Азат Перуашев: Салық органдарының субсидиарлық жауапкершілікке деген көзқарасы нарық қағидатына қайшы келеді
2018 ж. 12 шілде
2416
0
«Ақ жол» фракциясының ЖШС құрылтайшыларына субсидиарлық жауапкершілікті енгізудің негізсіздігі туралы депутаттық сауалдар топтамасынан кейін өткен сәрсенбіде фракцияның отырысына Бас прокуратура және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері келіп қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 16 мамырында «Ақ жол» фракциясы ЖШС-дан қарыздарды өндіріп алу төңірегіндегі әділетсіз жағдайға үкіметтің назарын аударған еді. ЖШС туралы Заңға сәйкес, олардың қатысушылары шығын тәуекелін тек өздері енгізген салымдардың шегінде ғана өтейді. Алайда, «Банкроттық және оңалту туралы» заңның нормаларына сәйкес кәсіпорындардың қарыздарын ЖШС-ның құрылтайшыларынан өндіріп алуға болады. Бұдан басқа, 2015 жылы Үкімет бекіткен ЖШС-ның Типтік жарғысынан құрылтайшылар кәсіпорынның қарызына жауап бермейді деген норма «байқатпай» алынып тасталды. «Ақ жол» фракциясы ЖШС-ның типтік жарғысына кәсіпорындардың берешегі үшін құрылтайшылардың жауапкершілігі жоқтығы туралы норманы қайтаруын және адал кәсіпкерлердің ізіне түсуді доғаруын талап етеді.
Премьер-министрдің 8 маусымда берген жауабында Үкімет «Ақ жол» фракциясының талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.
Осыған орай, 20 маусымдағы екінші мәрте жолдаған сауалында «ақжолдықтар» берілген жауаптың мағынасыздығы мен субсидиарлық жауапкершілік туралы нормалардың нарыққа қарама-қарсы сипатын көрсетті. Бұл жағдайдың мәнісін «Время» газеті анықтап білуге тырысты – 26 маусымда «Бизнесу надо помогать, а не обдирать» деген тақырыпта Азат Перуашевтің берген сұхбаты жарияланды (http://www.time.kz/articles/ugol/2018/06/25/biznesu-nado-pomogat-a-ne-obdirat). Дәл сол күні үкімет отырысында Премьер-министр депутаттардың ұсынысы бойынша төлем қабілетсіздігіне ұшырағанға дейін алты ай бұрын банкрот деп жариялау туралы сотқа арыз бермеген құрылтайшыларға деген субсидиарлық жауапкершілік туралы талапты жоюға дайын екенін мәлімдеді https://tengrinews.kz/money/medlennyih-menedjerov-predlagayut-nakazyivat bankrotstvo-347467/).
4 шілдеде өткен фракцияның отырысында ҚР Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Азамат Дүйсембеков «Ақ жол» депутаттарының төлем қабілетсіздігіне тап болғанға дейін 6 ай ішінде банкроттық рәсіміне бастамашылық етпегендіктен субсидиарлық жауапкершілікке тартылғандардың 85% -ы – негізсіз деген дәлелімен келісті. Сондай-ақ, ол ЖШС құрылтайшыларын жауапкершілікке тарту туралы орын алған жағдайлардан өзінің беймәлім екенін де хабарлады.
Алайда, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Ақтау қалаларындағы «Ақ жол» өкілдері бейнеконференция режимінде мұндай жағдайларда құрылтайшылардың мүлкі тәркіленгенін айтып, өздеріне мәлім 40-тан астам оқиға жөнінде баяндады.
ҚМ Мемлекеттік кірістер департаменті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Қайрат Жұлмұхаметов бұл қайшылықтарға қатысты «Талап-арыздарды салық органдары емес, банкроттық басқарушылар береді» деп түсіндірді.
Кәсіпкерлер мұндай үрдістің барын растады, бірақ құрылтайшылардың жеке басының кінәсі жоқтығына қарамастан, банкроттық жағдайын қоса алғанда барлық жағдайларда жеке мүлікке деген талап-арыздар берілгенін баса айтып өтті. Яғни іс жүзінде бұл ереже кәсіпкерлердің заңды құқықтарын толықтай бұзуға әкеліп соқты.
Оның үстіне, «Ақ жол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин Мемлекеттік кірістер департаментінің жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің
құрылтайшыларына субсидиарлық жауапкершілікті енгізу туралы талап-арызын көрсетті, бұл салық органдарының жанама ғана емес тікелей бизнеске қысым жасайтынын ашық түрде растайды. Оның айтуынша, мұндай мысалдар көптеп кездеседі.
«Қарағанды облысы бойынша тек 2 жағдай анықталды. Ал, егер осындай проблемалар болса, оларды бізге қарастыру үшін жолдауларыңызды сұраймыз», - деп жауап берді Бас прокуратураның өкілі.
Қаржы министрлігінің МКД өкілдері төлем қабілетсіздігіне ұшырағанға дейін 6 ай ішінде банкроттықты жария етпеу сияқты субсидиялық жауапкершілікке тартуға негіздемені алып тастау жоспарланып отыр деп хабарлады. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Ақ жол» фракциясы жолдаған депутаттық сауалдың нәтижесінде бұл туралы мәлімдеген болатын.
Алайда, Азат Перуашев бұл ымыраға келу тұтастай алғанда мәселені жоя алмайтынын атап өтті: «Егер сіз құрылтайшылардың мүлкін - алты айдың ішінде ме, жоқ әлде онсыз ба - маңызды емес, тартып алу мүмкіндігін қалдырсаңыз, - онда мұндай фактілер әрі қарай жалғаса бермек. ЖШС мен АО-ға деген субсидиарлық жауакершілікті түбегейлі алып тастау керек! «Ақ жол» фракциясы ЖШС-ның типтік жарғысына кәсіпорынның міндеттемелері бойынша құрылтайшылардың жауапкершілігі болмайтыны туралы тұжырымдаманы қайтаруын талап етеді », - деп ол өз сөзін толықтыра кетті.
Демократиялық фракцияның көшбасшысы салықшылар ұстанған амал-тәсілдердің абсурдтығына және оның Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына қауіп төндіретініне назар аударды: «Құрылтайшылар тек ЖШС-да ғана емес, сондай-ақ АҚ-да да бар және қор нарығы деген бар. Акционер акцияларды сатып алып, иелерінің біріне айналды. Енді, компанияның қарызын оған төлеткізу қажет пе? Артықшылық берілген акциялар деген болады – бұл дегеніміз, бекітілген табысы бар акционер басқаруға қатыспайды, компания оның алдында мүлдем есеп бермейді – ол, тіпті, ол жерде не болып жатқанынынан де бейхабар болады. Ал, сіз оның мүлкін тәркілеуді талап етесіз?
Сіз мұндай жолмен бағалы қағаздар нарығының негізгі қағидаттарын жоқ қылатыныңызды түсінесіз бе? Осындай «новелламен» Қазақстанды күлкілі жағдайда қалдырасыздар: бір жағынан Астана халықаралық қаржы орталығын іске қосамыз, инвесторларды шақырамыз – ал, екінші жағынан – акцияны сатып алғандар енді сол компанияның келешектегі қарыздары үшін жауап беруге міндетті.
Лондонда, Дубайда немесе Шанхайда тұратын акционерлерден мүлікті қалайша өндіріп алмақшысыздар? Мұны қалай көз алдарыңызға елестетесіздер? Қазақстанға бәрі күлкінішпен қарайтын болады және сіздер Ұлыбританияда да, Қытайда да ешкімнен ештеңе өндірте алмайсыз. Өйткені, бұл тәсіл қор нарығының табиғатына тіптен қайшы келеді. Есесіне, біздің елге келіп жұмыс істейміз деген инвесторларды ойдағыдай шошытып, қорқытып жібересіздер».
Азат Перуашев салық органдарының сабасына түсуін сұрап, ЖШС мен жария (ашық) Акционерлік қоғамға деген субсидиарлық жауапкершіліктен бас тартуға шақырды.
«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы нарықтық экономиканы ілгерілету және кәсіпкерлердің мүддесін қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.