АУЫЛДЫҢ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫ: ШАҒЫН ЖЫЛЫЖАЙЛАР

Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген болатын. Біздің әрбіріміздің алдымызға Президент үлкен жобалар қойып, бағыттар мен тапсырмалар берді. Қазақстанның жедел дамып-өркендеу жолында әрбіріміз сырт қалмағанымыз жөн.   Биылғы жолдауындағы «Ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамыту мүмкіндігі» бөлімінде Елбасы айтқандай, «Біз егін егіп, дәнді дақылдар өсіруді үйрендік. Осыны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Ол үшін егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады»,-деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл  – тапсырмаларды іске асыру – біздің басты міндетіміз болуы тиіс. Бұны жүзеге асыруда тікелей Елбасының қолдауы тұр. Осы жолдауда ҚР Президенті “Индустриаландыруды 4.0 жаңа технологиялық  қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс”,  – деп түсіндірді. Яғни, біздің парызымыз – халықты жыл бойы көкөністермен қамтамамыз ету мақсатында отандық қолжетімді шағын жылыжайды “ақылды” басқару  технологиясын ұсыну. Осы технология арқылы ауыл шаруашылығын жаңғыртып, жаңаруына үлес қосуымыз керек. ҚР-ның Агроөнеркәсіптік кешенінің 2017-2021 жж дамудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда. Әрбір мемлекеттің ауыл шаруашылығының басты мәселелерінің бірі – тұрғылықты халықты көкөністермен жыл бойы қамтамасыз етілуі. Тамақтану – адам ағзасының толыққанды өсу негізі. Әрбір адамның жылдық тамақтану мөлшері - 80-100 кг жаңа піскен көкөністер қажет (картопты есептемегенде). Бес  мүшеден тұратын отбасы үшін ұсынылған көкөністер мөлшері: қызанақ (50 кг), қырыққабат (50 кг), пияз (50 кг), сәбіз (50 кг), қияр (25 кг), бұршақ (25 кг) қажет және осыларды егу үшін 12 ш.м. жер жеткілікті екен. Бірақ осы мөлшерде әр жанұя тұтына алатын жағдайда ма? Жергілікті шаруалар елімізді жыл бойы көкөніспен, жеміспен толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан басқа шет елдерден, атап айтар болсақ, Қытай, Өзбекстаннан  келген өнім нарықты жаулап алу мәселесі пайда болды. Сонымен қатар, бұл сырттан келген өнімдердің сапасынада күмән мол. Денсаулыққа кері әсер етіп жатқандары да кездеседі. Осы орайда «Елімізде неге жылыжай шаруашылығы дамымай жатыр? Мәселе неде? Қандай факторлар әсер етеді? Жылыжай шаруашылығында өсім бар ма? Не істеу керек?» деген сияқты сұрақтар ойлантады. Статистика бойынша, соңғы бес жылда елімізде жылыжай шаруашылығы 746 га өсті. Олардың 89 пайызы ОҚО орналасқан, себебі басқа аумақтардың табиғи жағдайлары ауыр (қысы суық, жазы құрғақ, т.б.). Жабық жерде ерте пісетін көкөністер өнімі 132 мың тоннаға жетті. 1062 га жылыжайдың 1035 га көкөніс, 25 га гүл өсіріледі, – дейді сарапшылар. Жалпы елімізде жылыжайлардың дамуына кедергі болатын бірқатар себептерді атап айтар болсақ. Олар: а) табиғи жағдай, ә) әлеуметтік-экономикалық жағдай (материалдар мен техника шығындары), б) білім мен тәжірибенің жоқтығы, в) уақыт жетіспеушілігі жатады. Аталған мәселелерді шешу үшін біз келесі жолды ұсынамыз: Әр отбасы үшін қолжетімді шағын жылыжай салуда қымбат емес, қолжетімді материалдар (пластик, ПВХ құбырлары, т.б.) қолдану; Жылыжайды басқаруда энергияны үнемдеу, қолдану ыңғайлылығы, ортаға бейімделу, төмен баға талаптарын қанағаттандыратын “ақылды” технологияларды іске асыратын отандық өнім жасау; Жылыжайдағы технологиялық процестерді, яғни, суару/жылыту/суыту/желдету тәртіптерін реттеу үшін заманауи техникалық құралдар мен кешендер қолдану. Елбасының «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналып отыр. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады деген болжауы ақиқатталып та келеді. Осы орайда өзімнің ұстазым, техн.ғ.д., профессор Б.Белгібаевтың озық тәжірибесін бөліскім келеді. Профессор жоғарыда сипатталған технологияны пайдаланып, жер учаскесіндегі шағын жылыжайда өнім алып, өзінің отбасын жыл бойы сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп келеді. Бұл ісін «Туған жер» бағдарламасына қосылған үлес деп білемін. Ғалым өз білімі мен тәжірибесін шәкірттерге үйретуге тырысады, елімізге қажет болашақ “Автоматтандыру және басқару” мамандарын сапалы дайындауға еңбектеніп жүр. “Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, саудаға салынса, қолы тиер ме еді” деген дана Абайдың тұжырымын ұстана отырып, ауылда жылыжайларды көбейтсек жыл он екі ай сапалы, әрі қолжетімді бағада көкөністермен елімізді қамтамасыз ететін едік.   Умаров А.А. Алматы қ., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ –нің аға оқытушысы, “Автоматтандыру және басқару” мамандығының 1-курс PhD докторанты. qazaquni.kz