Әкімдер мен полицейлер халықтың ашуын сынап жатыр ма?

«Сіз неге бізге арыз жазасыз?!..» Ардагердің әңгімесі ...Бәрі де әдеттегідей әуелгіде әп-әдемі-ақ басталады. Шымкент қаласы әкімші­лі­гіндегілерге Құрбан айт мейрамы құр­метіне қаладағы әлеуметтік ахуалы нашар отбасыларына қайырымдылық көмек көр­сетсек деген жақсы ой келе қалады да, оны жүзеге асыру үшін тағы да әдеттегідей кә­сіпкерлерді іске тартып, 6 тонна күнбағыс майы мен 600 қап ұн жиылады. Алғашқы­да оны қалалық Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау департаменті арқылы тара­татын болған екен, аудан әкімшіліктері істі өз мойындарына алады. Әзірге бәрі дұрыс. Бірақ... Абай ауданы әкімшілігі ол май мен ұнды мұқтаж жандарға үлестіріп берудің орнына, бір дүкен арқылы саттырып, ақ­шаны қалтаға салғанды артық көреді. Дегенмен, әкімшілік халықтан қанша­лықты алыс болғанымен аспандағы Айда емес, Жердегі адамдар арасында жұмыс істейтіндігі себепті бұл оқиғаны сол аудан­дағы Ынтымақ ауылының биі әрі Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы және «қалаға Бекет атаның есімін берейік» деген Жаңаөзеннің ақсақалдары тәрізді бүгінгі замандағы биліктің қолбаласына айна­лып қалған, «санда бар да, санатта жоқ» толып жатқан төрағалар секілді емес, нағыз ха­лық жанашыры, ауыл тұрмақ көп аудан әкімінің де қолынан келе бермейтін жұ­мысты атқарып, сол ауылына тікелей өзі басшылық жасап жүріп, газды да, суды кіргізіп берген, көшелерге асфальт төсет­тірген, 75-тен асса да 25-тегі жігіттерден белсенді, шын мәніндегі ел ақсақалы Есболат Әбуов малына кебек сатып алмақ болып жүргенде кездейсоқ құлағы шалып қалады. Және ел болғасын ауылдың бұл әңгімені құлағы шалып алған өзге де біраз тұрғыны әрі би, әрі төрағаға келмей ме? Сұрастырып жүріп, істің мән-жайына қаныққаннан кейін ауыл әкімшілігіне бар­са, олардың өзі бұл жайдан бейхабар бо­лып шығады. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын аңдаған ақсақал арызын алып биылғы жылғы 15 қараша күні облыстық Экономикалық коррупция мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Серікбай Ерімбетов мырзаға кіреді. – Ел арасында осындай келеңсіз әңгіме жүріп жатыр, анық-қанығына жетіп бе­ріңіз, – дейді. Сондағы ақсақалдың алған жауабы мынау болады: – Мен тергеуші болып істеген адам­мын. Сіз неге арыз жазып келесіз? Мәссаған! Екі тергеуші отыр, сөзді қа­ғазға түсіріп тағы бір маман қыз отыр... Аң-таң болған ақсақал: – Мынадай жайды елден естіп отырып, үндемей қалуға азамат деген менің атым бар емес пе, қалқам? Мен сені де ел қамын ойлаған, соны тікелей қорғайтын азамат деп келіп отырмын. Халық сенген әкім­дердің түрі анау болса, Елбасымыздың «біздің ең үлкен жауымыз – коррупция» деп, соған қарсы күреске қойған сенің түрің мынау болса, бұл жердегі әңгіме осымен біткен екен. Президент айтудай айтқанмен, сендер ол кісінің саясатына қарсы жұмыс істейді екенсіңдер ғой,– деп шығып кетеді. Шығып кеткенімен, жауап­ты қашан алатынын біле кету үшін бастық дұшпан көзі етіп ұрсып жатқан тергеушінің бірінің шыққанын күтеді. Тергеуші он-он бес минуттан кейін шығады: – Жауапты пошта арқылы хатпен ала­сыз. Ал, сіз арызыңызда айтылған жайға өзгеріс енгізесіз бе, енгізбейсіз бе, сол жө­нінде түсініктеме беріп кетіңіз. – Өзгертпеймін. Тек сен маған көшір­месін бер. – Бізге сенбейсіз бе? – Әрине, сенбеймін! Бүгінгіден кейін қалай сенуге болады сендерге?! Түсініктеменің көшірмесін қолына алып алған ақсақал үйіне қайтады. Жарты айдай уақыт өткенде поштадан табақтай бандероль келеді. – Алып қарасақ, қаржы полициясы­ның жауабы екен, – дейді Есболат ақса­- қал. Бандероль үлкен болғанымен, ішін­дегі хаты кішкентай. Міне, жауабы. Облыстық департамент бастығының 1-орынбасары 24/11-2012 күні қол қойған №16/11-2-15056 жауап хат мәтіні төмен­дегідей: «ОҚО ЭКСЖҚКД (Қаржы полициясы) сіздің Шымкент қаласы, Абай аудандық әкімшілік қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты жазған арызыңыз қаралды. Тексеру барысында арызда көр­сетілген уәждеріңіз бойынша Шымкент қаласы әкімшілігінің жауапты тұлғала­ры­нан түсініктемелер және ұн мен май тара­тылған әлеуметтік жағдайы төмен отбасы­ларының тізімі толығымен алынып, сіздің аталған тізімге кірмегеніңіз анықталып, толыққанды тексеру амалдары жүргізілді. Жоғарыдағылардың негізінде жинақтал­ған іс құжаты бойынша Шымкент қала­сы, Абай аудандық қызметкерлерінде қылмыс белгісі жоқ болуына байланысты ҚР ҚІЖК-нің 37-бабының 1-бөлімінің 2-тар­ма­ғының негізінде қылмыстық іс қоз­ғау­дан бас тарту туралы шешім қабылданды. Осы қабылданған шешіммен келіс­пе­ген жағдайда қадағалаушы прокуратураға шағымдануға құқылы екеніңізді хабарлай­мын. Облыстық департамент бастығының 1-орынбасары Б.Отыншиев» – Шырағым-ау, өзің қарашы, – дейді қария күйініп. – Мынау полицияның бас­тық­тары менің арыма тиіп отыр ғой! Мен оларға әлеуметтік әл-аухаты нашар отба­сылар тізіміне мені неге кіргізбейді деп арыз жазғаным жоқ қой!.. Сірә, бастық мырза осылайша «бұл қисық өкше шалды бір дүмпуімнен қалдырмай, бұдан былай тікелей өзіне тиісті емес нәрсеге кіріс­пей­тіндей етіп жіберейін» деп ойласа керек. Прокуратураға 29 қарашада арыз бер­дім. Әлі жауап келген жоқ. «Нұр Отанның» облыстық бөлімшесінде болдым. Ертең оларға да апарып арыз берейін деп отыр­мын. Олар «біз бұндай арызды Астанаға жібереміз» дейді. Міне, осындай «қызық­тар» болып жатыр. «Маған тез шауып кел!» Заңгердің әңгімесі Қай нәрседен болсын бәйгені ешкімге бермей, жақсыдан да, жаманнан да, елдің ең алдында жүретін Оңтүстікте, оның ішінде облыс орталығы Шымкентте қазақ халқының республика бойынша ең алғыр, ең іскер, ең ізденімпаз, ең дарынды, ең икемді - осылайша кешке дейін жалғастыра беруге болады – бөлігі тұратыны күллі Қазақстанға белгілі. Аталмыш анықтама бизнеске де қатысты. Алматы мен Астана­ның қақ ортасында сіз жай ғана көшірме жасата алмай ат шаптырым аумақты ара­лап шығуыңыз әбден мүмкін, ал, Шым­кентте ондай мәселе ешуақытта тумайды. Бұл – күнгейдің күнес беті. Мысалы, Шым­қаланың дәл орталығында, төрт жұл­дызды «Шымкент» қонақүйінің тура іргесінде 8-мөлтекаудан бар. Мөлтек­ауданның халқы негізінен пәтерлерін жал­ға, оның ішінде бірнеше сағатқа да беріп күн көреді. Үлкен қонақүйдің таяқ тастам жерде болғаны олар үшін өте тиімді, себебі іссапарға келгендер тәулігіне 5-8 мың тең­ге төлеп, бір бөлмеде түнеп шыққанша екі-үш есе арзан ақшаға екі-үш бөлмелі пәтерде түнеп шыққанды тәуір көреді. Пәтердің басты артықшылығы – асүйі бар ғой, таңертең өзіңіз қалаған уақытта шәй қойып ішіп кете аласыз, қалаған уақытта жеңіл-желпі тамақ істеп іше аласыз. На­рық салтанат құрған заман. Екінші жағынан, аудан қала тұрғын­дарына «публичный микрорайон» деген атымен әйгілі. Бұл – енді күнгейдің кө­леңке жағы... Міне, осы мөлтекаудандағы пәтер берушілерді соңғы кездері полиция­ның мазалауы күшейіп кеткен. Мазалауы­ның бірнеше себебі болуы мүмкін. Бі­ріншіден, сол маңайдағы «клиенттерінен» қағылып жатқан қонақүйлер қожаларының арыз-шағымы болуы. Екіншіден, поли­ция­ға «жезөкшелікке қарсы күресті кү­шей­ту керек» деген нұсқау түсуі. Үшін­ші­ден, мен осы себеп бастысы ғой деп ой­лаймын, түрлі желеу-сылтаумен кәсіп­кер­лерді «саууды» жаңа деңгейге көтерудің қамы. Олай дейтінім, сол мөлтекауданда тұратын мен заңгер ретінде, қоғам қай­раткері ретінде кәсіпкерлерге тегін кеңес беремін, бірақ «сендер адал жұмыс іс­теңдер, мемлекетті алдамаңдар» деген талап қоямын. Олардың көбі дәл солай патент алып, салық төлеп, кассалық ап­паратпен жұмыс істеп отырғандар. Ал, арам жұмыс істейтіндер де бар. Олар, ашы­ғын айту керек, өзге ұлт өкілдері. Мем­ле­кетке төлегеннен гөрі тексеріп келген по­ли­цияның қолына қыстырғанды артық көреді. Полиция да оларға тиіспейді. Сол полицияның мазалауы күшейіп кетті де­дік. Оларды полиция учаскесіне апарып, түрлі жолмен қорқытып-үркітеді. Бір нәр­се алғылары келеді. Пәтер берушілер қашанғы бере берсін, олар да қажиды. Оның үстіне кінәлары не?.. Жақында пәтер беруші бір жүкті жас әйелді де зорлап мәшинеге мінгізіп алып кетеді. Апарып, бес-алты сағат ұстап, бопсалап, ақыры қоя береді. Бұл туралы ол әйел маған келіп айтты. Мен «ешнәрседен қорықпаңдар, тек өтірік айтпаңдар, бір-біріңді сатпаңдар, қайта бір-біріңе кө­мектесіңдер, сонда сендер жеңесіңдер, өйткені істерің адал» деп кеңес бердім. Полицейлерді басқарып жүрген Ғалым­жан Қожабаев деген капитанның әлгі ісін Марина Ахметова деген татар әйелі көріп тұрады. Ахметова әлгі көрші жүкті келіншекке көмекші болып, нан-пұлын тауып жүр екен. Енді полиция куәнің «көзін жоюға» кіріседі, түнде татар әйелдің өзін ұстап әкетеді. Өйткені полиция бұл әйелдердің бәрінің түрін таниды, аты-жөнін жатқа біледі ғой. Ахметова ұялы телефонынан көршісіне қоңырау шалып үлгереді. Әлгі қазақ келіншек «көмекте­сі­ңіз» деп маған келді. Түнгі сағат он бір жа­рым шамасы. Әйелдің ескі «гольфіне» мініп алып, облыстық ішкі істер департа­ментіне келдік. Келсек, арыз берейік де­сек, кезекші офицер жоқ. Ал, ол іс жүзінде облыстық департаменттің түнгі бастығы. Яғни, департамент басшысыз қалды деген сөз. Отырған сержанттар «кәзір келеді» деп қояды. Мен тыпыршыған соң сержант­тың біреуі «полковникке кезекшіге өзіңіз хабарласыңызшы» деп маған оның ұялы телефонын бере қойды. – Ықтияр Қасымбеков сен бе, айна­лайын? – Ия, мен. – Сен болсаң адам ұрланып жатыр. Ұрланғанда куә адам ұрланып жатыр. Ұр­лағандар – Ғалымжан Қожабаев бастаған капитан полиция қызметкерлері. Сен бол­саң қызмет орныңда жоқсың! Тез жұмыс орныңа жет! Шауып кел! – Маған «шауып кел!» дейтіндей сен кімсің? – Мен сенің қожайыныңмын! Сені қызметке жалдап отырған халықтың өкі­лімін. Аты-жөнім – заңгер Әбішев Жаңа­бек. Тіпті келмесең одан әрмен, шайыңды ішіп үйіңде жата бер, мен прокуратураға кеттім! Мен үйден шықпай тұрып-ақ, облыс­тық прокуратураның кезекшісіне қоңырау шалып, оған болып жатқан жайтты ха­барлап қойған-тұғынмын. Өстіп тұрғанда кезекші полковник те жетті. Марина Ах­метованы шығарып алып біз қайттық... – Ендігі әрекеттеріңіз қандай болмақ­шы? – Енді ол әйелдер ішкі істер департа­ментіне сенбегендіктен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне арыз жазады. Прокуратура қадағалау жасайды. Арғы жағын тағы көреміз. Әңгіме жергілікті жердегі осындай әкім-қаралардың, бишікештердің Пре­зиденттің саясатын бұрмалап, оны дискре­дитация жасап жатқанында ғой. Осындай солақай саясаттан барып «жаңа Жаңаөзен­нің» тумасына кім кепіл?.. Иә, заңгердің әңгімесіне қосып-алар ешнәрсе жоқ. Екі істің де немен аяқталғаны жайлы біз өздеріңізге міндетті түрде ха­бар­лайтын боламыз.  Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ