Көнбістікке жол жоқ

Шыдамдылық, көнбістіктің де шегі болады. Қазақ халқына жиі теліп айтылатын «көнбіс» деген сөз ендігі жерде намысқа тиетін дәрежеге жетті. Әсіресе, көлгірсу, екіжүзділік, аярлық, арамзалық, жемқорлық, пасықтық жайлап кеткен осы кезеңдерде. Оған қоса, ана тілімізге жасалып жатқан әділетсіздік қанша? «Көнбіс» болсақ та, ашындыра бастауда. Өз жер, өз елімізде өмір сүре тұра, әлі күнге дейін басқа ұлттың тілінің «тәуелділігінде» келеміз. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толды деп дүрліге тойлап жатқан «сыйқымыз» тағы бар. Жүрегіңде кілкіп тұрған запыран толыққанды қуанышқа кенелуіңе мүмкіндік бере ме? Екіге жарылған өз ұл­тымызға өз анатілімізді үгіт­теу, насихаттау дәрежесіне жетіп отырмыз. Бұл адам айт­қысыз масқара жағдай. Мәң­гүрттердің осы «жарылуы» басқалардың да көңіл-күйін бұзып, ана тілдің бо­лашағына деген сенімдерді әлсіретуде. Онсыз да үйіңнен аттап шықсаң орыс тілінсіз күнің жоқ. Еліміз Ресейдің бодандығында болған кездегі көнбістік бір басқа. Ал тәуелсіз мемлекеттің 20 жылдығы кезеңінде ана тілімізді әлі күнге тартысқа салып келе жатуымыз, көршілес мемлекеттер алдында беделімізді түсірер ұятты масқарашылдық. Тіліміз ғана емес, діліміз де уыт шалып барады. Бұл елдігімізге сын емес пе? Мұндай жағдайда өзге қалай басынбайды? Тілі жойылған мемлекеттің аты бар да, заты жоқ, ал заты жоқ жерде ат ұзаққа бармайтыны тағы мәлім. Бүгінде жүрегі қазақ деп соғатын, қаны мен жаны қазақ әр азаматтан ұйқы қашты. Тәуелсіздік алғанымызға бір немесе бес жыл емес, бақандай ЖИЫРМА ЖЫЛ болды. Тіл мәселесі жиырма жылға созылған талқының соңғы тығырығына тіреліп тұр. Егер бұдан кейін де қосақта қалар болса, онда мәңгүрттік зауалдың кең етек алуына жол ашылады. Тіпті ұлттық телеарнадан көрсетіліп жатқан «Екі жұлдызға» қатысушы өз қандастарымыз, жаттап алып болса да, өз ана тілінде айтуға болатын, екі ауыз сөзді орыс тілінде былдыраудан бетін басып тұрған жоқ. Тәуелсіз мемлекет болғанымызға жиырма жыл, ал ұлттық тіліміздің көрінісі осы. Өнер адамдары халыққа үлгі, өнеге деп жатамыз, дәл осы тіл науқаны тұсында тереңдікке бара алмаған ол қандай үлгі, өнеге болады? Тілімізді ысырып тастаудың салдарынан тауып жатқан кесапаттарымыз аз емес. «Заңдағы сол тармақ қалдырылатын болыпты» деген сыбыс тараған тұста өзіміз «ұлы ұлт» өкілдері санайтындардың кез келген ортада қайта «қоразданулары» нышан берді. Мүмкін, қазақтардың ана тілінің пүшәйман күйге қайта түскеніне масаттану әсері ме, кім білсін... Шырқыраған шындықты айтар болсақ, қаным еді деп емекейіміз езіліп емес, пайыз толтыру мақсатында ортамызға шақырып отырған қандас өз бауырларымызды оралман атандырып өгейсітсек те, өзге ұлтты, бастарына күн туған кезде де, тіпті, кейінгі тәуелсіздік алған кезеңде де көкірегінен итеріп көрген емеспіз. Төрімізден ойып тұрып орын алған «ұлы ұлт» өкілдеріне ат қойып, айдар таққан жеріміз жоқ. Қазір солар семіздіктен өз кеңірдегімізге жармаса бастады. Тілімізді де, өзімізді де босағаға итеріп тастады. Әлі сол тізгінді мықты ұстап келе жатыр. «Өтпес пышақ қол кесер» дегендей, біз өзді-өзіміз қырық пышақпыз. Ат қойып, айдар тағып алған өз отанына оралған қандастарымызға тіл тигізіп, қазақы салт-дәстүрден де ауытқудамыз. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегендей сол «ұлы ұлт» өкілдері ана бір жылдары Ресейге көше бастап, соңында қайта Қазақстанға көшіп келді. Өйткені өз отандары да оларға дәл мұндағыдай жайлы жұмақ болмай шықты. Олар мұнда бейіште өмір сүріп жатыр. Сөйте тұра, жергілікті ұлт өкілдерінің тіліне немқұрайды қарайды, сыйлау, санасу ойларына кіріп шықпайды. Бұл да қазақтың «көнбістігінен» емей, немене? Біз намыссыз ұлт па едік? Ұлан-байтақ жеріміз, елдіктен әлі қол үзбеген ұлтымыз бола тұра бұлай деп айтуға аузың да бармайды, олай дегің де келмейді. «Ұлы ұлттың» алдында жалпақтай-жалпақтай «көңілшек» болып кетсек те, «жуастан жуан шығады» деген сөзді де жадымыздан шығармаймыз. Алайда, «жарылғанды жау алады» дегенді де естен шығармағанымыз жөн болар еді. Көршілес өзбек бауыр­ларымыздың Одақ кезінде-ақ, өз іштері былай тұрып, Қазақстаннан Ташкентке қыдырып барған орысша сөйлейтін өз ана тілін білмейтін қазақтарды соққыға жығатын әдеттері болған еді. Біздің әлі тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы кезеңінің өзінде ана тілімізді «көкпар» етіп, екіге жарылып, масқарамыз шығып жүр. Шектен тыс «көнбістіктің» (әлде жалтақ-жарамсақтықтың) кебі деген осы болар. Болашақ ұрпақтардың алдындағы парызымызды ойлаудан қалып, қарабастың қамына ойысып бара жатқан нәубатқа тап болдық. Күдікке алып бара жатқан тіл мәселесі соны меңзеуде. «Көнбістіктің» де шегі бар. Ана тілі болмаса, қазақ ұлты да болмайды. Соны терең сезінер күн туды. Жұмыл, қазақ!..

Күлімхан ЖҰМАБАЕВА