Жомарт Ертаев пен Бақыт Ибрагимнің қандай байланысы бар
2018 ж. 29 мамыр
6836
0
«Qazaq Banki» АҚ акционері Бақыт Ибрагим және «RBK» Банкі»АҚ басқарма төрағасының бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаев бір іс бойынша күдікті болып отыр. Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі «Банк RBK» АҚ-ның аса ірі көлемде қаржысын жымқырды деген күдікпен басқарманың бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаев пен «Qazaq Banki» АҚ акционері Бақыт Ибрагимді кінәлі деп тапты. Қазіргі таңда аталған іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,-деп хабарлады ведомства.
«Алдын ала тергеу барысында Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігі, 2-бөлімі (ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық әрекеттерін жүргізу үшін жеткілікті дәлел жиналды, - делінген хабарламада.
«Ертаев пен Ибрагим шетелде тергеу органдарынан жасырынып жүргендіктен, оларға халықаралық іздеу жарияланды. Ибрагим 23 сәуірде Германиядағы Франкфурт Майнда, Ертаев 8 мамырда Мәскеуде ұсталды. Бас прокуратура Ресей мен Германияның құзыретті органдарына оларды Қазақстан Республикасына экстрадициялау туралы өтініштер жіберді», - деп атап өтті агенттік өкілі. Осы тұста Жомарт Ертаевтың Ресейдің азаматтығын сұрағанын естеріңізге саламыз.
ҚР қылмыстық кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес тергеуге қатысты басқа ақпараттар әзірге құпия болып отыр.
Естеріңізге саламыз, осыған дейін президент Назарбаев елдегі Эксимбанк, Qazaqbank және Астана Банктың жағдайы жөнінде: «Банк менеджерлері басқару жұмыстарын дұрыс жүргізбей, әбден қарызға батқан», — деген болатын. Qazaqbank-тың жұмысының әлсіреуін банк өкілдері 2013-2016 жылдардағы «сапасыз несиелермен» байланыстырады. Ол кезде банкті Жомарт Ертаев пен Ибрагим Бақыт басқарған еді.