КЕШІР БІЗДІ, ЖАҢАӨЗЕН! Козловтың кінәсі не?

«Чужого горя не бывает» К.Симонов

 «Қалмақ ұлым қамал бұзса, қазақ ұлым – садақа!» Қазақ мақалы

     16 желтоқсан күні, Жаңаөзендегі трагедия туралы алғаш естігенімде, ең бірінші: «Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес! Бұл бір қателік, жаңылысқан тірлік» деген ой келді. Бірақ, артынша, сол сәтте-ақ бұның ешқандай жаңылысушылық, қателік емес екенін түсіндім. Және бұл оқиғаның нағыз арандатушылық екенін, мұнайшылардың оған ешқандай қатысы жоқ екенін, қазақтардың, ал, мұнайшылардың бәрі де қазақ, мұндай қадамға ешқашан бара алмайтынын да бірден сездім. Себебі, қазақта біреудің қызықшылығын бұзғаннан ауыр күнә жоқ. Ондай адамды бұкіл халық болып қарғайды, «қызықшылық көрмегір!» дейді. Ал, 16 желтоқсан, қанша айтқанмен мереке болатын, оны қарсы алуға дайындалып жатқан қалың көпшілік бар еді. Шынында да, мені түйсігім алдамаған екен, қанды оқиға нағыз арандатушылық болып шықты. Ал, тіркелмеген «Алға!» партиясы үйлестіру комитеті Владимир Козлов алғашқы естігенде: «Әттеген-ай, мұнайшылар қалай шыдамай, мұндай қадамға барды екен? Енді оларға өз ісінің дұрыс екенін дәлелдеуге, әсіресе, халықаралық қоғам алдында дәлелдеуге қиын болатын болды ғой» деп күйінген екен, мұның нағыз арандатушылық екеніне артынша оның да көзі жетіпті. Жалпы, мен Владимир Козлов деген азаматпен 2009 жылдың қаңтарында республикалық «Жас қазақ үні» апталығына бас редактор болып келгеннен кейн таныстым. Маған оның шынайылығы, өз ісінің дұрыс екеніне деген шексіз сенімі ұнады. Газетіміздің оқырмандары да Козлов деген кім және ол басқаратын партия қандай партия екенін жақынырақ білсін деген оймен, сол жылдың наурыз айында онымен көлемді сұхбат бердік және әр номер сайын пратияның нақты істері жайлы жариялап тұрдық. Тіпті, партияның өзінің екі тілдегі екі төл басылымынан да артық беріп тұрдық. Тек жыл аяғына қарай газет құрылтайшысы, белгілі қазақ ақыны және үлкен ұлт жанашыры, менің бұл газетке келуім де оның осындай ұстанымына байланысты еді, ақын Қазбек ИСА маған: «Өмеке, биыл біз тендерден қағылдық...» деді. «Ия, не себепті?» «Министрліктегілер маған «Өмірзақ АҚЖІГІТ келгелі газетіңіз ашық оппозияциялық болып кетті» деді. Келесі жылы «Алға!» жайлы азырақ жазсақ...» «Жарайды». Дәл солай істедік те. Және 2010 жылдың аяғына қарай болса да «тендердің» құйрығынан ұстап үлгердік... Неге менің жүрегім бұл партияны жылы қабылдады? Себебі, мен оларда өзге партияларға жетіспей жататын табандылықты, тәртіпті, бірізділікті, ең бастысы – халыққа деген шын жанашырлықты көрдім. Ешқандай жалғандық, көпшілікті алдап-сулау деген жоқ, оның орнына қолынан келетін, үлкен болмаса да нақты, күнделікті тірлікті іске асыру бар, халықпен бірге болу бар. В.Козловтың өзінің жұмыстық қағидасы етіп: «Болып көріну емес, болу!» («Быть, а не казаться!») деген ұранды таңдап алуы да тегін болмаса керек. Өз ойымның дұрыстығына сол 2009 жылдың жазында он күн бойы партия өкілдерімен бірге солтүстіктегі бес облысты аралағанда көзім жетті. Және мен нақ сол мақсатта өзім сұранып барған едім. Қарапайым халықтың «алғалықтарды» қандай құрметтейтінін көзбен көру керек! Бұны бірінші кезекте украин халқының өкіліне тән асқан белсенділікпен (оның үстіне суреттей сұлу...) жұмыс істеп жатқан Солтүстік Қазақстан облыстық филиалдың жетекшісі Марина Анатольевна Нистолийге қатысты айтуға болады. Владимир Козлов партия басшылығына да 2007 жылы «жас, жаңа қазақтармен» бірге «жерді сатпасақ бізге көгеру-көктеу жоқ» деп санаған Асылбек Қожахметов бастаған бұрынғы партия жетекшілігімен екі арадағы келіспеушіліктен кейін келген болатын. Ал, Козлов Батыс Қазақстанға барғанда баяғы отаршыл казактардың тірлігі бүгін тағы қайталанып отырғанын көрді – халық Ақ Жайыққа шомыла да алмайды, малын да суара алмайды. Жеке меншік!(Айтпақшы, өзенді Пугачевқа көмектескен қазақтарды жазалау мақсатында «Орал» өзеніне 1775 жылы айналдырып жіберген Екатерина Екінші еді. Қатын патшаның сүйегі де қурап кетті, Тәуелсіздіктің өзінің келгеніне 20 жыл, ал, әділетсіздік түзетілер емес!..) Және осындай жағдай барлық облыстарда. Жеріңді сатпай-ақ еліңді гүл жайнатуға болатынына Батыста да, Шығыста да мысал жеткілікті. Мәселені «сенім вотумы» арқылы шешпек болған Қожахметов дауысқа салған кезде пікір қақ жарылады. Әділдігін айту керек, мұны көрген ол басшылықтан бас тартады. Козлов жетекшіліккке келген бойда жерді сату мәселесін талқылауға шығарып, сол арқылы партия жарғысына өзгеріс енгізеді. Онымен ғана шектелмей, өзі арнайы мәлімдеме жасап, бұл мәселені Қоғамдық парламентте қаратып, олардан да қолдау табады. Қоғамды парламент өз көзқарасын ресми парламентке жеткізеді. Қазақтың ең үлкен дауы да «жер дауы». Ендеше ең ауыр «қазақ» мәселесінде нарықтық, дәлірегі жалған нарықтық емес, нағыз халықтық ұстанымды ұстанған адамды қалай құрметтемейсің? Козлов Жаңаөзен мәселесінде де алғашқы ұстанымынан айныған емес. Әлеуметтік мәселені, халықтың мұң-зарына құлақ салғысы келмей, саяси мәселеге айналдырған биліктің өзі. Бүгін «Қазмұнайгаз» сол мұнайшының бәрін жұмысқа орналастырып жатыр. Халықты қырмай-ақ шешуге болмады ма? Ең сорақысы, кім мәселені ушықтырмай шешуге шақырса - Владимир Козлов пен Серік Сапарғали - солар бүгін істі болып жатыр. Мүмкін олардың жалғыз кінәсі, бұл жайлы ашық, қатаң, табандылықпен айтқаны ғана шығар? Бүгінгі таңда ресейлік және отандық орыстілді газеттердің ішінде бар «кінәсі» ұлттық құндылықты, оның ішінде бірінші кезекте тілді сақтап қалу болып отырған қазақтың ұлт-патриоттарын құбыжық етіп көрсетпейтіні аз. Міне, әлеуметтіктен әлдеқайда қауіпті ұлтаралық араздықты қоздыратындар, бір халықты екінші халыққа айдап салып отырғандар осылар. Біздің биліктің ең алдымен айналысар жұмысы да осы болуы тиіс. Олар болса, өзінің қатесін, заңсыз ісін сынағандармен, езілгендер мен қор болғандарды, демек, өзіміздің қазақты қорғаған жандармен алысып әлек. Заңгер Наталья Соколова сотта кімді қорғап жүр? Саясаткер Владимир Козлов кім үшін түрмеге түсіп жүр? Біз үшін, қазақ үшін. Ендеше, біз бұл адамдарды алақанымызға салып аялауымыз керек, ал, В.Козловқа С.Әбділдин айтқандай орден беру керек еді. Жалпы, біздің биліктің адам түсінбес оғаш қылығы толып жатыр. Мысалы, Президент Н.Назарбаев Жаңаөзендегі қанды қақтығыстың негізі шешілмеген әлеуметтік мәселеде дейді. Ал, енді дәл сол сөзді айтқан Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаевты, Елбасы «менің оған қояр кінәм жоқ» деп отырса да қызметінен алып тастайды. Шынында да, «кемшілік жайын Президент айтса, бұл дұрыс, ал, соны мен айтсам, айыпталушы болып шыға келем» деп Дулат Исабеков ағамыз айтқандай, жоғарыдағы азаматтар «турасын айтамын деп, туғанына жақпай» қалды. «Ел сынаса құлақ сал, ал, мақтаса керең бол!» деп еді Қадыр Мырза Әлі. Біздің билік, керісінше, сынаған жанға құлағы тас керең, есесіне «бұлбұлдарды» есілтіп-есіртіп қойған. Д.Әшімбаев атты бір «данышпан» 23 желтоқсанда: «В Жанаозене на площадь вышел не народ(?). Власть не стреляла в народ. Власть защищала народ от экстремистов» дейді. Әлі сот, тіпті тергеудің иісі де жоқ, бірақ оған бәрі түсінікті. Билік сонда кімге оқ атты? Полицейлердің қашып(!) бара жатқан қарусыз халыққа оқ жаудырғанын, жараланып құлағандарын резеңке сойыл мен тепкінің астына алғанын, полиция офицерінің пистолеттен асықпай көздеп арқасынан оқ атып жатқанын бүкіл әлем көрді ғой. Ендеше, алаңға шыққан халық халық емес болса, өкімет оқ атқан, жараланған, он жетісі бірдей жазықсыз құрбан болғандар да халыққа жатпаса, онда Әшімбаев та адам емес! Кім болса о болсын, бірақ, адам емес екені анық! Билік бір де бір «бүлікшілер оғынан» жараланған адамды көрсете алмады, ал, өздері 17 жанды жазықсыз қырып салды. Қоғамдық комиссия сұрастырса, полицияның қолында водомет те, көзден жас ағызатын газ да, тіпті резеңке оқ та болған екен, соның бәрін қолданбай, қолдануға уақыты жеткілікті бола тұра, бірден қорғасын оқ ату – ешқандай да кешірілмес қылмыс. Өкімет қолдағы билігінен айрылып қалмас үшін неге де болса баруға дайын екенін көрсетті. Және бұл мәселеде ел басшысының айналасындағылар ол кісінің өзінен де әлдеқайда мүдделі-ау деген ой туады. Сол себепті олар өздерінің осындай одағай тірліктерімен президентті қайта-қайта ыңғайсыз жағдайға душар етуде, қарамағындағылардың қимылын өзі ақтауға мәжбүр етуде. Автор Козловты ұлт қаһарманы ету деген ойдан аулақ. Оның үстіне біздің көзқарасымыз да, әсіресе, тіл мәселесінде әртүрлі. Бірақ, Козлов баспасөз арқылы өзінің ойын шын жүректен жазылған көлемді, кей жері өте даулы болса да, хат арқылы ашық жеткізген жалғыз орыстілді саясаткер. Түпнұсқадан кішкене үзінді бере кеткен дұрыс болса керек: «…русскоязычные не знают, о чем пишут в своих газетах, о чем и как думают казахи, и потому не способны осознать величину той боли по языку, которая генетически живет в казахе. Отсюда и отсутствие сочувствия, человеческого понимания и желания помочь. Многим мешает прийти к такому пониманию воспитанное в нас атавистическое, шовинистическое, подсознательное ощущение «старшего брата». …Основная мысль и главное опасение противников «второго государственного» состоит в том, что введение русского языка в этот статус навсегда погасит продвижение казахского языка – и эти опасения более, чем резонны, это можно понять». Кәзір биліктің не естігісі келетінін сайрайтын «бұлбұлдардың» қолы жүріп тұр. Дегенмен, кәрі тарих ел басына ауыр күн туа қалса, Елбасының қасынан кім оны жайшылықта аяусыз сынап жүрген болса, сол жандардың ғана табылатынын, ал, бүгін кім «Сіз – көсемсіз!», «Сіз – кемеңгерсіз!» деп жүрсе, ол табақ жалағыштардың ізім-қайым жоқ болатындығын көрсетеді... Бірақ, «тарихтың ең үлкен сабағы – ешнәрсеге ешкімді үйретпейтіні» деген де сөз бар... Өмірзақ АҚЖІГІТ