Қазақ мұнайының қайнар көзі қай ғасырда ашылды?

«...Біз өзіміздің индустрияландыру және экономиканы технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі жоспарларымызды нақпа-нақ айқындап алдық. Біздің бағдарламаларымыздың басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын нығайту...» (Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев)

Үшінші сұхбат

Үшінші сұхбат

 11

- Сайлау Есжанұлы, бұдан бұрынғы қазақ мұнайының тарихы туралы сұхбатыңызды Ұлы Отан соғысының қарсаңындағы шежіремен аяқтап едік. Иә, Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жылдар) бүкіл ел үшін үлкен сын болды. Өз қызметін уақытша тоқтатқан Майкоп және Грозный мұнайлы аудандарының өндірісін алмастыру мақсатында Қазақстанда мұнай өндіру қарқынын барынша жоғарылату ең маңызды әскери-шаруашылық мәселеге айналды. Оны табысты шешу еліміздің халық шаруашылығының кезек күттірмейтін қажет­тіліктерін қанағаттандыруға және Кеңес әскерінің соғысу қабілетін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін.

Соғыс жылдарында әйелдердің еңбектегі белсенділігі ерекше көрінгені белгілі. Әсіресе, мұнайшылар қатарындағы әйелдер қандай роль атқарды?

- Атырау өңірінің әйелдері тылдағы мұнай өндіру майданында ерлік үлгісін көрсете білгені көпшілікке аян. Үй шаруасындағы әйелдер бұрғылау бригадаларындағы, учаскелеріндегі, цехтардағы ерлердің жұмыс орнын алмастырды. Мұнайшылар арасында күн өткен сайын әйел – мамандар өсіп, жетіліп, өз мамандығының майталманы атана бастады. Әсіресе, құлсарылық Қ.Қожақарова мен С.Самарханова ерекше көзге түседі. Кейін Сүйрік Самарханова Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып екі мәрте сайланып, Ленин орденімен марапатталады. Бұндай еңбегімен сұрапыл соғыс жылдарында ел құрметіне бөлене білген аяулы жандар жайлы аз емес. Осы жерде айта кетейін: Ұлы жеңістің 60 жылдығы қарсаңында «Мұнайшы» Қоғамдық қоры «Мұнайшы арулар еңбегі – ерлік ескерткіші» деген кітап шығарды. Бұл кітапта Асқар Тоқмағамбетовтың «.... Мұнайшылар , мұнай бер, Соны сізден сұрайды ел!» деген ұранын орындаған 500-ге тарта арулар есімі дәріптелген.

Орал-Ембі ауданы мұнайшыларының әрбіреуі соғыс жылдарында екі-үш адам үшін жұмыс істеді, барлық мұнай кәсіпшіліктерінде майдан бригадалары құрылды. Барлаушылар Ембіден үш жаңа кенорын ашты, олар соғыс жылдарының өзінде-ақ өнеркәсіптік игерімге беріліп, мыңдаған тонна сапалы мұнай берді. Жаңа кәсіпорындар ашылды, Гурьев қаласында ірі мұнай өңдеу зауыты салынды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында геологиялық зерттеулер Орал-Ембі мұнайлы облысында шоғырланды. Іздеу-түсіру және сейсмобарлау жұмыстарының, карталау және құрылымдық-іздеу бұрғылауының айтарлықтай көлемі Нармұнданак, Құзбақ, Қызылжар, Мұнайлы, Қошқар, Дүйсеке т.б. тұз күмбездері өңірлеріне шоғырландырылды. Күмбездердің кейбіреуі терең бұрғылау арқылы өнеркәсіптік барлауға берілді. Бұл жұмыстар барысында мұнайдың өнеркәсіптік жатындары Мұнайлыда, Жолдыбайда, Нармұнданақта және Құлсарыда белгілі болды.

Мұнайға деген перспективасы бар құрылымдарды анықтауда геофизикалық зерттеу әдістерінің жоғары тиімділігі 1943 жылы Мемлекеттік геофизикалық трестің Қазақ бөлімі құрылуына себепші болды. Бұл трест кейінірек арнаулы «Қазақстанмұнайгеофизика» тресі болып өзгертілді. Трестің құрамында 5 геофизикалық партия болды.

Бұрғылау станоктары паркінің мүмкіншіліктері шектеулі болуы мұнайдың барланған қорын еселей арттыруды қамтамасыз ете алмады, бүкіл іздеу жұмыстары соғыс жылдары Оңтүстік Қошқар (1943 ж.) және Тентексор (1944 ж.) сияқты кенорындар ашылған тұзүсті түзілімдерін зерттеуге ғана шоғырландырылды. Мұнай құбырларының салынуы және Гурьев (Атырау) қаласында мұнай өңдеу зауытының тұрғызылуы жаңа кенорындарды жеделдете іздеу қажеттілігін туындатты.

Соғыс жылдарында, бүкіл Одақ бойынша тұңғыш рет Доссор мен Мақатта, кейінірек Ембінің өзге де кәсіпшіліктерінде мұнай қабаттарының қысымын жоғарылату мақсатында қабатқа су айдау шаралары жүзеге асырылды, бұл жұмыс істеп тұрған ұңғымалар өнімін айтарлықтай жоғарылатты. Екі және одан да көп горизонттарды бірге игеру әдісі де қолданылды. Бұл шаралардың нәтижесінде Доссорда, Мақатта, Байшонаста, Қосшағылда, өзге де кәсіпшіліктерде мұнай өнімі күрт жоғарлады. 1941-45 жылдары жылына орта есеппен 800 мың тонна мұнай өндірілді.

- Соғыстан соңғы ке­зеңде құрлыс және барлау жұмыстарын  кү­шейту мақсатында «Қазақ­станмұнайқұрылыс», «Қа­зақстанмұнайбарлау», «Ақтөбемұнайбарлау» арнаулы трестері және Мемлекеттік геофизикалық трестің қазақстандық бөлімшесі құрылыпты. Республиканың мұнай бұрғылау жұмысының қарқыны өсе бастаған екен. Осыған тоқталсаңыз.

-Соғыстан кейінгі алғаш­қы жылдар бір топ кенорын­дардың ашылуымен ерек­шеленеді, олар: Мұнайлы және Оңтүстік Төлес (1947 ж.), Қаратон (1948 ж.), Төлес (1950 ж.), Қарсақ (1951 ж.). Аталған кенорындардың іске қосылуы жылдық мұнай өнімін 1,5 миллион тоннаға дейін өсіруге және барланған қорлардың еселей артуына мүмкіндік берді.

1946 жылдан бастап Каспий маңы ойысындағы геологиялық барлау жұмыстарының көлемі күрт өсті, геофизикалық зерттеулер жүргізілді, параметрлік ұңғымалар бұрғыланды.

Соғыстан кейінгі кезең­де сейсмобарлау, дала және тыңғылықты өңдеу жұмыстарының әдістемелері мен техникасы тез арада жетілдірілді, көп арналы сейсмикалық станциялар жасалды. Солтүстік Үстірт, Ақтөбелік Орал маңы, Орал–Еділ арасы, сол сияқты Торғай, Теңіз ойыстары мен Батыс Сібір тақтасының өңтүстік өңірі зерттелді. 1947-1948 жылдары Каспий маңы ойысында аймақтық сейсмикалық зерттеулер жүргізіле бастады. Тұңғыш көрініс беру әдісімен жүргізілетін жұмыстар Торғай ойысында және Ертіс маңында жүзеге асырылды. 1955 жылдан бастап тұрақты түрде жүргізілетін сейсмикалық зерттеулер Оңтүстік Маңғыстау аумағын қамтыды.

Батыс Қазақстан айма­ғының жер қойнауын ке­шенді түрде саралауға ар­нал­ған республикалық ғы­лыми зерттеулердің қалып­тасуына 1949 жылы ака­де­мик Қ.Сәтбаевтің ұйым­дас­тыруымен Гурьев қаласында өткізілген ҚазКСР Ғылым Академиясының көшпелі сессиясы үлкен рөл атқарды. Сол кісінің басшылығымен өткен, мұнай геологиясының, оны өндірудің, бұрғылау техникасы мен технологиясының көрнекті ғалымдары мен мамандары қатысқан бұл сессияда көмірсутектерді іздеу мен барлаудың, өндіру мен тасымалдаудың, мұнай химиясының көкейтесті проблемалары талқыланды. Ба­тыс Қазақстанда мұнай-газ саласын дамытудың негізгі бағыттары белгіленді. Сол сияқты, 1959 жылы Гурьев қаласында өткізілген мұнай мен газға деген іздеу, барлау және игеру жұмыстарының тиімділігі проблемасына арналған Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конферен­ция да маңызды рөлді иеленді. Академиктер Қ.И.Сәтпаев пен А.Л.Яншиннің мұнай іздеу жұмыстарының ауқымын көне Ембіден тысқары аймақтарға шығу және бұрын ашылмаған тереңдіктерді зерттеу арқылы арттыру иде-ясы көп кешікпей-ақ ғалымдар тарапынан негізделді және өмірге енгізілді

1956 жылы Қазақ КСР Геология министрлігі құрылды, бұл республиканың минералдық шикізат ресурстарын, оның ішінде көмірсутек шикізатын одан әрі өркендетуге бағыт­талған геологиялық барлау жұмыстарының бүкіл кешенін бір орталықтан жоспарлауға және бағдарлы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

1958 жылдың аяғында Гурьев қаласында ҚазКСР-дың Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі Батыс Қазақстан геологиялық басқармасын құрды, оның қарамағына осы аймақтағы бүкіл мұнай іздейтін бұрғылау мекемелері де топтастырылды.

1959-60 жылдары Кеңқияқтан (Ақтөбе облысы) және Прорвадан мұнайдың ірі жатындары табылды. Прорвадағы алғашқы терең ұңғыма 1960 жылдың 11 тамызында мұнай мен газдың қуатты бұрқағын берді. Орал-Ембі аралығындағы геологиялық барлау жұмыстарын күшейту нәтижесінде Мартыши (1962), Оңтүстік-Батыс Қамысты, (1962), Жаңаталап (1964), Гран және Октябрь (1969) сияқты жаңа кенорындар ашылды.

Мұндай мамандарды дайындауда И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институты, Қазақ Мемлекеттік университеті, Қазақ политехникалық институты, сол сияқты Саратов университетінің, Баку, Грозный, Пермь, Уфа, Ташкент, Иваново-Франковск т.б. институттарының геологиялық барлау факультеттері үлкен рөл атқарды.

50-ші жылдардың аяғы және 60-шы жылдардың бас шені мұнай іздеу жұмыстары ауқымына жаңа аймақтардың, бірінші кезекте Оңтүстік Маңғыстау ауданының тартылуымен сипатталады. Бұл аудандадағы мұнай және газ кенорындарын барынша дәлірек барлау мақсатында 1957 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестінің құрамында «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылды, ол 1959 жылы Қазақ КСР Геология ми­нистрлігінің Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының құрамына өтті.

(Жалғасы бар)

 

Сұхбаттасқан

Көпен ӘМІРБЕК