Шардара су қоймасының жағалауынан 30 қонақүй бой көтереді
2018 ж. 09 шілде
10698
0
2019 жылы Шардара су қоймасының жағалауында демалыс нысандарының құрылысы басталады, деп хабарлайды Аptanews.kz. Бұл туралы Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов өңірдегі БАҚ өкілдерінің осы ауданға жасаған іссапары кезінде айтты.
Аудан басшысы туризм саласын дамытуда талай жылдан бері қолбайлау болып келе жатқан мәселелерге тоқталып, оның таяуда оң шешімі тапқанын мәлімдеді.
– Өздеріңіз білесіздер, Шардара ауданы – жағажай туризмін дамытуға қолайлы аймақ. Дегенмен, бұл аумақ орман қоры жерінде болды. Жуырда арнайы Үкіметтің қаулысымен жағажай маңындағы 255 га аудандық коммуналдық меншікке берілді. Яғни, бұл енді ауданның меншігінде болып саналады. Бүгінгі таңда осы 255 га жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталмақ. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, мұнда 60 нысанның құрылысы қаралған, оның ішінде 30 қонақүй бой көтереді. Тартылатын инвестиция көлемі 6,7 млрд теңге, оның ішінде мемлекет тарапынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына 1,7 млрд теңге жоспарлануда, – деді Болатбек Қыстауов.
Аудан әкімінің мәлімдеуінше, жағалаудағы нысандар құрылысын бастауға, жер учаскесін алуға көптеген инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Осы жұмыстар нәтижесінде 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, туристер санын көбейту жоспарлануда.
Айта кетерлігі, мұнда қазір тұрақты жұмыс істеп тұрған екі демалыс аймағы бар. Ол – «Golden Beach» және «Сыр нұры». Онда өзіміздің облыстардан бөлек, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Ресейден туристер жиі келеді. Бүгінде Шардараға келіп жатқан туристердің қатары қалыңдап жатыр. Мәселен, былтыр келген туристердің саны 50 мың адамға жеткен.
Аудан әкімі келесі жылдан бастап инвесторларға жердің беріле бастайтынын да айтып өтті, сондай-ақ болашақта Шардарадан салынатын әуежайға қатысты пікірін білдірді.
– Бұрын бізде кіші авиация жұмыс істеген. Ол аэродром бүгінгі таңда аудандық коммуналдық меншікте. Қазір «SCAT» авиакомпаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер олар қаржысын құйып жатса, біз бұл жерді беруге әзірміз. Келушілердің саны 150 мың адамға жетіп жатса, әуежай іске қосылатын болады. Сөз жоқ, әуежай мәселесі келетін туристерге тікелей байланысты. Туристерді тартудың жүйелі жоспарын жасап жатырмыз. Түптеп келгенде, бұл жұмыстар халықты жұмыспен қамтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей септігін тигізеді, – деді Болатбек Қыстауов.