Смайылов бюджетті игере алмаған министрліктерді атады
2019 ж. 12 ақпан
1912
0
ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында 2018 жылы мемлекеттік бюджетті игеру көрсеткішері туралы айтты, - деп хабарлады baq.kz.
«2018 жылы мемлекеттік бюджетті игеру 99,7% құрады. Жоспар бойынша – 11793 млрд теңге игерілу керек болса, іс жүзінде – 11 758 млрд теңге игерілді. Республикалық бюджет бойынша бұл көрсеткіш – 99,99%. Жоспардағы 9,7 трлн теңгенің 1,5 млрд теңгесі игерілмеген. Оның ішінде 17 млрд теңге – бұл шұғыл және күтпеген шығыстарға арналған Үкімет резервінің қалдығы, 300 млн теңге – үнемделген қаржы және 1,5 млрд теңге – жеткізу шарттары талаптарының өзгеруі және жұмыс кестесінің қалыс қалу есебінен игерілмеген қаражат», - деп атап өтті министр. Ведомство басшысы бюджетті игере алмаған министрліктерді атады. «Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі – 310 млн теңге, Білім және ғылым министрлігі – 255 млн теңге, Қорғаныс министрлігі – 214 млн теңге игермеген. Жергілікті бюджеттер бойынша игеру 99,7% құрады. Атқарылмағаны – 161 млрд теңге. Төмендегі өңірлер жоспарланған соманың басым бөлігін орындай алмаған: Маңғыстау – 7,2 млрд теңге, Қарағанды – 2 млрд теңге, ШҚО – 1,7 млрд теңге», - деді Әлихан Смайылов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.