Ата-анаңды ардақта

Осы мақаланы жазуға түрткі болған, ауылда көз алдымда туып-өскен көрші жігіт ата-анасын қарттар үйіне апарып тастапты, дегенді естігенде, емешегім езілді. Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, шаранасын қақ жарып шыққан жан баласы, сол үшін түн ұйқысын төрт бөліп бесігін тербетіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай асырап еді, көп жыл өтіп, кеудесінен итеріп «көзіме көрінбей кет, жоғал!» деп тұрса, интернатқа иесіз заттай тастап кетсе, бұл фәниде бұдан асқан қасірет-мұң, қатігездік жоқ шығар. 33 Ол көршімнің жеті атасынан бастап өте жақсы білген соң, жаным ашыды. Болмаса, ата-анасын қарттар үйіне апарып кеткендерді естіп те, көріп те жүрміз. Жас кездерінде жан ана, жан әке деп етектеріне жармасқан балалары «бұл менің анам, бұл менің әкем, менікі менікі» деп таласып жататұғын. Арадан көп жылдар өтіп, өскен соң, ештеңе болмағандай, күш қуаты азайып, қайраты кеміген қартайған шағында «бұл сенің анаң, бұл сенің әкең, сенікі, сенікі» деп тастанды қылған қатігез, мейірімсіз ұрпаққа не деуге болады? Неліктен бүгінгі кертарпа кейбір ұрпақтың өн бойында махаббат мен мейірім өте аз? Өмір бақи жиған тергенің босқа кетпей ақ тер көк терге түсіп өсірген ұл-қыздарың демеуші болса игі. Ал, егер желкеңнен түйіп, жегеніңді аузыңнан шығарса кімге өкпелейсің? Қазіргі қазақ қоғамындағы болып жатқан көрініс. Жар астындағы жастықтан, дос сатқындығын қастықтан көруге болады, ал бала сатқындығын ше? Кімнен көресің? Балапан ұшқанша, бөлтірік бауырын көтергенше, бала өскенше. Адам баласы хайуаннан қай тұста бөлінуші еді? Қартайған адамның мінез-құлқы мен айтқан сөзін орынсыз көру, ескі кертартпа деп білу өміржолын енді бастаған адамға қалыпты жағдай. Өзін өсірген, өмірдің мәні мен сәнін түсіндірген, жалпы адамтануды үйреткен алғашқы ұстаз қартайғанда түсініксіз, ескірген алжыған, көп нәрседен бейхабар «қызық адамға» айналып шыға келеді. Өмірде заттар ғана ескіруі мүмкін. Адам ескермейді, есиеді, өмірлік қор, тәжірибе жинайды, ойланады, ал сезім жоғалмайды. Сонда есіме әскерде бірге бір бөлмеде тұрған Шамил есімді шешен ұлтының азаматының айтқан сөзі еріксіз ойға оралады «Біздің шешен халқы үшін әке-шешемізді тастап кету былай тұрсын, әрбір сөзі балалары үшін заң және оны іске асырмау өлімен тең» еш жерде жазылмаған қағида. Бірақ, әрбір шешен ұлтының өкілі бұны біледі, ешқашан бұлжытпай орындауға тырысады. Шіркін-ай, осындай қағидалар менің қазағымда да болса-ғой деген арман жиі мені мазалайды. Астананың қарттар үйі 400 адамдық қолайлы жаңа ғимаратта Көктал кентінде орналасыпты. Бұл жерде тағдыр тәлкегіне түскен жарымжан жандар мен қайырсыз балалары бар көнекөз қарттарға жақсы күтім көрсетілген. Өмірінің соңғы күндерін қызықты өткізуге мүмкіншіліктер жасалыпты. Тұла бойынан күш-қуаты кетіп, кәрілік қажытып, он екі мүшесін ауру меңдеген қариялар өз жақындарынан таппаған жылулықты басқа адамдардан іздейтінін байқадым, көздері жәудіреген, көңілдері құлазыған адамдарды көргенде ішкі жан дүниең алай-дүлей болып, мейірімсіз балаларына деген беймәлім кек кеудеңді кернейді екен. Бірақ, қолдан келер дәрмен жоқ. Қарттардың тізімі бар журналды іздеп отырып, көршімнің әке-шешесін тауып алдым. Өзімді таныстырдым көршіңіз Кеңестің ұлы Жұмамұратпын дегенде әзер таныды, кемпірінің көзі көрмей қалыпты, әкесінің жүйкесі жұқарған, өте әлсіз сөйлейді, таныған соң, өксіп-өксіп жылады, оларға қосылып менің де көзімнен жас ыршып кетті. Қарттар өз өмірлерін мәнерлеп айтып берді. Жүрегің шымырлайды, өте ауыр трагедиялық эпизод. Ауылда қалған әке-шешесін қолына алған ұл мен келін астыртын қара шаңырақты сатып, ата-анасын қаладағы үйге қамауға алады. Сыйлы қонақты күтулі келін «мазасыз» ата-енесін бір күні «курортқа», яғни қарттар үйіне өткізуге күйеуін ақыры көндіріп тынады. Түбінде өз баласынан бас кешкен ата-ана қол ұстасып қарттар үйіне өздері кетеді, қысқаша осылай. Қолымнан келгенше көңілдерін көтеруге тырыстым, Рамазан айында жақсы тілек қабыл болады деп сендірдім, алдағы айт күндерімен құттықтадым, алып келген банан, алмаларымды тастап, келгеніме риза болғандары көздерінен көрініп тұрды, алысқа кеткенімше қол былғап шығарып салды. Жолда келе жатып, Төле бидің толғауын іштей күбірледім. Алтынның түбінде бір жарқырайды, Су тиіп тат басқан бір жез болмаса. Ұятқа қалар дайым ата-ана, Тарыдай ұл қызында ес болмаса. Ата-ананың жүрегі әсіресе қартайған шағында нәзік шыныдай, көңілшек бола бастайды. Олардың жан дүниесіне мән бере отырып, байқап сөйлеп, көңілдеріне кірбің түсіретін әрекеттерден аулақ болғанымыз абзал. Әке-шешені тыңдамай қарсы келудің жамандығы соншалық адам баласы мұның жазасын әрі осы дүниеде әрі ақыретте тартуға мәжбүр болады. Өзін қызыл шақа кезінен бастап ешбір қиындыққа мойымай, мәпелеп өсірген ата-анасына қарсы шығу—жақсылық қақпаларының тарс жабылуына әкеп соқтырады. Сондықтан адам баласы мұндай қайғылы жағдайға душар болғысы келмесе қолынан келгенше олардың көңілін тауып, ақ батасын алуға тырысып баққаны жөн. Өйткені Пайғамбарларымыз тағдырды қабылдамағандар, ата-анасына қарсы шығып жасаған жақсылықтарын міндетсінгендер мен оларға зұлымдық жасағандар үшін бүкіл жақсылық жолдарының жабылатынын айтып кеткен. Сонымен қатар олардың тәубелері мен күнәларынан арылу үшін берген садақалары да қабыл болмайды. Перзенттің материалдық һәм рухани дамуында басты рөл атқаратын жандар—оның ата-анасы. Олар әрдайым өздерін екінші қатарға ығыстырып, перзентін бірінші орынға шығарады. Ешуақытта «болашақта жемісін көреміз», -деп бас пайдаларын көздеместен, соңғы демі біткенше риясыздықпен баласының қамын ойлайды. Бізді жоқтан бар еткен Жаратушы Жаббар Иемізге қанша шүкіршілік айтсақ та артықтық етпейтін болса, сол секілді бізге ұлан-ғайыр еңбегі сіңген ата-ананың ақысын өтеу де әсте мүмкін емес. Жан-жануарлар төлдерін өмірге әкелгеннен кейін төлі бойына қуат жинай салысымен-ақ оны табиғат аясында жалғыз қалдырып кетіп жатса, адам баласы перзентін өле-өлгенше уайымдап, сол үшін қам жейді. Тіпті о дүниеге аттанып кетсе де перзентімен арасындағы байланыс үзілмейді. Сол себепті, көгершіннің жүрегінен де нәзік көңілдеріне қаяу түсірмей, олармен тілдесу барысында «үһ» деген сөзді де ауызға алмай, сөздік қорымыздан біржола шығарып тастау қажет. Осы кішіпейілділік барысында олардың табандарының астындағы жаннаттан ескен самал желді көңілімізде сезінгендей боламыз.

Жұмамұрат Шәмші