Қазақ мұнайының қайнар көзі қай ғасырда ашылды?

«Қашағаннан мұнай табылуы – біздің тәуелсіздігімізге, болашақта дәуірлеуімізге, біздің адамдар өмірінің жақсара түсетіне жасалған көмек. Қазақстандықтардың үлкен үміті ақталды». Нұрсұлтан Назарбаев

77

Төртінші сұхбат -Ал, Сайлау аға, сұхбатымызды одан әрі жалғастырайық. Тамыздың соңы мен қыркүйектің басында Маңғыстау мұнай-газының ашылғанына 50 жыл, Атыраудағы Доссор мұнайына 100 жыл, Қызылордадағы Құмкөл мұнайына 25 жыл толғанын ел болып тойлағалы жатыр. Қазақ мұнайының тарихы тереңде екенін газетіміздің өткен нөмірлеріндегі сұхбатыңыздан аңғардық. Әрі қарай әңгімелесеңіз... -Маңғыстау бойынша жаңа материалдар түбектің ең көне қатқабаттарының стратиграфиясын жасақтаған В.Мокроусов тарапынан жинақталып, 1952 жылы бір арнаға келтірілді. Маңғыстауға Ембінің мамандары жіберлді, олар - Х.Өзбекқалиев, А.Хисметов, В.Токарев, У.Бердіғожин, Б.Есенғалиев, Ж.Сәлімгереев, У.Бегалиев, К.Мырзағалиев, Х.Тәжиев т.б. Мұнда, ірі қалалардан, темір жол мен су жолдарынан қашық орналасқан елсіз де сусыз шөл аймақта, тез аралықта ірі мұнайлы-газды жаңа алап - Оңтүстік Маңғыстау алабы - ашылды. 1961 жылы Өзен құрылымында №18 құрылымдық ұңғыманы бұрғылау барысында 368 м тереңдіктен Оңтүстік Маңғыстауда алғаш рет газ бұрқағы алынды, осыдан кейін Өзен алаңшасында барлау бұрғылауы күшті қарқынмен жүргізіле бастады. Сол 1961 жылы Оңтүстік Маң­ғыс­таудан екі бірдей мұнай кенорны – Өзен мен Жетібай – ашылды. Маңғыстаудың мұнайлы-газды кенорындарын игеру мәселесіне үлкен мән бере отырып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1962 жылдың 19 қаңтарында «Маңғыстау түбегінде және Каспий маңы ойысының оңтүстік-шығыс бөлігі аумағында жүргізілетін мұнай мен газға деген геологиялық барлау жұмыстарының қарқынын күшейту және осы аудандарда ашылған мұнай кенорындарын игеруге дайындау туралы» деп аталатын арнаулы Қаулы қабылдады. Оңтүстік Маңғыстау байлығын өнеркәсіптік игеру мақсатында 1964 жылдың қаңтарында «Маңғыстаумұнай» өнеркәсіптік бірлестігі құрылды. Тыңнан табылған мұнайлы өлкені игеруге Әзербайжаннан, Татарстаннан, Башқұртстаннан, Краснодар, Ставрополь аймақтарынан мыңдаған білікті мамандар мен тәжрибелі инженер-техникалық қызметкерлер тартылды. Ералиев, Жетібай сияқты мұнайшы кенттері мен Жаңаөзен қаласы пайда болды. Қазақ КСР Коммунистік партиясының Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің 13 ақпандағы №123 Қаулысына сәйкес, «Маңғыстаумұнай» Бірлестігі бойынша 1964 жылдың 3 шілдесінде «Өзен мұнай кәсіпшілігі басқармасын құру» деп аталатын №27 арнаулы бұйрық шықты. Бұл Басқармаға Рахмет Өтесінұлы Өтесінов басшылық ететін болды. Басқарма мамандары құрамында 9 адам ғана жоғары білімді болатын, олар Мәскеудің мұнай институтын, Әзербайжанның индустриялық институтын, Грозныйдың мұнай инсти­тутын бітірген әр түрлі ұлттардың өкілдері еді. 1965 жылдың 10 шілдесінде Маңғыстаудың алғашқы мұнайы темір жол арқылы Гурьев мұнай өңдеу зауытына жөнелтілді. Өзен және Жетібай сияқты аса ірі кенорындары бар Оңтүстік Маңғыстау мұнайлы-газды аймағы ашылғаннан кейін мұнайдың өнеркәсіптік категорияға тиесілі барланған қоры 20 есеге, ал жылдық өнім 14 есеге артты. Кейінгі 10 жыл ішінде Теңге, Тасболат, Қарамандыбас, Шығыс Жетібай т.б. жаңа кенорындар ашылып, олар барланды және игеруге берілді. Мұнай өнімінің еселей артуына байланысты оны Гурьев мұнай өңдеу зауытына және КСРО-ның өзге де зауыттарына тасымалдайтын мұнай құбырларын салу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Аз уақыт аралығында, екі-ақ жылдың ішінде бұл мұнай құбыры тартылып үлгерілді, сөйтіп Маңғыстау мұнайын тасымалдау проблемасы шешілді. 1969 жылы Өзен–Гурьев–Куйбышев (Самара) мұнай құбырының бірінші кезегі іске қосылды. Жоғары парафинді мұнайды «ыстық мұнай құбыры» арқылы тасымалдау шаралары тұңғыш рет Маңғыстауда жүзеге асырылды. Маңғыстау мұнайы ұзындығы 700 шақырымдық жерасты арнасы арқылы Гурьевке жеткізілді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында мұнайды іздеу мен барлау жұмыстары Бозащы түбегіне қарай ойысты, бұл жұмыстар Қаражамбас, Солтүстік Бозащы, Қаламқас сияқты кенорындардың ашылуымен аяқталды. Батыс Қазақстанды зерттеудің соғыстан соңғы жылдардағы тарихында бұл өңірдің көмірсутек шикізатына деген перспктиваларын ғылыми тұрғыдан негіздеуге және іздеу-барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға 1946 жылы академик Қ.И.Сәтбаевтің пәрменімен Батыс Қазақстанның табиғи ресурстарын зерттеу мақсатында әдейі ұйымдастырылған Қазақ КСР Ғылым Академиясының Орал-Ембі ғылыми-зерттеу базасының қызметкерлері айтарлықтай үлес қосты. Бұл база 1956 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Мұнай институты, ал 1960 жылы Геология және гефизика институты болып қайтадан құрылды, соңғы құрылымдық өзгеріс барысында Институттың химия бағытындағы бөлімшелері Химия және табиғи тұздар институты болып жеке отау тікті. 1963 жылы Геология және геофизика институты республиканың Геология министрлігінің қарамағына берілді, ол 1972 жылдан бастап Қазақ мұнай барлау ғылыми-зерттеу геологиялық институты (ҚазНИГРИ) деп аталатын болды. Іздеу жұмыстарының нәтижелілігін қамтамасыз етуде техникалық қамсыздандыру шараларының кеңи түсуі, жұмыс көлемінің артуы, геофизикалық зерттеу әдістеріне жаңа әдістемелердің енгізілуі үлкен әсер етті. 1957 жылы Қазақ геофизикалық тресінің құрамына Гурьев мұнайкәсіпшілік кеңсесі берілді, ол 1960 жылы дербес «Қазақстанмұнайгеофизика» тресі болып бөлініп шықты. 1960 жылы Алматы қаласында Бүкілодақтық барлау геофизикасы институтының Қазақ бөлімшесі ұйымдастырылды. 1962 жылы «Қазгеофизтрестің» жөндеу шеберханасының негізінде «Қазгеофизприбор» эксперименттік зауыты құрылды. 60-шы жылдардың орта шеніне қарай Қазақстанның геофизикалық қызметі құрамында 6 экспедициясы және «Қазгеофизприбор» зауыты бар Қазақ геофизикалық тресінен, 4 экспедициясы бар «Қазақстанмұнайгеофизика» тресінен, сол сияқты аумақтық геологиялық басқармалар құра­мын­дағы 7 жекелеген геофизикалық экспедициялардан және бірнеше партиялардан құралды. Бұл жылдары мұнай іздеу геофизикалық жұмыстарының басым бөлігі Гурьев, Орал, Ақтөбе, Тұрлан (Шымкент қаласы), Іле (Алматы қаласы) геофизикалық экспедициялары, сол сияқты Қазақ КСР Геология министрлігінің құрамына кіретін Батыс Қазақстан (Гурьев қаласы) және Маңғыстау (Шевченко қаласы) кәсіптік-геофизикалық экспедициялар тарапынан жүргізілді. - Сөзіңізді бөлейін, Сәке. 1972 жылы Геология министрлігінің геофизикалық трестері таратылғанын, ал экспедициялар аумақтық геологиялық басқармалардың қарамағына берілгенін айттыңыз. Алайда, геофизикалық қондырғылар мен мамандарды жекелеген мекемелерге шашыратып жіберу нәтижесінде геофизикалық аппараттармен жабдықтау мәселесі нашарлап кеткенін, геофизикалық зерттеулерге деген ілтипат төмендегенін, жұмыс көлемі мен сапасы кемігенін әңгімеңізден білдік. Осындай жағымсыз тенденцияның алдын алу мақсатында 1981 жылы «Қазгеофизика» бірлестігі құрылыпты. Оның қарамағына Геология министрлігінің бүкіл геофизикалық экспедициялары, сол сияқты жаңадан отау тіккен Маңғыстау және Алматы геофизикалық экспедициялары беріліпті. Содан кейін... - Содан кейін 1962 жылдан бастап «Қазгеофизтрест» мұнай мен газды тікелей іздеу проблемасы бойынша шағын-шағын жұмыстар атқарды. Іздеу геофизикалық жұмыстарына Шығыс Қазақстанның шөгінді алаптары кеңінен тартыла бастады. 1956-61 жылдар аралығында гравиметриямен және электрбарлаумен ұштастырылған сейсмикалық зерттеулер Жаркент ойысымында, Балқаш, Алакөл және Қарқара ойыстарында жүргізілді. Шу-Сарысу мен Сырдарья депрессиялары ауқымында мұнай іздеу жұмыстары 1958 жылы басталды. Гравиметрлік зерттеулер бұл кезеңде жыл сайын 200 мың шаршы км аумақты қамтып отырды. Қарқынды іздеу жұмыстары Каспий маңы ойысында, Үстіртте, Бозащыда және Оңтүстік Торғай ойпатындағы Арысқұм ойысымында жалғасын тауып жатты. Каспий маңы ойысының солтүстік ернеуі өңірінен қоры жағынан шағын-шағын бірнеше мұнай-газ-конденсатты: Тополев, Токарев, Чинарев, Каменск, Дарьинск т.б. кенорындар – ашылды. Бұл нысандар тұзасты палеозойы түзілімдерінен ғаламат ірі Қарашығанақ мұнай-газ-конденсат кенорнының ашылуына ізашар рөлін атқарды. Маңғыстауда триас түзілімдері өнімді болып шықты, Оңтүстік және Шығыс Жетібайдағы, Қарақиядағы Алатөбе, Атамбай-Сартөбе, Ащыағар кенорындарында бұрқақты мұнай ағымдары осы түзілімдерден алынды. Мұның өзі стратиграфиялық қиманың терең орналасқан деңгейлерін игеру арқылы мұнай өнімін арттыру перспективасын айтарлықтай кеңітті. Бұрынырақ атап өткеніміздей, 70-ші жылдардағы ірі ашылулар Бозащы түбегімен байланысты болды, мұнда аз уақыт аралығында Қаражамбас, Солтүстік Бозащы, Қаламқас, Жалғызтөбе т.с.с. мұнайлы-газды кенорындар ашылып дайындалды, сөйтіп игеруге берілді. 70-ші жылдардың басында Оңтүстік Қазақстанда Шу-Сарысу газды алабы ашылды. Табылған газ кенорындары – Придорожное, Амангелді, Анабай, Үшарал-Кемпіртөбе, Орталық т.б. – табиғи газ қорының шағындығымен ерекшеленеді. Сол жылдары мұнай мен газ іздеу жұмыстарымен Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы алаптар - Арал, Сыр-дарья, Оңтүстік Торғай т.б. алаптар – қамтыла бастады. Торғай ойысымының оңтүстігінде 1984 жылы ірі газды-мұнайлы Құмкөл кенорны және басқа бірнеше мұнай мен газ кенорындары – Майбұлақ, Оңтүстік Құмкөл, Арысқұм, Қоныс, Оңтүстік және Солтүстік-Батыс Қоныс, Қызылқия, Нұралы, Ащысай, Ақшабұлақ, Бектас т.б. – ашылды. 70-ші жылдардың аяғы және 80-ші жылдардың басы тағы бір керемет ашылумен сипатталды, ол Каспий маңы ойысының оңтүстік ернеуінің тұзасты түзілімдермен байланысты, қоры жағынан ғаламат ірі Теңіз кенорнының ашылуы. 1992 жылдың желтоқсанында Қазақстан Каспий теңізі табанында мұнай іздеу жұмыстарын жүргізуге мүдделі екендігін бүкіл әлемге паш етті. Сол жылдың екінші жартысында құрамына Б.Қуандықов (төраға), М.Бочков, И.Беспаев, О.Ақшолақов, А.Бижанов, Э.Воцалевский, Ж.Марабаев, И.Хафизов, С.Гулый кіретін қазақстандық мамандар тобы «Каспий теңізінің Қазақстандық секторын игерудің Мемлекеттік бағдарламасын» дайындады. Қазақстан Республикасының Үкіметі өзінің 1993 жылғы 13 ақпандағы №97 Қаулысына сәйкес Каспий су айдынындағы мұнайлы-газды кенорындарды геологиялық-геофизикалық зерттеуге және игеруге бағытталған жұмыстардың бағдарламасын іске асыру мақсатында «Қазақстанкаспийқайраң» мемлекеттік компаниясы құрылды. Бұл компанияның алғашқы президенті болып Б.Қуандықов тағайындалды. 1993 жылдың 3 желтоқсанында ҚР Үкіметі халықаралық консорциум құру туралы бір топ шетелдік компаниялармен халықаралық келісімге қол қойды, бұл компаниялар – SHELL (Голландия), STATOIL (Норвегия), MOBIL (США), BP (Англия), BRITISH GAS (Англия), TOTAL (Франция), AGIP (Италия). Консорциумның операторы болып «Қазақстанкаспийқайраң» Мемлекеттік компаниясы тағайындалды. 1997 жылы Қазақстан Үкіметі ОКИОК Консорциумымен өнімді бөлісу туралы Келісім-шартқа қол қойды, ал 1999 жылы іздеу бұрғылауы басталды. 2000 жылдың шілде айында Консорциум Шығыс Қашағандағы №1 ұңғыма көмегімен кенорын ашылғандығын жария етті. Шығыс Қашағаннан кейін де бірнеше кенорындар ашылды, олар – Батыс Қашаған, Қаламқас-теңіз, Қайраң, Ақтоты және Оңтүстік-Батыс Қашаған. Ал теңіздің ресейлік секторында Широтное және Хвалын кенорындары ашылды. Қашаған кенорнының ашылуы республика мұнайының қорын 35 %-ға өсіруге мүмкіндік берді. Каспийдің қазақстандық секторының мұнай-газға деген потенциалы енді-енді ғана игеріле бастады. - «Жас қазақ үні» газетінің оқырмандары үшін қазақ мұнайының қадау-қадау тарихынан сыр шерткеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Көпен ӘМІРБЕК