Шындық іздеп шырылдаған Шекеев жеңе ме, шірене басып, шырт түкірген шенеуніктер жеңе ме?

           Жақсылық Шекеев Оңтүстік Қазақстан халқына есімі жақсы таныс азаматтардың бірі. Әсіресе, Созақ өңіріне. Асқар Сүлейменов айтатын осы «Созақ елінен» Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланғаны да бар. Сол азамат биыл тағы да бағын сынап көруге бел байлаған екен, соның аяғы не болғанын өз аузынан естиік... – «Сайлау туралы» заңға сәйкес аудандық мәслихатқа депутатты халық сайлайды. Барлық жердегідей мен де биылғы 15 қаңтардағы сайлауға қатыстым. Сайлауға қатысып, жеңіп шықтым. Жеңгенде де, Созақ ауданының орталығы Шолаққорған кентінің қоңырат руынан шыққандар басым тұратын аумақтан түстім. Бұл – жалпы менің сайлауалды қатты ұстанатын қағидам. «Осы рушылдық деген бәлені қойыңдар, ағайын, мен әдейі алдарыңа келдім» деп, осы елден сайлауға түстім. Өзім тама руынан болғандықтан солай еттім. Депутаттың сайланған-сайланбағаны қалай белгілі болады? Учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде округтік сайлау комисссиясы хаттама жасайды. Округтік сайлау комисссияларының хаттамаларының негізінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясы депутат болып сайланған үміткерлерді тіркейді және ол тізімді баспасөзда жариялайды. Ол солай істеді де, тізім «Созақ үні» газеті 2012 жылдың 19 қаңтар күнгі санында жарық көрді. Ол тізімнің ішінде менің де аты-жөнім бар. Бірақ сол хаттаманың көшірмесін қолыма билік орындары берер емес. Беруге тиіс болса да. Ол үшін мен аудандық сотқа шағымданғанмын, одан нәтиже шықпай (сот шағымды қарамай, кері қайтарды – Ж.Ш.), одан облыстық сотқа апелляциялық шағым жазып, ала алмай жүргенмін. «Наурыз» мейрамында әлгі окургтік комиссияның төрағасымен дастархандас болып қалмасымыз бар ма? Сол азамат «Жақа, мен ол хаттаманың он бес көшірмесін жасап қойғанмын, соның біреуін алыңыз» деді. Хаттама көшірмесі күтпеген жерден қолыма тиді... Жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттары жаңа сессияның бірінші отырысын 24 қаңтар күні өткізеді. Ол жайлы мәслихат газет бетінде аудан жұртшылығын хабардар етуі тиіс еді. Одан бөлек, сайланған депутаттарға жеке-жеке шақыру хаты жіберуге міндетті. Бұның бірі де істелмейді. Мен, жалғыз мен ғана емес, менен бөлек өзінің мәслихат хатшысы болуға ниеті барын алдын-ала білдірген екі депутат та шақыру хатын алмайды. Хатшылық сайлауына басқа да депутаттардың қатысуына мүмкіншілік бермеу ниетімен, қасақана заңнамамен белгіленген 10 күн бұрын мерзімде аудан халқына, маған, менен басқа депутаттарға – М.Исаевқа, А.Өмірбековке, Ғ.Жүсіпке, Н.Тұрабаевқа, Б.Тұрғанбаевқа хабарламай («Созақ үні» газетінің 19.01.12 ж. саны аталған депутаттарға 24.01.12 ж. сессия өтіп кеткеннен кейін тигендігі олардың кейін сотта берген жауаптары жазылған бейнежазбамен бекітіледі – Ө.А), заңнамамен белгіленген 5 күн мерзімде аталған депутаттарға сессияда қаралатын мәселелер туралы құжаттарды бермей, сессияны жасырын өткізеді. Неге жасырын өткізеді? Өйткені, мен аудандық мәслихатта депутат болып отырсам, биліктегілер өздеріне тыныштық жоқ екенін біледі. Мысалы, мен жақында аудандық мәслихаттағы әріптестеріме жазған Ұсынысымда бұл жайлы былай деп жаздым: «Құрметті әріптестер! Мен депутаттыққа кандидат болып тіркеліп, үгіт жұмысы барысында сайлаушылармен кездесулерді бастаған 2011 жылдың 26 қарашасы мен кездесуді аяқтаған 2012 жылдың 13 қаңтары аралығында – 18-ақ күннің ішінде Созақ елінің пайдасына белсенді жасаған әрекеттерімнің нәтижесінен хабардар боларсыздар. Ауданда бензиннің бағасы 120 теңге болуының заңсыздығы жөнінде республикалық органдарға мәселе қойып, қазір бензиннің бағасы 102-106 теңге аралығында болып отырғандығынан, «Бақырлы» ауылының клубының 20 млн. теңгеден астам қаржысы жымқырылуы бойынша облыстық Қаржы полициясы мен прокуратура жауып жіберген қылмыстық істің қайта қозғалуы, мұғалімдердің үстеме жалақысы төленуі, облыс әкімдігі «Қазатомөндіріс» ҰАҚ қаржысын ауданға тигізбей, Шымкент, т.б. елдімекендердің пайдасына жұмсауы, Созақтан салынатын училищенің құрылысын облыс әкімдігінің Шымкентке ауыстыруы, мәслихат жыл аяғында айлыққа бөлмей, басқа мақсатқа бұрып жіберген 90 млн.теңгенің, әр елдімекеннің электр желілеріне бөлінген ондаған миллион теңге (шамасы 40 млн.теңге) қаржының, ардагерлар қорына түскен қаржының талан-таражға түсіп, жымқырылуы, «Қазатомөндіріс» жұмысшыларын тасымалдау, олардың жалақыларын сырттан келгендермен теңестіру, кәсіпорындарының басшыларын Созақ ауданына көшіріп әкелу т.б. Осыған орай, Сіздерді ойланып көруге шақырамын». Содан барып бұлар мені тіркемеудің амалдарын қарастыра бастайды. Өйткені, мен сайланып қойдым. Хаттамаларда оның бәрі жазылды. Алғашқы отырысқа 13 депутаттың 8 депутаты шақырылып, мәжіліс кворумсыз өткізіледі. Бұл, сірә, Б.Торғауытов деген облыстық сайлау комиссиясы төрағасының «кеңесі» болса керек. Ал, шын мәнінде, бұл жайлы да жоғарыда аталған Ұсыныс тілімен айтар болсам: «Қандай да болсын құқық және заң бұзушылықтарды жасаудан тайынбай, қайткен күнде де «өз адамын» мәслихат хатшысы «жасап алу» ниетін ұстанған топқа біріккендер «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 23.01.2001 ж. № 148 ҚР Заңының 10-бабының 1-бөлігінде және осы заң нормасына негізделген «Созақ аудандық мәслихатының РЕГЛАМЕНТІнің» 7-бабы 2-тармағындағы: «Жаңадан сайланған мәслихаттың бiрiншi сессиясын осы мәслихат үшiн белгiленген депутаттар санының, кемiнде, төрттен үшi болған ретте, тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады» деп белгіленген талабының дөрекі бұзылуына жол беріп, сессия алғашқыда – жеті, кейіннен – сегіз депутаттың қатысуымен ғана өткізіліп, шешім қабылдануына жол берді». Кворум болмағаннан кейін мәслихаттың ол отырысы, онда қабылдаған шешім, қаулы, барлығы да заңсыз болып шығады. Сайланған хатшы да өз орнын қазір заңсыз иемденіп отыр. Осының бәрі біз қатысқан сот отырыстарында да әділ, оң шешімін тауып жатқан жоқ. Бір әңгіме үстінде біз бәрін айтып үлгере алмайтынымыз анық, сондықтан әзірге менің әріптестеріме арналған Ұсыныстағы сөзіммен доғара тұрсақ деймін... «Құрметті әріптестер! Созақ аудандық мәслихатының 24.01.2012 ж. кворум болмаса да, аудан халқына өтті деп жарияланып жіберілген, қабылдаған шешімдерінің заңдылығы дау туындатып жатқан сессиясына қатысқан депутаттар мен аудан тұрғындарының ар-ожданнан аттай алмайтын, адамгершілікті қадір тұтатын, өтірік айтпайтын, антына адалдары бейнежазбаға жазылып алынған Созақ аудандық сотында берген жауаптарында: - аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы 24.01.2012 ж. барлық 13 депутаттың сайланғандығын жариялағандығын; - барлық 13 депутаттың депутаттық куәліктері мен омырауға тағатын белгілері сол жерге алынып келінгендігін, олар сессияға қатысқан 8 депутатқа тапсырылғандығын; - аумақтық сайлау комиссиясының аузынан тіркелмеген депутат жөнінде сөз шықпағандығын; - тіркелмеген депутат жөнінде құжаттар жарияланбағандығын; - депутат Ж.Шекеевтің тіркелмегендігі жөнінде сөз айтылмағандығын; - депутат Ж. Шекеевтің тіркелмегендігі жөнінде 24.01.2012 ж. ешқандай құжат ресми жарияланбағандығын; - сол жерде отырғандар басқалармен бірге Ж. Шекеевтің де басқа депутаттармен бірдей депутаттық құқығы болғандығын түсінгендіктерін көрсетті». Шынында да, аудандық мәслихат басшылығы мен сот органдары – бір жағынан, Жақсылық Шекеев – екінші жағынан, бұл екі арадағы күрес бірер күнде біте қоймайтыны көрініп тұр. Сондықтан, біз депутаттың уәжіне тоқтай тұрғанды жөн көрдік. Себебі, Ж.Шекеевті «мемлекеттік қызметте жүріп, депутат болды» дегенді желеулетіп, оны тіркемей қоюға заң жол бермейді. Мемлекеттік қызметте жүрген кез келген азаматтың депутат болып сайлануға хақысы бар. Тек қана ол депутат болып сайланғаннан кейін екінің бірін – не мемлекеттік қызметті, не депутаттық мандатты таңдауы тиіс. Жаңабек ӘБІШЕВ,   заңгер