Зейнетақы жарнасын алты айда бір аударғандар еңбек өтілін сотта дәлелдейді
2018 ж. 04 тамыз
3965
0
Зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер аясында еңбек өтілі дұрыс есептелмеген тұлғалар сотқа жүгіне алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50% көлемінде тағайындалып келген базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептеле бастады. Бұл ретте кей жұмыс берушілердің төлемді дер кезінде аудармай немесе бірнеше айды қосып, бір рет төлем жасағандары анықталды. Заң бойынша бұл 1 ай болып қана есептеледі. Яғни, жылына екі рет жасалған төлем зейнетақы жүйесінде екі айлық еңбек өтілі болып саналады. Бұл заңда көрсетілген, сондықтан адамдар еңбек кітапшасындағы жазбалармен сот арқылы еңбек өтілін дәлелдеуі қажет", - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім жетекшісі Жансая Секербекова Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткен семинарда.
Сонымен бірге, департамент өкілі штаттан тыс жұмысшылардың зейнетақы жарналары туралы пікір білдірді.
"Қазір біз Үкімет Қаулысы жобасына қол қойылғанын күтіп отырмыз. Онда жарна төлеуі тиіс тұлғалар нақтыланады. Себебі, азаматтық-құқықтық келісімшарттардан түскен төлемдер көрсетілген қызмет үшін алынған ақы болып саналады. Сондықтан, жеке мүлікті, пәтер мен көлікті сатудан түскен қаражаттан зейнетақылық аударымдар алынбайды. Мұның барлығы ҚР ҮКіметі қаулысы жобасында нақты көрсетіледі. Қаулы жобасы қыркүйек айында жарияланады", - деді Ж. Секербекова.