Қазақстан өмір сүру сапасы жағынан ең төменгі орындардың бірін иеленді
2019 ж. 18 ақпан
2525
0
Numbeo жаһандық деректер базасының мамандары түрлі елдердегі өмір сүру сапасының рейтингін жариялады, - деп хабарлады sputniknews.kz.
Сарапшылар үздік елдерді анықтау үшін тұрғындардың сатып алу қабілеттілігін, қауіпсіздік көрсеткіштерін, денсаулық сақтау деңгейін, өмір сүру бағасын, жылжымайтын мүлік бағасын, жолға кететін орташа уақытын, ластану деңгейі мен климатты зерттеді.
Өмір сүру сапасы рейтингіндегі алғашқы үш орынды Дания, Швейцария және Финляндия иеленді. Сондай-ақ үздік ондыққа Австралия, Австрия, Нидерланды, Исландия, Германия, Жаңа Зеландия, Норвегия енді. Жапония мен АҚШ үздік ондықтан тыс қалып, сәйкесінше 12-ші және 13-ші орындарға жайғасты. Соңғы 71-орын Мысырға "бұйырды".
Литва 29-шы, Латвия 34-ші орыннан көрінсе, Эстония Жапония мен АҚШ-ты басып озып, 11-орын алды. Беларусь 2019 жылдың рейтингінде 37-ші, Ресей 59-шы, Украина 62-ші орынды иеленіпті. Қазақстан 69-орынды иеленіп, соңынан санағанда "үздік" үштікке енген.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының кезекті жеңімпаздарымен кездесуде: "Қазіргі уақыттағы басқа жұрт желетін болса, біз шабуымыз керек. Себебі біз қалып қалған елміз. Ол біздің кемшілік емес. Тарих, тағдыр бізді солай етті", - деген еді.
Бұған дейін Global Finance журналы әлемдегі қауіпсіз елдерді атаған болатын. Ол кезде Қазақстан өзге ТМД елдерін басып озып, рейтингте 44-ші орын алды.