Үміт отын сөндірмей...

Ел егемендігін алғалы бері шет жақтағы қандастарымыздың тарихи отаны – Қазақстанға қарай біршама бет түзегені белгілі. Әйтсе де, осы қандастарымыз атажұртқа келіп, қоныстану барысында көптеген қиындықты бастан кешіретінін көзбен көріп, көңілімізге түйіп жүрміз. Атажұртқа ат басын бұрған қандасымыздың бірі Қытай Халық Республикасы ШҰАР Сауан ауданының тумасы Ерлан Нәситан болатын. 2008 жылы оқуын бітірісімен, қазақ еліне келген Ерлан мұнда жан бағу үшін табылған жұмысты істеуге мәжбүр болады. Бір отбасының арқасүйер жалғыз ұлы саналатын Ерланның негізгі мақсаты – сексенге таяп қалғанына қарамастан, атажұртына оралуды аңсаған ата-анасын туған жеріне әкеліп, орнықтыру еді. Қазақстан азаматтығын алуға бірден қол жеткізе алмаған ол Вэнг Игуй есімді қытай азаматының қоластында дүкенде сатушы болып, әрі жүгін тасушы болып еңбек етеді. Бірақ, ертелі-кеш еңбек еткеніне қарамастан, тиісті еңбекақысын ала алмайды. Қаржыдан қысылып күн кешіп жүргенде, әлгі қытай азаматының жұмысшысы болған өзі сияқты екі азаматқа кезігіп қалып, барлығы бірігіп, жұмыс берушіден өздерінің жалақыларын талап етпекші болады. Бірақ, қытай азаматы Вэнг Игуй бұлардың табан ақы, маңдай терімен еткен еңбектерінің ақысын бергісі келмейтінін және бермейтінін ашық айтады. Әбден ызаға булыққан жігіттер өздерін басынған қытай азаматымен дау­ласып, күш қолдануға мәжбүр болады. Істің арты насырға шауып, оқыс оқиға орын алады: төбелес кезінде Қытай азаматы өледі. Осылайша Қытай асып келген Ерлан Нәситан абайсызда кісі өліміне себепкер болып шыға келеді. Іске қатысты 2010 жылдың 20 сәуірінде шыққан сот үкіміне үңілетін болсақ, Ерлан Нәситан Қазақстан Республикасы ҚК-нің 96-бабының 2-бөлігі «Ж,З» тармақтарымен, 179-бабы 3-бөлігі «В» тармағы бойынша кінәлі деп танылған. Оған ҚК-нің 96-бабының 2-бөлігі «Ж,З» тармақтарымен мүлкі тәркіленіп, 13 жылға және ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігі «В» тармағымен мүлкі тәркіленіп, 9 жылға бас-бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігінің негізінде тағайындалған жазаларды ішінара қосу арқылы Ерлан Наситанның түпкілікті мүлкі тәркіленіп, 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жазаны түзеу колониясының қатаң режимінде өтеу белгіленген. Тағдыр талайымен 16 жылды мойнына арқалап кете барған Ерлан Нәситан 2009 жылдың қыркүйек айының 26-нан, яғни, қамаққа алынған сәтінен бастап жазасын өтеуде. Сотталып кеткен Ерлан Нәси­тан­ның мұсылманша не­келі жары Жанаргүл Нәситан редакциямызға арнайы келіп, осы оқиғаның мән-жайын бүкпесіз баяндап берді. Әрбір күнін темір тордың арғы жағындағы жан жарын тосумен өткізіп, жанары жасқа булыққан Жанаргүл бар үмітін арқалап, «Ақ жол» ҚДП-ның Алматы қалалық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға келіп, партияның көшбасшысы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтың атына жазған арызын тапсырғанын айтты. Онда істі ҚР Жоғарғы сотына үкімнің заңдылығын қайта қарап, жазасын төмендету мақсатында демократиялық фракция депутаттарының сауал қоюын өтініпті. Қазақстан азаматтығын 2011 жылы алған Жанаргүл Нәситан күйеуінің жасаған қылмысына жазасы сай емес деп есептейді. «Әдейі кісі өлтіргендерді де бұдан аз мерзімге соттап жатқандарын жиі естиміз. Неге менің күйеуімді соншалықты қатал жазалады? Ерлан тарихи отанына дәл сол Қытайдан келген, мүмкін ол үшін қатал жазаның себебі осы шығар? Мұндай жағдай Қытайдың өзінде болғанда, мүмкін, керісінше, олар өз азаматын қорғауға тырысушы ма еді?» – дейді ол. Жанаргүл бізге айтқан әң­гімесін: «Мен жолдасым Ерлан Нәситанды кісі өлімі орын алған жерде болғандықтан, қылмысқа қатыспаған, сүттен ақ, судан таза деп айта алмаймын. Әйтсе де, бұрын-соңды істі болмаған азаматқа 16 жыл мүлдем ауыр деп есептеймін. Мен Азат Тұр­лыбекұлынан заңнаманы бас­шылыққа ала отырып, жол­дасымның менімен және ата-ана, туған-туыстарымен ертерек қауыштыруға дәнекер болуын өтініп сұрадым. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» демекші, қолында билігі бар ағайын өз елім деп келген азаматты өзегінен теппесе екен», – деп қорытындылады. Қандасымыздың артқан үмітін алдағы уақытта әділдіктің ақ туын тік ұстаған «Ақ жол» партиясы ақтайды деген ойдамыз. Гүлмира САДЫҚ