Тегін түзеу де тектіліктің белгісі

Білетіндер фамилия деген бәленің артында жүретін «-ов» жалғауының орыстың «чей холоп?» деген сөзінен шыққанын айтады. Яғни кезінде құлдар мен күңдердің қай құлиеленушіге тиесілі екендігін анықтайтын жалғау болғанға ұқсайды. Кейіннен бұл жалғау орыс халқының фамилиясына айналып кеткен-мыс. Бір қызығы, жалғанды жалпағынан басқан орыс патшалары мен зиялы қауымы «ов», «ев» атаулыға үйірлік танытпаған екен. Иван Грозный, Петр І, Николай ІІ, Дмитрий Донской, Александр Невский, Ярослав Мудрый, тағысын тағылар. Бәлкім рас та шығар?

Қазақ қоғамын фамилиядан арылту туралы мәселенің айтылып жүргеніне ғасырға жуық уақыт болды. Сонау 1917 жылы Қазақ білімпаздарының бірінші съезінде Алаш зиялылары ең маңызды тақырып ретінде осы мәселені көтерді. «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев», – деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!», – деп Ұлт сардары, Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан арнайы қаулы шығарған еді. Содан бері 95 жыл өтіпті. Өзгерген көп ештеңе жоқ. 1996 жылы Рахманқұл Бердібаев, Шерхан Мұртаза бастаған біраз қоғам қайраткерлерінің Мәдениет министрлігіне жазған хатынан кейін  (атақты 46-ның хаты) сол жылы 2 ақпанда «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлық шықты. Аталмыш құжатқа сәйкес, (Жарлықтың 1-тармағы бойынша) ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуіне мүмкіндік туғандай көрінген еді. Бірақ бұл құжатты да шенеуніктер жеріне жеткізе алмады. Жарлықтың жілігін шағып, майын ішеді деп сеніп тапсырған Әділет министрлігіне содан бері тотыдай таранған бикештері аралас талай министр келіп, кетті. Алайда «жөні түзу іс қылыпты-ау» деп ешқайсының атын атап, түсін түстей алмайсыз. «Мен қашанғы Тилеухан болып жүремін!» деп кезінде Бекболат Тілеухан Әділет министрлігіне сауал да жолдады. Өкініштісі сол, төрт жыл бойы Мәжілістің үстелін тоқпақтаған Қанайұлы «Тілеухан» бола алмаған күйі арманда кетті. Кезінде обалы нешік, Оразгүл Асанғазықызы (ол кезде қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы еді) әділеттіктердің «жайбасарлығын» талай мәрте іреп салды. «Қарапайым халықты былай қойғанда, осы жарлықты министрліктің өз қызметкерлері де білмейді. Қалалық әділет басқармасында отырған 110 қызметкердің 107-сі азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты Президент Жарлығының бар екенін білмейтін болып шықты. Министрлік  «қазақтардың аты-жөні қазақша жазылсын» деген алдына мақсат қойып отырған жоқ. Бұл құзырлы орган отбасын құратын, баланың құжатын алуға келетін халықпен жұмыс жүргізбейді. Өзі қабылдаған заңды орындамаған мемлекеттің келешегі жоқ. Осындай себептерге байланысты оралмандардың келгеніне он тоғыз жыл толса да, құжатын реттейтін жарты парақ қағаз әзірлеуге бұл органның шамасы келмейді», – дегені әлі елдің есінде. 2005 жылы Астана қаласының қалалық архитектурасында мынадай оқиға болыпты. Бурымбаев және Утегенов деген бас жоспардың басшылары аяқ астынан іссапарға шығатын болып қалады. Содан не керек, қос батырды іссапарға аттандыру туралы бұйрық алдымен орыс тілінде, сосын қазақ тілінде дайындалады. Соры қайнағанда орыс тілінде «тасқа басылған» бұйрықты аудармашы «Бұрымбаев, Өтегенов» деп қазақшалап жібереді. Мұның ақыры дауға ұласып, аудармашыны жұмыстан қуу туралы мәселе көтеріледі. Ақыры амалы таусылған қызметкер: «Қандай көмек бере аласыздар?», – деп, Мәдениет министрлігіне қарасты Тіл комитетіне телефон соғады. Ал Тіл комитетіндегілер сол азаматты арашалап қалатын заң бабын таба алмай қор болған. Күлеміз бе, әлде  жылаймыз ба? Жақында шырайлы Шымкент өңірін гүлдендіруге барған су жаңа әкім Арман Жетпісбаев (қазір Жетпісбай Арман Шәріпбайұлы) қол астындағы шенеуніктерді жинап алып: «әз-Наурызды «-ов», «-ев» жалғауынсыз қарсы алайық!» деп ұсыныс тастағаны белгілі.  «Біздің отбасымызда барлығы да тегін қазақшалап, «-ев», «-ева» жалғауынан баяғыда-ақ арылған», – деп ағынан жарылған басшыны қолдап шыққан ешкім болмай отыр. «О, қандай тамаша идея! Азамат», – деп көздерін жұмып, ауыздарын ашып тамсанысқан әкім-қаралардың бүгінде көбі үнсіз. Қалай болған күнде де, «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» жарлық еріккендіктен қабылданбаса керек. Шындап келгенде, кез келген адам ең болмағанда есі дұрыс есім арқалап жүргісі келетіні даусыз. Тек, дау-шуы көп шикі заңдар болмаса. Ниет қылған күннің өзінде көбісі сала-құлаш қағаздан қашады. Құжат ауыстыру, расы керек, бейнеті көп шаруа. Алайда Халыққа қызмет көрсету саласында отырған мамандар ешқандай қиындық жоғын айтады. «Барасыз, өтініш бересіз. Болды. Айналасы бір айдың көлемінде тастай болады», – деуден танған емес. Олай болса, халықтың 90 пайызға жуығы неге қасақана бұрмаланған аты-жөні осындай себептермен дұрыс жазылмай келеді. Министр ауысқанмен, жүйе ауыспады. Жарлықты тартпаға тығып қойып,  Кеңес өкіметі кезіндегі заңға арқа сүйейтін министрлік келушілерден Арқада қалған атасы мен Бетпақта жерленген әжесінің туу туралы құжатының көшірмесін сұратады. Бақилық болған ата-бабасының құжаттарын ол қайдан алсын? Қағазбастылық пен қажетсіз жүрістен шаршаған соң амалсыз орта жолдан кері қайтады. Ал іс жүзінде Президент Жарлығының үшінші тармағы бойынша, қате жазылған ата-текті ешқандай басы артық құжат талап етпей-ақ, өзгертіп жазуына болады. Ал оны қарапайым халық түгілі мамандардың өзі білмейді. Бәлкім білсе де, айтпайды... Бүркіт Нұрасыл «Халық сөзі» газеті