Бейсен Құранбек: Табысқа жету тақырыбындағы кітаптардың көбі - дүмбілез дүниелер
2018 ж. 28 тамыз
7175
0
БАЮ, МИЛЛИОНЕР БОЛУ, ТАБЫСҚА ЖЕТУ тақырыбындағы кітаптар біздің нарықта өте көп. Олардың 90 пайызы орыс тілінде. Соңғы жылдары ана тілімізде осы тақырыпта бірді-екілі дүниелер жарық көре бастады. Бірақ, олардың да 90 пайызы аннан-мұннан жұлып алынған немесе сол қалпында көшірілген дүмбілез дүниелер.
Бақытжан Бұқарбайдың «КҮНКӨРІСТЕН КЕТ, БАЙЛЫҚҚА ЖЕТ!» кітабы қолыма тигенде де сондай шата шығармашылықтың жемісі шығар деп күдіктенгенім рас. Қателесіппін. Бір деммен тоқтамастан оқып шықтым. Өзіме пайдалы көп ақпарат, хабарға қызықты кейіпкерлер мен қонақтар таптым.
Бақытжанның кітабының ерекшелігі неде дейсіз ғой? Ол алдымен батыста қалыптасқан үлгімен оқырмандардың қалауы туралы әлеуметтік, маркетингтік зерттеу жасап, бизнеске қатысты өзекті тақырыптарды таңдап алыпты. Сонымен қатар, болашақ оқырмандарын қызықтырған кәсіпкерлердің есімдерін анықтапты. Содан кейін, олардың «ізіне түсіп», әрқайсымен жеке сұхбаттасыпты. Оны диалог түрінде бермей кәсіпкерлердің атынан баяндапты.
Оқып отырып кітаптың кейіпкерімен оңаша әңгімелескендей боласың. Бізде де осындай мықтылар бар ғой деп сүйсінесің. Олардың ой-пікірлері, тәжірибелері миыңа құйылып қалады. Меніңше, бұл кітап болашақ бизнесмендерге ғана ғана емес, өмірде өз жолын тауып, табыстың шыңына шыққысы келетін әр жасқа өте пайдалы болмақ.