК-ның сарапшылары Т. Туманова мен Г. Артекова «Металлургия-Металл өңдеу» индустриалдық паркі» («ММИП») ЖШС-дегі нысандар құзырлы мекеменің тұжырымынсыз салынғанын растады. Сонымен қатар, Н. Тихонюк тапсырыс беруші мен қосалқы мердігер жоба авторының келісімінсіз технологиялық қондырғыны ауыстыру жөнінде шешім қабылдай алмайтынына тоқталды. 26 қазанда сотқа жауап берген «Қарағанды қаласындағы индустриалдық парктің инфрақұрылымының құрылысы» жобасының авторы, «Сәулет» ЖШС-нің құрылтайшысы Кәрім Түсіпбеков 2011 жылдың маусым айынан бастап станциядағы (шаруашылық-тұрмыстық суағарлар станциясы) тұрмыстық суағарларды тазалау технологиясын ауыстыруға қарсылық білдіріп, «ММИП» және «Центрстрой-комплект НС» ЖШС-не хат жолдағанын жеткізді. Демек нысан құрылысы автордың келісімінсіз іске асырылған.
Куәгер сондай-ақ, Қарағанды облысының сол кездегі әкімі С. Ахметовтің жобалық шешімге өзгеріс енгізу туралы агенттікке хат жазғанын айтты. «Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовтің қолы қойылған хат агенттікке 2011 жылы келіп түсті. Ол менің атыма және жобалық жұмыстар жөніндегі департаментке жазылған. Біз оған жауап дайындадық. Жауап хатта қазіргі заманғы технологияларды таңдауға көмек көрсетуге өтініш айттық. Сөйтіп ол өтінішімізді «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы орталығына» жолдадық. Орталықтағылар 5 технологияны ұсынды. Оларды енгізу үшін алдымен жобалаушылар жақсылап зерттеуі тиіс болатын. Себебі онда ұсынылған кез-келген технология Қарағанды қаласында қолдануға келмеуі мүмкін»,- деп әңгімеледі куәгер.
Агенттік төрағасының экс-орынбасарының айтуынша, соңғы сатысында қандай технологияның қажеттігін тапсырыс беруші өзі таңдайды. Тек жаңа жобаның мемлекеттік сараптамадан өтуі міндетті. «Себебі мердігердің қондырғыны ауыстыруға өзгеріс енгізгені көрсетілген. Осыған орай, экономикалық негіздемеге ықпал ететін өзгерістер енгізілген кезде мердігерге жобаны міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан өткізу қажеттігін хабарладық. Кез-келген жобаның іске асатынын немесе іске аспайтындығын тек мемлекеттік сараптама ғана растай алады. Себебі арзан дүниенің бәрі жақсы бола бермейді. Сондықтан біз жоба сарапшылардың сүзгісінен өтсін деген талап қоямыз»,- деп түсіндірді Н. Тихонюк. Куәгердің өзі технологиялық қондырғыны ауыстыруға келісім бермегенін айтты. Себебі жобалық құжаттарын «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны бекітпеген құрылыс жұмыстарына және нысанға қондырғы сатып алуға бюджеттен қаржы төлеуге тыйым салынады.
Әмина БӘКІР
qazaquni.kz